«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі — ҚДБ, Банк) тұрақты және «жасыл» жобалар бойынша жалпы сомасы 2 млрд АҚШ долларынан асатын бірқатар келісімге қол қойды. Жеті келісімнің алтауы Өңірлік экологиялық саммит аясында жасалды.
Стратегиялық уағдаластықтарды бекіткен Банк елдің экологиялық күн тәртібін іске асыруға нақты үлес қосып отырғанын көрсетті. Қол қойылған құжаттар жаңартылатын энергия көздері мен өнеркәсіп экологиясы салаларындағы ірі бастамаларды тікелей қаржыландыруды да, жетекші халықаралық қаржы ұйымдарымен стратегиялық әріптестікті де қамтиды.
– Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит мемлекет, бизнес және халықаралық институттардың күш-жігерін тоғыстырған аса маңызды алаңға айналды. Қол қойылған келісімдер жаңа жұмыс орындарын ашатын, салық түсімін көбейтетін, экспорттық табыс әкелетін нақты жобалар. ҚДБ тарапынан бөлінетін қаржы Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жету мақсатына қызмет етеді. Біз елдің энергетикасы мен өнеркәсібін терең жаңғырту үшін жаһандық капитал мен озық технологияларды тартып отырмыз, – деп атап өтті ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елібаев.
Банк Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасын салу жобасы бойынша «Актас Энерджи (Total)» ЖШС-мен 930,6 млн АҚШ долларына жалпы шарттар туралы келісімге қол қойды. Жоба Proparco, DEG, EBRD, Société Générale, QNB, SCB, CCB және өзге де жетекші институттар қатысатын халықаралық кредиторлар синдикатының қолдауымен жүзеге асады.
Өңірлік экологиялық саммит алаңында Қызылорда облысында қуаты 70 МВт күн электр стансасын салу жобасы бойынша «Vigor Holding» ЖШС-мен шамамен 74,9 млн қытай юані көлемінде қарыз шартына қол қойылды.
Жамбыл облысында Меркі ГЭС-5, 6, 7 каскадын салуға 10,568 млрд теңге сомасына кредиттік желі ашу туралы келісім жасалды.
«Qazaq Kalium LTD» компаниясымен Банк Батыс Қазақстан облысында жылына 1,5 млн тоннаға дейін өнім өндіретін елдегі бірегей әрі ең ірі калий тыңайтқышы өндірісін құру жобасы бойынша 650 млн АҚШ долларына қаржыландырудың индикативтік шарттары туралы келісімге қол қойды.
Өнеркәсіпті жаңғыртудағы маңызды қадамның бірі – «Qarmet» АҚ-ны қаржыландырудың басталуы. Осы мақсатта 256,56 млн АҚШ доллары сомасына кредиттік желі ашу туралы келісім жасалды. Қаражат Қарағанды облысындағы өндірістік қуаттарды кешенді газдандыруға бағытталады. Бұл кәсіпорынның таза отынға кең көлемде көшуіне және өңірдегі экологиялық ахуалдың жақсаруына жол ашады.
ҚДБ энергетикалық өтпелі кезең аясында халықаралық институттармен байланысын да нығайтып келеді. Атап айтқанда, Француз даму агенттігімен (AFD Group) агроөнеркәсіп кешеніндегі жаңартылатын энергия көздері мен энергия тиімділігі саласындағы ынтымақтастық жөнінде көлемі 150 млн еуроға дейінгі келісім жасалды.
Сонымен қатар Банк тікелей қол жеткізу ұйымы ретінде Жасыл климат қорымен Readiness бағдарламасы аясындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Қол қойылған келісімдердің жүзеге асуы Қазақстанның Орталық Азиядағы «жасыл» жаңғырудың басты қозғаушы күші ретіндегі орнын нығайта түседі. Тартылған инвестиция көлемі мен жетекші халықаралық қаржы ұйымдарымен ықпалдастықтың кеңеюі ҚДБ-ның сенімді қаржы операторы ретіндегі беделін айқындайды. Мұндай экологиялық бастамалар технологиялық ілгерілеу мен келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік қатар өрілетін жаңа экономиканың берік негізіне айналуға тиіс.
Анықтама
«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ-ның еншілес ұйымы) – Қазақстан аумағында ауқымды инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік нысандарды қаржыландыру және дамытуға маманданған ұлттық даму институты.
«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ PR қызметі:
Телефон: 8 (7172) 79 26 08 Сайт: www.kdb.kz
E-mail: pressa@kdb.kz


