Алматыда Мадина Ералиеваны еске алу кеші өтті

Алматыдағы Республика сарайында «Сағындым сағым жылдар!» деген леп атпен  ҚР Еңбек сіңірген артисі Мадина Ералиеваны еске алу кеші өтті. Биыл қараша айында өмірден өткеніне 26 жыл толатын өнер иесі 1954 жылы 2 тамызда  Қызылорда облысының Қазалы ауданында өмірге келген болатын. Мадина Есмалайқызының өнердегі жолы қысқа болса да, артында өшпес із қалдырды. Оның орындауындағы әндер әлі күнге дейін тыңдарманды тебірентіп, өткен күндердің елесін еске түсіреді. Әрбір орындаған әні жан дүниенің тереңінен шыққан шынайы сезімге толы болатын. Дауысында мұң мен мейірім, сағыныш пен үміт қатар өріліп жататын. Сондықтан да оның әндері халықтың жүрегінен орын алды. Әсіресе, лирикалық әндерді орындаудағы шеберлігі оны өзгелерден даралап тұрды.

Ол қазақтың ән өнерінде өзіндік үнімен, сыршыл да нәзік орындауымен ерекшеленген жандардың бірі болды. «Мадина Ералиева тек әнші ғана емес, тыңдарман жүрегіне жол таба білген ерекше тұлға еді. Қарапайымдылығы мен адамгершілігі де оны ерекше құрметке лайық етті», – дейді  замандастары.

Әйгілі өнер иесінің Алматыдағы бұл кешін ұйымдастыруға «Байтақ» жасылдар партиясы мұрындық болып отыр. Партия төрағасының орынбасары Жұмабек Бастаубаевтың айтуынша, бұл – тек бір реттік концерт қана емес, қазақ өнерінің мәңгілік мұрасына тағзым ететін, ұлт рухын жаңғыртатын маңызды мәдени оқиға болмақ. Ол тек өткенді еске алу емес, сонымен қатар Мадинаның өнерін жаңа ұрпаққа насихаттау, оның рухани мұрасын сақтау бағытындағы маңызды қадам. Кеш аясында Мадина Ералиеваның шығармашылық жолын кеңінен таныту мақсатында арнайы фильм көрсетілді. Онда әншінің өнер жолына қатысты деректер, сахналық бейнелері, сирек фотосуреттері мен шығармашылық мұрасына қатысты құнды материалдар ұсынылды.  Осылайша, еске алу кеші қазақ музыка өнеріндегі жарқын жұлдыздың рухына деген құрметтің, халық жадындағы мәңгілік ілтипаттың көрінісіне айналды.

Бұл кешке ҚР Премьер-Министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аиида Балаева арнайы құттықтау хатын жолдады. Ал «Сазген сазы», «Адырна», «Мәр-Мәр» ансамблдері мен «Алтынай» мемлекеттік би ансамблі және Майра Ілиясова, Ұлжан Айнақұлова, Айгүл Қосанова, Жеңіс Ысқақова, Жұбаныш Жексен, Мақсат Базарбай, Елена Әбдіхалықова, Мадина Садуақасова, Мирас пен Құралай, Өмірқұл Айниязов, Нұржан Жанпейісов, Серік Ибрагимов Динара Кемелхан, Хайрол Мархаба, Кенжекей Ақжолова, Алишер Каримов,  «Жігіттер» квартеті мен  Kesh Yow тобы әннен шашу шашты.

