Алтыншаш АЗМАГАМБЕТОВА, қаржыгер: «Қаржылық сауат – қарапайым дағдылардан қалыптасады»   

Қаржы жүйесі кез келген ел экономикасының тірегі саналады. Қазақстанда соңғы жылдары халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, қаржы секторын дамыту және салық саясатын жетілдіру мәселелері жиі көтеріліп келеді. Сарапшылардың айтуынша, қаржылық білім деңгейі азаматтардың жеке бюджетін дұрыс басқаруына ғана емес, сонымен қатар ж алпы экономиканың тұрақты дамуына да тікелей әсер етеді. Бүгінде қазақстандықтар арасында банк қызметтерін пайдалану, несие алу, депозит ашу, инвестиция жасау сияқты қаржылық құралдарға қызығушылық артып келеді. Алайда мамандар халықтың бір бөлігінде қаржылық жоспарлау мен тәуекелдерді бағалау мәдениеті әлі де толық қалыптаса қоймағанын айтады. Осы тұрғыда қаржылық сауаттылықты арттыру, тиімді салық саясатын қалыптастыру және қаржы секторын дамыту өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осы тақырып төңірегінде қаржыгер Алтыншаш Азмагамбетовамен сұхбаттасып, Қазақстандағы қаржы жүйесінің қазіргі жағдайы, халықтың қаржылық сауаттылығы және салық саясатының экономикаға әсері туралы пікірін сұрадық.

– Қазақстанда қаржы секторын дамыту мəселесі соңғы жылдары жиі айтылып жүр. Сіздің ойыңызша, қазіргі қаржы жүйесінің негізгі əлсіз тұстары қандай?

– Менің ойымша, Қазақстандағы қаржы секторына халықтың сенімі толық қалыптасқан деп айту қиын, шамамен 50/50 деңгейінде деуге болады. Оның басты себептерінің бірі – қаржы саласына қатысты ақпараттың көп жағдайда қарапайым əрі түсінікті тілде жеткізілмеуі. Көптеген азаматтар қаржылық құралдар, банктік қызметтер немесе мемлекеттік қаржы саясаты туралы толық əрі нақты ақпарат ала бермейді. Соның салдарынан адамдарда сенім емес, керісінше күмəн пайда болуы мүмкін. Екінші мəселе – банктік сектордың жұмыс істеу ерекшеліктері. Кейбір жағдайда халық банктердің шарттарын, пайыздық мөлшерлемелерін немесе қызмет көрсету талаптарын толық түсіне бермейді. Үшінші фактор – халықпен жұмыс істеу тəсілі. Қаржы жүйесі халыққа барынша түсінікті, ашық жəне қолжетімді болуы керек. Əрине, əр адамның пікірі əртүрлі. Дегенмен соған қарамастан, қоғамның белгілі бір бөлігінде қаржы саясатына деген сенімсіздік пен күмəн əлі де байқалады.

– Сарапшылар халықтың қаржылық сауаттылығы əлі де төмен екенін айтады. Қазақстанда бұл бағыттағы негізгі проблемалар қандай?

– Иə, сарапшылар арасында халықтың қаржылық сауаттылығы əлі де жеткілікті деңгейде емес деген пікір жиі айтылады. Қазақстанда жағдайы жақсы азаматтар да бар, қаржылық қиындық көріп отырған адамдар да бар. Бірақ бұл мəселе тек адамның қалтасындағы ақшаға ғана байланысты деп айту дұрыс емес. Көп жағдайда ол адамдардың қаржыға деген көзқарасына, қабылдауына, яғни, санасына байланысты деп ойлаймын. Негізінде əр адам алғашқы тəрбиені отбасынан алады, кейін қоғамнан, мемлекеттен жəне қоршаған ортадан əсер көреді. Қазіргі уақытта əлем де, қоғам да өзгеріп жатыр. Соған сəйкес адамдар да жаңа жағдайларға бейімделуге тырысып келеді. Бүгінде ақпарат өте көп. Қаржылық білім, өзін-өзі дамыту, жеке қаржыны басқару туралы түрлі бағдарламалар, жобалар мен əдістемелер ұсынылуда. Əр адам өзіне қажеттісін таңдап, соны үйренуге мүмкіндігі бар. Бірақ, бұл жерде ең бастысы – адамның өз ниеті мен жауапкершілігі. Сонымен қатар кейбір адамдар қаржылық мəселелерін өздері шешудің орнына мемлекеттен немесе басқа біреуден көмек күтетін жағдайлар да кездеседі. Дегенмен, қоғамда өмірлік қиындықтарға тап болған адамдар да бар. Осындай кезде қайы рымдылық қорлары мен əлеуметтік қолдау жүйелері маңызды рөл атқарады деп есептеймін.

