Әкімшілік сот төрелігінің принциптері

Қазақстандық сот жүйесінің заңдылық нормаларына сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған ережелер мен принциптер Конституциямен нақтыланған.  Осыған орай,  мақалада әкімшілік сот төрелігі кезінде қолданылуы тиіс жалпы принциптерге басымдық беріледі.

Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің екінші тарауында қамтылған қағидаттардың негізінде жүзеге асырылады. Осы тарауда белгіленген қағидаттарды бұзу әкімшілік актілер мен әкімшілік әрекет пен әрекетсіздікті заңсыз деп тануға, сондай-ақ, шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.

Заңдылық қағидаты Конституция мен конституциялық заңдарға, ӘРПК-ға, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ, қолдануға болатын халықаралық шарттардың талаптарына негізделген. Яғни, соттар әкімшілік істерді қарап, шешуде аталған құжаттар талаптарын сақтауға міндетті.  Әділдік қағидатына сәйкес, әкімшілік орган, лауазымды адам, сот болсын әкімшілік істі қарауда нақтылық пен бейтараптықты сақтап, іске қатысушыларға, яғни, олардың әрқайсына істің мән-жайын жан-жақты әрі толық зерттеуге теңдей мүмкіндік береді. Заңда немесе екі жақтың келісімінде тиісті мәселенің сотпен шешілетіні көзделсе, сот оларды шешуде әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын негізге алады. 

Тоғызыншы баппен айқындалғандай, әркім өзінің бұзылған немесе дау айтылатын құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғауда ӘРПК-да белгіленген тәртіпте әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгіне алады. Заңмен өзгеше көзделмеген жағдайда жолданым сотқа дауды реттеудің сотқа дейінгі тәртібі сақталғаннан кейін беріледі. Мөлшерлестік қағидаты әкімшілік орган мен лауазымды адамның әкімшілік қалауды жүзеге асыруында әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүддесінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Осы ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет пен әрекетсіздік мөлшерлес болуы тиіс.

 Әкімшілік орган мен лауазымды адам жүзеге асыратын әкімшілік қалау ел заңнамасында белгіленген шектен аспауы керек. Еліміздің әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасында кездесесін барлық күмән-қайшылықтар, көмескіліктер әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндіріледі.    Он үшінші баппен нақтыланғандай, әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органдар мен лауазымды адамдардың қызметіне деген сенімі ел заңдарымен қорғалады. 

   Формальды талаптарды теріс пайдалануға ӘРПК  мен тыйым салынған. Мәселен, әкімшілік орган қызметкерлері немесе  лауазымды адам әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартпауы тиіс. Яғни, рәсімге қатысушы құқығын шектеуге, оған қандай да бір міндет жүктеуге тыйым салынады.

 Анықтық презумпциясына қатысты айтсақ, әкімшілік рәсімге қатысушы ұсынған материалдар мен құжаттардың, мәліметтердің, объектілердің әкімшілік органдар, лауазымды адамдар тарапынан дұрыс еместігі нақты белгіленбейінше анық деп есептеледі. Олардың төлнұсқа екеніне күмән туған жағдайда тексеру, яғни, анықтау міндеті әкімшілік органдар мен лауазымды адамдарға жүктелген.

Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік актілердің біркелкілігі (15-1 бап) нормасының қолданысқа енгеніне бір жарым жылдан асты.  Мысалы, әкімшілік органдардың әкімшілік рәсімдердің біркелкілігін қалыптастыру жөніндегі тәртібін ел Үкіметі белгілейді.  

Әкімшілік сот төрелігі принциптерінің ішінде соттың белсенді рөлін ерекше атауға болады. Өйткені, әкімшілік сот ісі соттың белсенді рөлінің негізінде жүргізіледі. ӘРПК-нің он алтыншы бабымен бекітілген қағидат судьяға тараптар ұсынған дәлелдермен ғана шектелмей, істің мән-жайын анықтау үшін қосымша дәлелдемелерді өз бастамасымен талап ету, сондай-ақ, әкімшілік істің нақты немесе заңды тұстарында өзінің алдын ала құқықтық пікірін айту мүмкіндігін берді. 

Сот барлық дәлелдер мен дәлелдемелерді, әкімшілік істің өзге де материалдарын, мән-жайларды толық зерттейді. Соттың белсенді рөлі қағидаты өз кезегінде әкімшілік істің әділ шешілуін толықтай қамтамасыз етеді.

Заңдылық, әділдік, тараптардың теңдігі, құқықтар басымдығы, соттың белсенді рөлі сынды қағидаттар мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы дауларда тараптар теңдігі мен сот процесінің ашықтығын қамтуымен,  мемлекеттік аппараттың заңсыз әрекеттерінің жойылуына ықпал етуімен құнды. 

Әкімшілік сот төрелігінде қолданылатын принциптер әкімшілік әділеттің мемлекеттік биліктің өз өкілеттіктерін асыра пайдалануына жол бермеу мақсатында қолданылып, құқықтық мемлекет қағидаларын бекітеді. 

Бахыт Сатиева,

Алматы қаласы мамандандырылған

ауданаралық әкімшілік сотының судьясы

Сот мекемелерінде мемлекеттік тілдің қолданылуы – уақыт талабы

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері мемлекеттік тілдің қолданыс...

ҚАЖ қызметкерлері спорттық тимбилдинг өткізді

Абай облысында қауіпсіздігі ең төмен мекемесінің қызметкерлері жеке құрам...

Сотрудники УИС провели спортивный тимбилдинг

В области Абай сотрудники учреждения минимальной безопасности провели среди...

Мемлекеттік қызметшілердің сот жүйесіндегі рөлі

Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған жаңа тұжырым­дамасы адамға...