Тәуелсіздік — құндылығы жоғары қастерлі ұғым. Тәуелсіздік — елдің еркіндігі, тұрақтылықтың кепілі, ұлттар арасындағы келісімнің кеңеюі, халықтың баға жетпес байлығы, бейбіт күн, ашық аспан.
Тәуелсіздік — дамудың даңғыл жолына түскен, бағыты айқын, атағы әлемге танылған байтақ ел, көк туын көкке көтерген тұғыры берік текті елдің жеңісі.
Қорқыт бабамыз: «Өткен күн, кеше – тарих, келер күн, ертең – сыр, бүгінгі күн – сый» деген екен. Халқымыздың өткен күнге өкінішінен гөрі, тәубәсі басым. Себебі біз тәуелсіздік деген тәтті ұғымның тарихта таңбаланған сәтіне куә болған санаулы халықтың біріміз. Бізге бабалар аманат еткен азаттықты көзбен көріп, жүрекпен сезіну бақыты бұйырды. Ал мына дөңгеленген дүниеде жері болса да, жетекте жүрген, тілі болса да тілмашпен сөйлескен елдер қаншама! Оның дәлелі әлемде екі мыңнан аса ұлт пен ұлыс болса, соның арасында өз тәуелсіздігіне қолы жеткені екі жүздейі ғана. Сол тұғырлы мемлекеттер қатарында Қазақстанның да тұрғанын мақтанышпен айтуға тиіспіз.
Әлем картасында Қазақстан деген мемлекеттің пайда болғанына да, әлем халқының қазақ деген халықты танығанына да зымырап отыз бес жыл өтті. Тәуелсіздіктің отыз бесінші белесіне біз шын мәнінде тоқ көңілмен, толағай табыспен жеттік. Бұрын Қазақстан дегенде өзге жұрт Назарбаев пен Байқоңырдың атын қатар айтатын. Ал қазір қазақтың білімді ұландары ғылыми жобаларда, олимпиадаларда қазақтың атын танытып жүр. Әлемдік додаларда, спорттық олимпиадаларда қазақтың туының жығылған, әнұранының шырқалмай қалған кезі жоқ. Осының бәрі кие қонған, бақ дарыған жас мемлекеттегі сарабдал саясат пен рухани үндестіктің, татулық пен тыныштықтың арқасы. Азаттықтың отыз бес жылында жас мемлекет тұғырын нықтады, жігерін жаныды, еңсесін көтерді. Жас мемлекеттің отыз жылда бас мемлекетке, өзгелер санасатын мықты елге айналғанын дәлелдеудің өзі артық. Мемлекеттер арасында келіспеушіліктер, шиеленістер туындағанда Қазақстанның өз алаңын ұсынып, астананың тараптарды татуластыру орталығына айналуының өзі еліміздің асқақ беделінен хабар берсе керек.
Тәуелсіздік біз үшін қасиетті де қымбат сый, мемлекеттің негізгі атрибуты. Ол мемлекеттің орнықтылығының жарқын белгісі, ұлттың мызғымас бейнесі, игілікті өмір кепілі, шынайылық пен діліміздің символы.
Мемлекеттiк тiл — мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылады.
Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолдану сот процесіне қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің құқықтық кепілі болып табылады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабының 1- тармағында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп нақты белгіленген. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі болып табылады.
Аталған Заңда қылмыстық, азаматтық, әкімшілік, әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі істер бойынша сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі деп көрсетілген.
Елімізде мемлекеттік тілдің біреу ғана, яғни қазақ тілі екенін ескере отырып, оған басымдық беруіміз керек.
Жалпы әлемдік құндылықтардың бастауы ұлттық және адами құндылықтар екенін ескерсек, ғаламдық даму үдерісінде сөйлеушілердің саны жағынан әлем тілдері ішіндегі алдыңғы 70 тілдің санатына енетін қазақ тілі мен мәдениетінің орны бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Қазақстанның әр азаматы өзінің өмірдегі мұратына жетуі үшін мемлекеттік тілді білуі керек екеніне, онсыз мансабының өспейтініне, қазақ тілінсіз өз елінің толыққанды азаматы болып саналмайтынына көзі жеткенде ғана серпіліс болады деп есептеймін.
Бұл ретте, айтқым келгені тілдік тәрбие, тілдік насихат жөнінде болып отыр.
Біз Қазақстан атты мемлекетте тұрамыз. Туған жерінің бостандығын, еркіндігін алу үшін ата-бабаларымыз өз өмірлерін тәуекелге тігіп, ұзақ жылдық шыдамдылықтың нәтижесінде еліміз тәуелсіздікке қол жеткізді.
Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңның, «Қазақ ССР-і атауын өзгерту туралы» Заңның қабылдануы тәуелсіз мемлекеттің тарихи даму жолындағы алғашқы қадамдар еді. Осы құқықтық актілерде алғаш рет республиканың дербестігі, мемлекеттің аумақтық тұтастығы, мемлекеттік органдар мен Қарулы Күштердің дербес жүйесі бекітілді.
