Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны өтіп жатыр. 16 наурызда басталған бұл шара 30 маусымда аяқталады. Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша бұл жолы 18-28 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азамат әскер қатарын толықтырады. Олардың 11 мыңға жуығы Қазақстан қарулы күштеріне, 7 мыңға жуығы ІІМ Ұлттық ұланына, 2 мыңдайы ҰҚК шекара қызметіне, 400-дейі Төтенше жағдай министрлігіне, 300-дейі ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне қабылданады. Қазірдің өзінде әскерге шақырылушылардың алғашқы легі Шекара қызметі бөлімшелеріне жөнелтілді.
«Мерзімді əскери қызметтен өткен азаматтар əскери-оқытылған резервтің негізін қалайды. Бұл резерв ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда елімізді қорғауға шұғыл тартылады. Сол себепті азаматтарды мерзімді əскери қызметке шақыру мемлекеттің басты міндетінің бірі болып қала береді», – дейді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Қаныш Əубəкіров. Былтыр көктемгі əскери шақыру науқаны 1 наурызда басталып, маусым айының соңына дейін жалғасқан болатын. Ол кезде 20 мыңнан астам азамат шақырылған еді. Ал күзгі науқанда 21 968 азамат шақырылып, мерзімді əскери қызметке тартылғандардың жалпы саны 42098 адамды құраған. «Əскери қызмет жəне əскери қызметшілердің мəртебесі туралы» заң бойынша сарбаздар тамақпен, заттай мүлікпен (киім-кешек, жабдықтар), жеке гигиена құралдарымен; медициналық қызметпен; ай сайынғы қаржылық үлеспен; хат-хабар жіберуге арналған өтемақымен қамтамасыз етіледі. Оларға заң жүзінде бекітілген мынандай жеңілдіктер бар. Бірінші, мерзімді əскери қызметтегі əскери қызметшілерге қызмет мерзімі кезінде жəне ол аяқталғаннан кейін 60 күнге дейін банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша кредиттік демалыстар беріледі. Екінші, Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында тегін грантпен оқу мүмкіндігі немесе ҰБТ тапсырмай ақылы негізде оқу мүмкіндігі ұсынылады. Үшінші, əскери-есептік мамандықтар бойынша дайындықтан өткеннен кейін оқу орталықтарында мемлекеттік үлгідегі куəліктер беріледі. Бұл арқылы Қазақстанның нақты экономика саласында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын игеруге болады. Мерзімді əскери қызмет – əрбір азамат үшін азаматтық борыш. Бұл тек əскерде ғана қалыптасатын бірқатар ерекше артықшылық береді. Атап айтқанда, əскерде қалыптасатын достық – азаматтық өмірде де құнды ресурс. Бұл жай ғана достық емес, ұзақ жылға сақталатын шынайы көмек пен қолдау. Əскери тəртіп тұлғаның дамуына əсер етеді, азаматтық өмірге бейімделуіне көмектеседі, əрі өзіне сенімді болуға мүмкіндік береді. Тұрақты спортпен шұғылдану тек денсаулықты нығайтып қоймай, азаматтық өмірде салауатты өмір салтын сақтауға көмектесетін маңызды дағдыларды қалыптастырады. Бейімделу жəне күйзеліске төзімділік қасиеті тек жеке өмірде ғана емес, кəсіби қызметте де пайдалы. Сондай-ақ, азаматтық өмірге бейімделудің жəне кез келген өмірлік қиындықты жеңудің негізі. Бұдан бөлек ол Қарулы күштермен 3 жыл, 5 жыл, 10 жыл немесе əскери қызметте болу шегіне дейін келісімшарт жасау мүмкіндігін береді.
Е.КЕБЕКБАЙ, «Заң газеті»


