Құрметті әріптестер, құрметті мемлекеттік тіл бойынша жауапты мамандар!
Бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты – сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейін арттыру, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды саралау және алдағы міндеттерді айқындау болып табылады.
Мемлекеттік тіл – тәуелсіз мемлекетіміздің негізгі рәміздерінің бірі және құқықтық кеңістікте оның толыққанды қолданылуы – заң талаптарынан туындайтын міндет. Сот жүйесі мемлекеттік биліктің маңызды тармағы ретінде мемлекеттік тілдің дамуына және оның күнделікті қолданысына үлгі болуға тиіс.
Сот әкімшілігі тарапынан мемлекеттік тілдің сот ісін жүргізу барысында қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, сот құжат айналымын кезең-кезеңімен мемлекеттік тілге көшіру, сот актілерінің қазақ тілінде сапалы дайындалуын бақылау және қызметкерлердің тілдік сауаттылығын арттыру бағытында тұрақты жұмыстар атқарылуда.
Бұл бағытта сіздердің, яғни мемлекеттік тіл бойынша мамандардың рөлі ерекше. Сіздер тек аударма жасаумен ғана шектелмей, сот құжаттарының тілдік сапасына, құқықтық терминдердің дұрыс қолданылуына және мемлекеттік тіл нормаларының сақталуына жауапты негізгі буын болып табыласыздар.
Қазіргі уақытта соттарға түсетін талап арыздар мен басқа да процессуалдық құжаттардың едәуір бөлігі әлі де орыс тілінде келіп түсетіні белгілі. Осыған байланысты мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту тек сот қызметкерлерінің ғана емес, сонымен қатар азаматтармен және заң өкілдерімен жүргізілетін түсіндіру жұмыстарына да байланысты.
Сот әкімшілігі алдағы кезеңде мемлекеттік тілдің қолданылуын одан әрі арттыру мақсатында келесі бағыттарға ерекше назар аударуды жоспарлап отыр:
– сот актілерінің мемлекеттік тілдегі үлесін көбейту;
– құжаттардың тілдік сапасына тұрақты мониторинг жүргізу;
– мемлекеттік тілде дайындалатын үлгілік құжаттардың бірыңғай базасын қалыптастыру;
– жаңа қызметкерлерді қабылдау кезінде олардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін міндетті талаптардың бірі ретінде қарастыру.
Сонымен қатар, мемлекеттік тіл мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру, құқықтық терминологияны біріздендіру және аударма сапасын жақсарту мақсатында оқыту семинарлары мен тәжірибе алмасу іс-шараларын тұрақты өткізу жоспарлануда.
Мемлекеттік тілдің сот жүйесінде кеңінен қолданылуы – тек формальды көрсеткіш емес, бұл азаматтардың сотқа деген сенімін арттыратын маңызды фактор. Азамат өз ісінің мемлекеттік тілде қаралғанын көргенде, ол соттың ашықтығына және әділдігіне деген сенімі нығая түседі.
Сіздердің күнделікті атқарып отырған жұмыстарыңыз осы мақсатқа тікелей ықпал етеді. Сондықтан мемлекеттік тіл мамандарының еңбегі сот жүйесінің жалпы беделі мен жұмыс сапасына әсер ететін маңызды қызметтердің бірі деп бағаланады.
Қорытындылай келе, мемлекеттік тілдің сот жүйесінде толыққанды қолданылуы – ортақ міндетіміз. Бұл бағытта сот әкімшілігі тарапынан барлық қажетті ұйымдастырушылық және әдістемелік қолдау көрсетілетін болады. Сіздерді өз қызметтеріңізде белсенділік танытып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға үлес қосуға шақырамын.
А.Каримолдаева, Сот әкімшісінің басшысы


