Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібі: сот оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен істерді осы тарауда белгіленген ерекшеліктермен бірге осы Кодекстің 14-тарауының қағидалары бойынша қарайды. Судья оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен істерді талап қою қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде қарайды. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен істерді қарау мерзімі ұзартылуға жатпайды.
Ол дегеніміз – судья талап қоюдың заңды негізін тексере отырып, дәлелдемелерді зерттей келе сот шешімін шығарады. Ол өз кезегінде тараптардың уақыты мен шығындарын үнемдеп, сотқа деген сенімдерін арттырады.
Егер тарап бұл туралы өтінішхат берсе, үшінші тұлғаның іске кіруі туралы өтінішхаты қанағаттандырылса, қарсы талап қою қабылданса, осы іс бойынша қабылданған сот актісімен басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы мүмкін болса, дәлелдемелерді олардың тұрған жерінде қарап тексеру және зерттеу жүргізу, сараптама тағайындау немесе куәның айғақтарын тыңдау қажет болса, қосымша мән-жайларды анықтау немесе қосымша дәлелдемелерді зерттеу қажет болса, істі талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша қарауға көшеді, бұл туралы істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда көрсетеді.
Алайда, істі қарау мерзімі талап қою қабылданған күннен бастап есептеледі, ол екі айдан аспауы тиіс.
Егер талап қою бағасы заңды тұлғалар үшін – екі мың айлық есептік көрсеткіштен, дара кәсіпкерлер, азаматтар үшін бір мың айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ақшаны өндіріп алу туралы талап қоюлар бойынша; талап қою бағасына қарамастан, талап қоюшы ұсынған, жауапкердің ақшалай міндеттемелерін белгілейтін құжаттарға және (немесе) шарт бойынша берешекті растайтын құжаттарға негізделген талап қоюлар бойынша істер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатады.
Бірақ Егер осы көрсетілген мән-жайлар болмаса, талап қою ісін жүргізудің өзге де істері тараптардың өтінішхаты бойынша немесе соттың бастамасы бойынша оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралуы мүмкін.
Алайда, алиментті өндіріп алу туралы дауларды қоспағанда, балалардың құқықтарын қозғайтын даулар бойынша істер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.
Сот тараптарды істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізуде қарау туралы ол қабылданған күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей электрондық пошта мекенжайы немесе ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша, сондай-ақ хабарламаның тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып хабардар етеді.
Хабарламада сот тараптардың татуластыру рәсімдері шеңберінде дауды реттеуге құқығы туралы, сондай-ақ осы Кодекстің 73-бабының бірінші және екінші бөліктеріне сәйкес дәлелдемелерді өзара ашу және ұсыну құқығы туралы көрсетеді.
Істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізуде қараумен келіспеген тараптар – хабарламаны алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде сотқа дауды талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша жалпы тәртіппен қарау туралы өтінішхат, ал жауапкер құжаттар мен дәлелдемелерді қоса бере отырып, талап қоюға пікір (қарсылық) ұсынуға құқылы.
Пікірді, дәлелдемелерді және өзге де құжаттарды ұсыну үшін сот белгілеген мерзімдер өткеннен кейін сот тараптарды шақырмастан, істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен электрондық форматта қарайды.
Сот тараптар ұсынған құжаттарда жазылған түсініктемелерді, қарсылықтарды және (немесе) дәлелдемелерді зерттейді және шешім қабылдайды.
Жауапкер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен шешім шығарған сотқа сот шешімінің көшірмелерін алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы шешімнің күшін жою туралы арыз беруге құқылы. Арыз, егер жауапкер талап қоюдың келіп түскені және оның оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралатыны туралы тиісті түрде хабарландырылмаған және шешімнің мазмұнына әсер ете алатын пікірді, сондай-ақ дәлелдемелерді ұсына алмаған жағдайда беріледі.
Шешімнің күшін жою туралы арызды сот ол сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.
Сонымен қатар, оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен тараптар ұсынған құжаттар бойынша тараптарды шақырмастан, осы Кодекстің 277 және 279-баптарында белгіленген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізу тоқтатылуы, арыз қараусыз қалдырылуы мүмкін.
Жоғарғыдағы жазылғандарды қортындай келе, заң шығарушы тараптардың құқықтарын сот арқылы қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында жан-жақты зеттей отырып, мүмкіндіктерді қарастырып, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне 2021 жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізген. Қазіргі уақытқа дейін тиісті нәтижесін беруде.
Берик Бисенбай ұлы Басырбаев
Орал қаласының №2 сотының судьясы