1991 жылы 16 желтоқсанда еліміз өзінің тәуелсіздігін жариялады. Сол уақытта көптеген әлем мемлекеттері еліміздің тәуелсіздігін мойындады және оған қолдау білдірді. Осы 35 жыл аралығында Қазақстан тәуелсіздіктің арқасында экономикалық, саяси, мәдени тұрғыдан бүкіл әлемге танылды. Дүниежүзіндегі дамыған үлкен мемлекеттермен терезесі тең ел ретінде жоғары деңгейдегі халықаралық байланыстар орнатты, әлемдік аренада өз орнын ойып тұрып алды.
1991 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіз Қазақстан, Егеменді ел болып, ел тарихына аты алтын әріппен жазылған күн. Мәңгілік мұра болып қалыптасқан жыл.
Өзге салалармен бірге тәуелсіздік сот саласының да бұғанасының қатып, белінің қатаюына ықпалын тигізді. Мемлекет тарапынан сот саласын дамытуға жасалған қолдау, қамқорлық аз емес. Өйткені елдегі қауіпсіздік, әділдік, туралық ұғымының бәрі сот жұмысының сапасымен өзектес. Азаматтардың сотқа деген сенімінің өзі мемлекеттік билікке деген сенімнің бастауы. Соттың абыройын мемлекетің абыройынан бөліп қарамайтынымыз да сондықтан. Абырой мен сенім мысқалдап жиналады. Ал осы соттың нығаюына 2000 жылғы 25 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының ықпалы зор. Бұл заң құқықтық, тәуелсіз мемлекеттегі сот билігі мен судьялардың мәртебесін бекітіп, жауаптылығын арттырудың іргетасын қалады.
Мен — Тәуелсіз Қазақстанның Ата Заңын басшылыққа алып, қызмет ететін заңгермін. Еркіндік алған еліммен бірге еңбек етіп, өсіп, жетілгенімді мақтан етемін. Әділеттің ақ туын берік ұстап, ұлы халықты төрелігімен тәнті еткен, көрегендігімен көсем болған, зерделілігімен шешен болған, жазықтыны жазалаған, жазықсызды арашалаған, дала Заңгерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің жолын қуып Егеменді еліміздің төрелік айтар әділ судьясы, білгір заңгері болу бақыты мен үшін үлкен жауапкершілік, биік мәртебе. Елдің ең басты байлығы адам десек, адам тағдыры үшін еткен еңбегім менің де еліме, ел Тәуелсіздігіне қосқан үлесім.
Тәуелсіздік түлеткен сот құрылымындағы ізденістер бір сәт те тоқтап қалған емес. Егемендік есейткен саладағы оң өзгерістер заманауи технологияның көмегімен қарыштап дамуда. Бұрын іс материалдарының судьяларға автоматты түрде бөлінуін, арыз-шағымдардың «Сот кабинеті» арқылы қашықтан қабылдануын, сот отырыстарының дыбыс-бейне жазу құрылғыларына жазылуын, куәлардың шетелде жүріп сот отырысына қатысуын таңсық көретін жұртшылық соттардың жаңа технологияны қаншалықты жетік меңгергеніне карантин кезінде әбден көз жеткізді. Электрондық қызмет игілігінің арқасында сот саласының қызметі бір сәт те тоқтамады. Мұндай заманауи қадамдар алдағы уақытта да жалғаса береді. Ең бастысы, тәуелсіз соттың тірегі болар тәуелсіз еліміз бағытынан айнымай, бағдарынан жаңылмай өркениеттің көшіне ілесе берсін!
Ана тілі – мемлекеттің табан тірейтін тұғырлы темірқазығы. Тіл – ұлттың тірегі. Тіл – халқымыздың құндылығы, бабадан қалған мұра, болашақ ұрпағымызға теңдесі жоқ жақұт болуы шарт. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың «Кімде-кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды» деуі тегін айта салған сөз емес. Ол біздің тіліміздің мәртебесін, ұлттық құндылығымызды сақтап қана қоймай, оны дамыта беруге арнаған көрегендік және сыни көзқарасы деп түсінеміз.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының арқасында қазіргі таңда ана тілімізге оңды көзқарас қалыптасып келе жатыр. Ана тіліміз шын мәнінде ұлттық саясаттың негізі, түп-тамыры десек, тіліміздің басымдық беріліп, барлық салада басты тілге айналғаны жөн. Қай кезеңде де тіл мәселесі – ұрпағымыздың нәр алатын бұлақ көзі десек артық айтпаймыз, ал бұл орайда біздің азаматтық борышымыз осы құндылығымызды өз биігінде сақтап қалу болып отыр.
Бұл ретте, судья мен сот маманының күнделікті жұмыста атқарып отырған қызметінде ана тілінде іс жүргізіп, халыққа ана тілінде жауап беріп тұрса, ел қызығарлық тәрбие болар еді деп ойлаймын.
Кенесов Бекмырза Алиұлы
Ақтөбе қаласының мамандандырылған тергеу сотының бас маманы