– Қаржылық сауаттылық дегенді көп адам тек ақша үнемдеу деп түсінеді. Негізінде ол қандай дағдыларды қамтиды?

– Иə, дұрыс айтасыз. Көп жағдайда адамдар «қаржылық сауаттылық» дегенді əр тиынды үнемдеу, өзіне ештеңе алмау немесе тек ақша жинаумен байланыстырып жатады. Кейбіреулер, тіпті, қаржылай сауатты болуды тек кредит алмау, барлық шығынды барынша қысқарту деп түсінеді. Бірақ шын мəнінде қаржылық сауаттылықтың мəні бұдан əлдеқайда кең. Қаржылық сауаттылық – бұл тек қалтадағы ақшаның мөлшері емес, ең алдымен адамның ойлау жүйесі мен қаржыға деген көзқарасы. Өмірде түрлі жағдайлар болады. Бүгін табыс жақсы болуы мүмкін, ал ертең табыс азаюы немесе мүлде өзгеруі ықтимал. Осындай кезде адам қаржылық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да тұрақты болуы маңызды. Қаржылық сауаттылық адамның өз қаржысын дұрыс жоспарлай білуін, табыс пен шығынды басқаруын, болашаққа қор жинауын, сонымен қатар өзіне белгілі бір деңгейде мүмкіндік бере алуын қамтиды. Яғни, бұл тек үнемдеу ғана емес, қаржылық мүмкіндіктерді дұрыс пайдалану, білімін арттыру жəне саналы шешім қабылдау қабілеті. Сондықтан қаржылық сауатты адам тек ақша жинап қана қоймайды, ең алдымен өзінің білімін, түсінігін дамытады. Өйткені қаржыны дұрыс басқарудың негізі – білім мен дұрыс ойлау жүйесі. Адам ішкі тепе-теңдігін сақтап, өз өмірін дұрыс жоспарлаған кезде, қаржы мəселелері де біртіндеп ретке келе бастайды.

– Салық саясаты экономика дамуына тікелей əсер етеді. Қазақстандағы қазіргі салық жүйесіне қаржыгер ретінде қандай баға берер едіңіз?

– Салық саясаты шынымен де экономиканың дамуына тікелей ықпал етеді. 2026 жылы бұл салада, əсіресе кəсіпкерлер үшін бірқатар өзгерістер болды. Соның əсерінен кейбір əлсіз немесе тұрақсыз бизнес түрлері нарықта қиындықтарға тап болып жатыр. Бірақ сонымен қатар жаңа кəсіптер пайда болып, кейбір бизнес бағыттары керісінше дамып, күшейіп келеді. Əсіресе жеке кəсіпкерлік (ИП) саласында өзгерістер көп болды. Дегенмен, осы өзгерістерге бейімделе алған кəсіпкерлер өз бизнестерін одан əрі дамытып, тіпті масштабтауға ұмтылып жатыр. Сондықтан мұны тек қиындық деп қарау дұрыс емес, бұл белгілі бір деңгейде жаңа мүмкіндіктер де ашады. Нарықта ең тұрақты, жүйелі жұмыс істейтін кəсіптер ғана сақталып, дамуға мүмкіндік алады деп ойлаймын. Сонымен бірге кəсіпті енді бастап жатқан немесе шағын бизнес иелері үшін ақпараттың қолжетімді əрі түсінікті болуы өте маңызды. Қазіргі кезде халық арасында түрлі қауесеттер мен дұрыс емес мəліметтер көп таралып жатыр. Əсіресе əлеуметтік желілер мен интернетте салыққа қатысты шынайы емес ақпараттар жиі кездеседі. Соның салдарынан көптеген адамдарда негізсіз қорқыныш пайда болған. Мысалы, кейбір азаматтар қарапайым банк аударымдарын қабылдаудан да қорқып жатады. «Мемлекет тексеріп қояды», «камералдық тексеруге шақырады» деген сияқты ойлар адамдарды алаңдатады. Ал шын мəнінде көп жағдайда мəселе ақпараттың дұрыс түсіндірілмеуінен туындайды. Сондықтан мемлекет тарапынан салық саясатын қарапайым, түсінікті тілмен түсіндіретін, адамдарды қорқытпай, керісінше кəсіпкерлікке ынталандыратын ақпараттық жұмыстар көбірек жүргізілсе, бұл қоғам үшін де, экономика үшін де пайдалы болар еді деп ойлаймын.