 «Мен үшін Мадина Ералиева – ең алдымен ана. Бірақ халық оны қазақ өнерінің жарық жұлдызы, сахна саңлағы ретінде таниды. Ал мен үшін ол – мейірімі мол, талғамы биік, жүрегі таза жан еді. Анамның бойындағы ең ерекше қасиеттерінің бірі – тазалық пен ұқыптылық болатын. Ол әрқашан айналасының жинақы болғанын қалады. Үйде болсын, сахнада болсын, әр нәрсенің өз орны болуы тиіс деп есептейтін. Бұл оның ішкі мәдениетінің, өмірге деген көзқарасының бір көрінісі еді. Анам өз сахналық киімдеріне де ерекше мән беретін. Көйлектерінің дизайнын өзі ойлап тауып, тігіншілерге нақты нұсқау беріп тіктіретін. Кейде тіпті өзі де тігін ісіне араласып, әрбір бөлшегіне дейін мұқият қарайтын. Сол кездерде оның киім үлгілеріне, сахналық бейнесіне шетелдік сәнгерлер де назар аударды деген әңгімелер айтылатын. Француз дизайнері Пьер Карден оның ұлттық нақыштағы киім үлгілерінен әсер алып, қызығушылық танытқан деген пікірлер де кездеседі. Бірақ мен үшін ең маңыздысы – анамның өз болмысы еді, ол ешкімге ұқсамайтын. Анам сахнада қаншалықты биік болса, өмірде соншалықты қарапайым болатын. Оның дауысы ғана емес, бүкіл болмысы өнерге айналғандай көрінетін. Мен үшін ол – тек атақты әнші емес. Ол – ана, ұстаз, рух, махаббат. Уақыт өтсе де, оның бейнесі жүрегімде мәңгі сақталады. Мен Болат Атабаев пен Мадина Ералива сияқты екі ұлы тұлғаның артында қалған жалғыз тұяғымын», – дейді Әрсен Ералиев.  Ал ҚР Мәдениет қайраткері, «Бозторғай» және «Шаттық» халықаралық конкурстарының директоры, Халықаралық конкурстар мен фестивальдер қауымдастығының мүшесі Қарлығаш Әбдікаримованың сөзіне қарағанда, Мадина Ералиева – уақытқа бағынбайтын өнердің символы. Оның орындауындағы «Есіңе мені алғайсың» әнін тыңдағанда, әрбір сөзі, әрбір әуені жан дүниесімен үндесіп жатқандай әсер қалдырады. Мадинаның дауысында бір тылсым бар сияқты. Ол тек ән айтып қоймай, тыңдарманымен сырласатын еді. Оның әндерін тыңдай отырып, өзіңді түсінгендей, жаныңды біреу жұбатқандай күй кешесің.

«Мадина Ералиеваның есімі аталғанда, көз алдымызға нәзіктік пен шынайылық, мұң мен мейірімге толы бейне келеді. Мадина сахнаға шыққанда, зал іші бір сәтке тына қалатын. Себебі оның даусында жасандылық жоқ еді – әрбір нота, әрбір әуен жүректен шығып, тыңдарман жүрегіне жететін. Ол орындаған әндер тек әуен ғана емес, тұтас бір тағдыр, өмірдің бір үзігі секілді сезілетін. Көпшілік оның әндерін тыңдай отырып, өз өміріндегі қуаныш пен қайғыны, сағыныш пен үмітті еске алатын. Әсіресе, оның лирикалық шығармалары адам жанының ең нәзік қылдарын қозғайтын. Сол себепті де Мадина Ералиева халықтың ерекше сүйіспеншілігіне бөленді»,  –  дейді құрбысы және еске алу кешін ұйымдастырушылардың бірі Кулпараш Алимбетова. Оның сөзіне қарағанда, Мадина Ералиева – болмысы бөлек, жан дүниесі тұнық, ерекше жаратылған жан. Оның бойындағы тазалық пен ұқыптылық бірден көзге түсетін, тіпті айналасына жарық сәуле шашып тұрғандай әсер қалдыратын. Ол тазалықты жай ғана жақсы көрген жоқ, оны өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған адам болатын. Айналасындағы әрбір заттың өз орнында тұрғанын, барлығының үйлесім тауып, рет-ретімен орналасқанын қалайтын. Бұл – сыртқы тәртіп қана емес, оның ішкі әлемінің де айнасы іспетті еді.

           Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ «Заң газеті»

Основы сохранения мира

ГЛАВА ГОСУДАРСТВА С РАБОЧИМ ВИЗИТОМ ПОСЕТИЛ ТУРЦИЮ И ПРИНЯЛ...

Непрофессионализм или системный сбой?

НА ФОНЕ ДОСУЖИХ СПЛЕТЕН И СПОРОВ О ПРИНАДЛЕЖНОСТИ ЖИЛЕТКИ...

Правопорядок как приоритет

В КАЗАХСТАНЕ ЗАФИКСИРОВАНО СНИЖЕНИЕ УРОВНЯ ПРЕСТУПНОСТИ. ПО ДАННЫМ МИНИСТЕРСТВА...

«Заморозка и комиссии»: Bereke Bank прокомментировал жалобы клиентов

В социальных сетях распространяется информация о якобы «обнулении» счетов...

Сотталғандарды еңбекпен қамтуды ұйымдастыру мәселелері бойынша кеңес өтті

Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты орташа қауіпсіздік мекемесінде...