Құқықтық мемлекетте сот билігінің беделі мен тиімділігі судьялардың кәсіби біліктілігімен ғана емес, олардың әдеп нормаларын сақтау деңгейімен де тығыз байланысты. Судья – әділдіктің символы, сондықтан оның әрбір әрекеті мен мінез-құлқы қоғам алдында жоғары талаптарға сай болуы тиіс. Осы тұрғыда судьялардың әдеп стандарттары ерекше маңызға ие.
Судья әдебі – бұл судьяның қызметтік және қызметтен тыс уақытта ұстануы тиіс моральдық-этикалық қағидалар жиынтығы. Ол тек заң талаптарын орындаумен шектелмей, әділдік, адалдық, бейтараптық және тәуелсіздік сияқты құндылықтарды қамтиды. Судья әрқашан өз шешімін заңға және ішкі сеніміне сүйене отырып қабылдауы керек.
Бейтараптық – судья әдебінің негізгі қағидаларының бірі. Судья істі қарау барысында ешбір тарапқа артықшылық бермеуі тиіс. Оның шешімі тек дәлелдер мен заң нормаларына негізделуі қажет. Кез келген сыртқы ықпал, қысым немесе жеке мүдде сот төрелігінің әділдігіне нұқсан келтіреді.
Тәуелсіздік те судья қызметінің ажырамас бөлігі болып табылады. Судья өз қызметінде басқа билік тармақтарынан, лауазымды тұлғалардан немесе қоғамдық пікірден тәуелсіз болуы тиіс. Бұл қағида сот әділдігінің кепілі саналады.
Судьяның адалдығы мен парасаттылығы да маңызды. Судья парақорлыққа, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуі керек. Оның өмір салты, қарым-қатынасы қоғамда күмән тудырмайтындай ашық әрі таза болуы қажет. Сонымен қатар, судья өз мінез-құлқымен қоғамға үлгі болуға тиіс.
Судья әдебі тек сот залында ғана емес, күнделікті өмірде де сақталуы керек. Қоғам судьядан жоғары мәдениет пен ұстамдылық күтеді. Оның сөзі, жүріс-тұрысы, тіпті әлеуметтік желідегі белсенділігі де сот беделіне әсер етеді.
Судьялардың әдеп стандарттары – сот билігінің абыройы мен сенімінің негізі. Әдеп қағидаларын қатаң сақтау арқылы ғана судьялар қоғамның сеніміне ие болып, әділ сот төрелігін қамтамасыз ете алады.
Камар Усембаева, Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніңдегі маманданлырылған сотының судьясы