– Қаржы секторын дамыту, қаржылық сауаттылық жəне салық саясаты – осы үш бағыт бір-бірімен қалай байланысты?

– Бұл үш бағыт бір-бірімен өте тығыз байланысты. Қаржы саясаты көбіне мемлекеттік деңгейде қалыптасатындықтан, қарапайым халыққа оның қалай жұмыс істейтіні кейде түсініксіз болып жатады. Яғни, көптеген азаматтар қаржы жүйесінде қандай өзгерістер болып жатқанын немесе олардың жеке өміріне қалай əсер ететінін толық біле бермейді. Мысалы, адамдардың зейнетақы қорында жиналып жатқан қаражаты бар. Бірақ оны қалай тиімді пайдалану немесе қандай мүмкіндіктер бар екені туралы ақпарат бəріне бірдей түсінікті емес. Соның салдарынан көп адам өз қаржысына қатысты шешім қабылдауда сенімсіздік танытады. Қаржылық сауаттылық мəселесіне келсек, қоғамда əлі де белгілі бір шектеулер мен қорқыныштар бар. Кейбір адамдар қаржы тақырыбына сақтықпен қарайды, көбінесе тек үнемдеумен шектеледі. Бұл көбіне ақпараттың жеткіліксіздігінен немесе қаржылық білімнің аздығынан туындайды. Ал салық саясаты кəсіпкерлерге де, өз ісін бастауға немесе дамытуға ниетті адамдарға да тікелей əсер етеді. Кей жағдайда жаңа талаптар мен өзгерістер адамдарға күрделі немесе түсініксіз болып көрінуі мүмкін. Соның нəтижесінде кейбір азаматтарда қорқыныш немесе сенімсіздік пайда болады. Сондықтан қаржы секторын дамыту, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жəне салық саясатын түсінікті ету – бір-бірін толықтырып тұратын бағыттар. Егер бұл үш сала үйлесімді жұмыс істесе, адамдар қаржылық жүйені жақсырақ түсініп, экономикаға да белсендірек қатыса бастайды.

– Қарапайым азаматтарға қаржылық тұрақтылыққа жету үшін қандай негізгі кеңес берер едіңіз?

– Қаржылық тұрақтылыққа жетудің ең алғашқы қадамы – өз қаржыңды бақылауды үйрену. Яғни адам алдымен өзінің табысы мен шығынын нақты түсінуі керек. Көп жағдайда адамдар қанша ақша табатынын біледі, бірақ сол ақшаның қайда кетіп жатқанын байқамай қалады. Сондықтан ең қарапайым қадам – жеке бюджетті жоспарлау. Екінші маңызды нəрсе – қаржылық «қауіпсіздік жастығын» қалыптастыру. Кез келген адамның өмірінде күтпеген жағдайлар болуы мүмкін. Сол кезде қаржылық қиындыққа тап болмас үшін белгілі бір мөлшерде жинақ болғаны дұрыс. Сонымен қатар қаржылық сауаттылықты үнемі дамыту қажет. Қаржы туралы білімді арттыру, банк қызметтерін, инвестиция мүмкіндіктерін жəне қаржыны басқару тəсілдерін түсіну адамға дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Ең бастысы – табыс пен шығын арасында тепе-теңдікті сақтап, қаржыға саналы көзқараспен қарау. Уақыт өте келе осындай қарапайым дағдылар адамның қаржылық тұрақтылығын қалыптастырады.

– Əңгімеңізге рақмет!

Аружан МАУЛЕНБАЙ, журналист

Профилактикалық тексеру

Алматы қаласы Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №11 мекемесінде...

Сот отырысын ұйымдастырудың маңызы мен тәртібі

Сот төрелігін жүзеге асыру – кез келген құқықтықмемлекет жағдайында...

INTEGRA CITY представляет AI-технологии для экосистемы цифрового управления городами на GITEX Africa 2026

Международная группа компаний INTEGRA CITY принимает участие в выставке...

ҚАЗАҚСТАН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ АРАСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ ЖАҒЫНАН КӨШ БАСТАДЫ

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында әлеуметтік қолдау көрсету бойынша...