Қазіргі қоғамда сот билігіне деген сенім – құқықтық мемлекеттің негізгі тіректерінің бірі. Бұл сенім ең алдымен судьяның кәсіби бейнесіне, оның мінез-құлқына, әділдігіне және адамгершілік қасиеттеріне байланысты қалыптасады. Сондықтан судья қызметінде тек заңды білу жеткіліксіз, сонымен қатар жоғары моральдық талаптарды сақтау аса маңызды.
Судьяның кәсіби бейнесі – оның құқықтық білімінің, тәжірибесінің, сондай-ақ жеке тұлғалық қасиеттерінің жиынтығы. Бұл бейне қоғам алдында әділдік пен адалдықтың символы болуы тиіс. Судья әрбір шешім қабылдағанда тек заң талаптарын ғана емес, ар-ождан, әділеттілік қағидаларын да басшылыққа алуы қажет. Себебі сот шешімі адамдардың тағдырына тікелей әсер етеді.
Моральдық талаптардың ішінде ең бастысы – адалдық. Судья қандай жағдай болмасын парасаттылық танытып, жеке мүддесін қоғамдық мүддеден жоғары қоймауы керек. Парақорлыққа, таныстыққа немесе қандай да бір қысымға жол беру судьяның кәсіби беделіне ғана емес, бүкіл сот жүйесіне нұқсан келтіреді.
Екінші маңызды талап – бейтараптық. Судья қаралатын істің барлық тараптарына тең қарап, ешқайсысына артықшылық бермеуі тиіс. Ол жеке көзқарасы мен эмоциясын шетке ысырып, тек нақты дәлелдер мен заң нормаларына сүйене отырып шешім қабылдауы қажет. Бейтараптық – әділ сот төрелігінің негізі.
Үшіншіден, судьяның жауапкершілігі жоғары болуы тиіс. Әрбір іс – үлкен жауапкершілік жүктейді. Қателік жіберу тек бір адамның емес, тұтас қоғамның сот жүйесіне деген сенімін төмендетуі мүмкін. Сондықтан судья үнемі өз білімін жетілдіріп, кәсіби деңгейін арттырып отыруы қажет.
Сонымен қатар, судьяның мінез-құлқы мен сөйлеу мәдениеті де маңызды рөл атқарады. Сот процесінде сабырлылық танытып, тараптармен сыпайы әрі құрметпен сөйлесу – оның кәсіби мәдениетінің көрсеткіші. Судьяның әрбір әрекеті мен сөзі қоғам тарапынан бағаланып отырады.
Қорыта айтқанда, судьяның кәсіби бейнесін қалыптастыруда моральдық талаптардың маңызы зор. Адалдық, бейтараптық, жауапкершілік және жоғары мәдениет – бұл судья қызметінің ажырамас бөлігі. Осы талаптарды сақтау арқылы ғана сот жүйесіне деген сенімді нығайтып, әділ қоғам құруға болады.
Бағдат Төребекұлы,
Тараз қаласы №2 сотының судьясы


