Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Себебі, мемлекеттің даму жоспары әлемнің даму үдерісінен тыс қалмауы керек. Ал бүгінде біз үлгі тұтатын зайырлы мемлекеттер өз жұмысын цифрлық технология мен жасанды интеллект арқылы жаңғыртуға басымдық беруде. Сондықтан, Қазақстанның да барлық саланы цифрландырып, жұмыстарды жетілдіруге жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануы қалыпты үрдіс.
Шын мәнінде жаңа технология – кез келген елдің өркениетке жетуінің өлшемі. Мұны сот саласының өткені мен бүгініне көз салып, салыстыру арқылы да байқауға болады. Жаңа технология отандық сотты жаңа биікке көтерді. Мемлекеттік қызмет саласында цифрлық үрдісті күнделікті жұмысына қолдануға шешуші қадам жасағандардың басында да сот құрылымы тұр.
Осы тұстағы алғашқы талпыныстар сот ғимараттарын толықтай бейнежазу құрылғыларымен жабдықтап, сот процестерін дыбыс-бейне таспаға жазудан басталғаны есімізде. Электрондық қызметтің алғашқы қарлығаштары ретінде енгізілген бұл игілікті істерге бастапқыда күмәнмен қарағандар да аз болған жоқ. Әсіресе сот істерін судьяларға автоматты түрде бөлу, арыздар мен құжаттарды электронды қабылдауға қатысты жаңашылдыққа сенбегендер көп болды. Алайда уақыт бәрін өз орнына қойды. Соттың сауатты бағдар, сапалы жоспар құрып, сындарлы жұмыс жүргізуінің арқасында мақсатты істер діттеген межеден табылып жатты.
Мәселен азаматтарға талап арызы мен сұраныстарын арнайы келіп, сот қызметкерлеріне қолма-қол тапсыру сенімді көрінетін. Ал «Сот кабинеті» сервисі арқылы құжат жолдау цифрлық технологиядан сауаты аз азаматтарға қиын көрінгені шындық. Алайда бұл сервистің өзін-өзі ақтап, халықтың тиімді құралына айналғанын байқау қиын емес. Бүгінде сотқа жолданатын талап арыздар мен материалдардың басым бөлігі осы «Сот кабинеті» арқылы түседі. Осы арқылы тұтынушылардың сотқа келіп кетуге жұмсайтын уақыты үнемделеді, жолға жұмсайтын қаржысы қалтасында қалады. Ұзын-сонар кезекте тұрып, көптеген анықтама, құжаттарды жинау әуресінен де халықты құтқарған осы «Сот кабинеті» болатын.
Сот процестерінің таспаға жазылуы, сот отырысына шетелде, шалғай ауылдарда жүріп қатысуға мүмкіндіктің жасалуы да істердің жылдам, созбалаңға салынбай қаралуына жол ашты. Бұл үрдіс кейіннен онлайн сот отырыстарын өткізуге негіз қалап, тіпті дүние жүзі коронавирус инфекциясымен күресіп, жұмысын ақсатып алғанда, қазақстандық сот қалыпты режимде қызмет етіп, сот істерін өз уақытында онлайн қарауға қолжеткізді. Бүкіл халық Астанадан еш кедергісіз қадағалаған «Бишімбаев соты» да, Талдықорғандағы сот залына халықты онлайн жинаған «Шерзат ісі» де отандық соттың жаңа технологияны қаншалықты шебер меңгергенін көрсетсе керек.
Ал Президент бағдар еткен цифрландыру жылында осы басталған істерді ары қарай жандандыруға, жаңа технология жетістіктері мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін мейлінше пайдалануға басымдық берілуде. Бүгінде цифрлық трансформация мемлекеттік аппараттың, соның ішінде сот жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл бағыттағы ізденіс азаматтардың сот ісіне қатысуын айтарлықтай жеңілдетті, сот жұмысының ашықтығын арттырды және сот шешімдерінің бірыңғай дерекқорын қалыптастыруға ықпал етті. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект сот жұмысындағы ыңғайлылық пен тиімділікті ғана емес, сонымен қатар бюрократияны азайтуға және құқықтық мәдениетті күшейтуге қызмет етпек.
Қазіргі кезде сот шешімдерін әзірлеуге көмектесетін роботтық көмекшілер, сот тәжірибесіне арналған цифрлық аналитикалық қызметтер, іс нәтижелерін болжауға көмектесетін бағдарламаларды жетілдіру бойынша ізденістер қолға алынуда. Мұны бәрі халық пен сотты жақындатып, елдің әділдік пен тура төрелікке деген оң көзқарасын қалыптастырады.
Диас Тұрдақын,
Алматы қаласы
Наурызбай аудандық соты әкімшісінің басшысы


