Соңғы жылдары Қазақстан Республикасында сот қызметтерінің сапасын жақсартуға және азаматтардың қолжетімділігін жеңілдетуге бағытталған сот қызметінің жаңа стандарттары белсенді түрде енгізілуде. Бұл өзгерістер сот жүйесіндегі ыңғайлылықтың, ашықтықтың және тиімділіктің маңыздылығын көрсетеді.
Сот азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың негізгі кепілі болып табылады. Қоғам сот жүйесінің қызметі туралы толық, объективті және бейтарап есеп беруге мүдделі. Осы мақсатта сот жүйесінің ашықтығын арттырып қана қоймай, сонымен қатар сот қызметі туралы ақпаратқа қоғамның кеңірек қол жеткізуін қамтамасыз етуі қажет.
Сот процестерін цифрландырудың негізгі бағыттарына: біріншіден, электрондық сот ісін жүргізу жатады, оны енгізу сот ісін жүргізуге қатысушыларға талап арыздары мен өтініштерді электронды түрде беруге мүмкіндік береді. Бұл істерді жүргізу уақытын қысқартады, елдің кез келген жерінен сот жүйесіне қолжетімділікті қамтамасыз етеді және қылмыстық істерге онлайн қолжетімділік арқылы қылмыстық іс жүргізудің ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл ақша мен уақытты үнемдейді, материалдарды жоғалтуды және бұрмалауды болдырмайды, сондай-ақ жүйелік ведомстволық бақылау мен прокурорлық қадағалауды күшейтуге көмектеседі.
Екіншіден, онлайн тыңдауларды атап өтсек болады. Шет елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстанның сот жүйесінеде виртуалды платформалар енгізілді. Айта кету керек, бұл инновация іс жүзінде өзінің тиімділігін дәлелдеді, себебі ол сот істерін сот залынан тыс жерде қарауға мүмкіндік береді, бұл қатысушылар үшін белгілі бір ыңғайлылықтарды жасайды. Қазіргі уақытта ең танымал цифрлық платформалардың бірі — «TrueConf» бағдарламасы және барлық азаматтық ұялы телефонында бар «WhatsApp» бағрламасы, олар процеске қатысушыларға сот ғимаратына бармай-ақ нақты уақыт режиміндегі бейнеконференция арқылы сотпен үздіксіз байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Сот тыңдауларында бейне-конференцияны пайдалану қатысушыларға, соның ішінде судьяларға, адвокаттарға және сот ісін жүргізушілерге қашықтықтан қатысуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе шалғай аймақтардан келген қатысушылар үшін маңызды. Одан бөлек сот жүйесінде сот ісі барысында дыбыс-бейне жазба жасалып, сақталады, яғни талаптардың өтініші бойынша кез-келген уақытта алуға мүмкіндік береді.
Үшінші бағыт, электронды дәлелдемелер, оларды жинау, сақтау және ұсыну цифрлық форматта істі қарау процесін жеңілдетеді және оның тұтастығын бұрмалаудан қорғалуын қамтамасыз етеді.
Төртіншіден, автоматтандыру және жасанды интеллект, бұл істерді қарау процесін жеделдетуге, судьялардың жұмыс жүктемесін азайтуға және сот шешімдерінің дәлдігі мен объективтілігін арттыруға көмектеседі.
Сот процестерін цифрландырудың артықшылықтары:
— ыңғайлылық пен қолжетімділік: жеке және заңды тұлғалар сот жүйесімен үйінде немесе кеңсесінде отырып өзара әрекеттесе алады, бұл уақыт пен ресурстарды үнемдейді;
— ашықтық пен бақылау: сот процесінің барлық кезеңдері электрондық жүйеде тіркеледі, бұл ашықтықты қамтамасыз етеді және әрбір кезеңде процесті бақылауға мүмкіндік береді;
— сыбайлас жемқорлықты азайту: автоматтандыру және цифрландыру жеке байланыстар санын азайту және процедуралық емес байланыстарды азайту арқылы сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің мүмкіндігін азайтады;
— уақыт пен ресурстарды үнемдеу: істерді жедел қарау, қағаз құжаттаманы қажетсіз ету және әкімшілік шығындарды азайту.
Сот процестерін цифрландыру да бірқатар қиындықтарға тап болады. Олардың қатарында киберқауіпсіздік бар, себебі деректерді қорғауды қамтамасыз ету және кибершабуылдардың алдын алу жүйеге сенімді сақтаудың маңызды аспектілері болып табылады. Бұған цифрлық теңсіздік те кіреді: барлық азаматтар қажетті технологиялар мен ғаламторға қол жеткізе алмайды, бұл олардың электрондық сот процестеріне қатысу мүмкіндігін шектеуі мүмкін. Сондай-ақ, судьялардың, адвокаттардың және құқықтық процестің басқа да қатысушыларының цифрлық технологияларды тиімді пайдалану үшін уақтылы оқыту мен бейімделуді қажет ететінін атап өту маңызды.
Қорытындылай келе, сот жүйесі қазіргі цифрландырудың барлық мүмкіндіктерін молынан пайдалану үстінде, алайда кең байтақ еліміздің барлық өңіріндегі азамттардың қажетті технологияларының бар болғанымен, сапасы жақсы ғаламторға қол жеткізе алмауы, сот процестерін толығымен цифрландыруға мүмкіндік бермейді.
Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ақпараттық технологиялар бөлімінің бас маманы Н.Н.Нұрберген


