Мемлекет басшысының халыққа арнаған дәстүрлі жолдауында «жаңа индустриализация толқыны қажет» деп технологиялық жағынан озық, автоматтандырылған, жоғары тиімді өндіріс орындарын құру керектігін айтуы бекер емес. Өйткені, экономиканың әртараптандырылуы мен өңдеу секторының жедел дамуы өз кезегінде халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілікті арттырады.
Осы ретте 2021 жылы «Өнеркəсіптік саясат туралы» заң қабылданып, бірқатар жаңа бағдарламар іске қосылды. Аталған заңды елімізде жаңа өнеркəсіптік саясатты қарқынды дамытуға құқықтық негіз қалады деуге толық негіз бар. Сөзіміз жалаң болмас үшін айтып өтерлігі, осы заңның 9-тармағымен «өнеркəсіп – пайдалы қазбалар өндіруге, өңдеу өнеркəсібіне, электр энергиясымен, газбен жəне бумен қамтамасыз етуге, ауаны баптауға, сумен жабдықтауға, су бұруға, қалдықтарды жинауға жəне кəдеге жаратуға, сондай-ақ, ластануды жоюға жататын экономикалық қызмет түрлерінің жиынтығын білдіретін экономика саласы», ал 17-тармағында өнеркəсіптік саясат – мемлекет жүзеге асыратын жəне өнеркəсіпті ынталандыру мен дамытуға бағытталған экономикалық, ұйым дастырушылық жəне құқықтық шаралар жүйесі» деп нақты бекітілді. Сонымен қатар, қазіргі таңда 2023–2029 жылдарға арналған өңдеу өнеркəсібін дамыту тұжырымдамасы нəтижелі жүзеге асырылуда. Жаңа өнеркəсіптік саясат ел экономикасын өркендету арқылы халықтың əл-ауқатын көтеру мақсатын көздейді. Арыға бармай-ақ, өткен жылғы көрсеткіштерге шолу жасасақ, өңдеу өнеркəсібін дамытудың жаңа кезеңіне қадам басқан Республикамыздың əр аумағынан былтыр 33 жаңа өнеркəсіптік кəсіпорын ашылды. Осы жаңа нысандар металлургия, машина жасау, химия, т.б. өндіріс орындарынан бастап, жеңіл өндірістік бағыттарға дейінгі кең ауқымды қамтиды. Бұлар мыңдаған адамның жұмыспен қамтылуына мүмкіндік берді. Нақты айтсақ, Алматыда іске қосылған «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» ЖШС-да 3 600 адам еңбек етеді. Қостанай өңірінде бір емес бірнеше ірі жоба іске асса, соның бірі «KIA Qazaqstan» зауыты. Бұл зауыт жылына 70 мың автокөлік шығарады. Ал Павлодар облысында ферроқорытпа өндірісі қарқынды дамуда, «EkibastuzFerroAlloys» бен «Kazferro Limited» кəсіпорындары жылына жүздеген мың тонна ферросилиций өндіруде. Мұндай жетістіктен Қарағанды облысы да қалмайды. «Qaragandy Power Silicon» жəне «ТЭМПО-Казахстан» зауыттары мыңнан астам адамды жұмыспен тұрақты түрде қамтып отыр. Бұған қоса, Түркістан, Алматы, Атырау облыстары мен Шымкент қаласында химия, құрылыс материалдарын өндіретін жаңа кəсіпорындар іске қосылды. Бұлардың қатарында газаблок, радиатор, полиэтилен қап, минералды жылытқыштар мен резеңке-пластмасса бұйымдарын шығаратын зауыттар бар. Түркістан облысында құрылған «CENTRAL ASIA ALUMINIUM» ЖШС алюминий профилінің өндірісі жергілікті халықты 250 жұмыс орнымен қамтыды. Елордада ашылған «БайконурСтройСнаб» ЖШС көлік бөлшектерін шығарумен айналысады. Осындай жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы экономиканың нақты секторын дамытып қана қойған жоқ, сонымен бірге өңірлердегі əлеуметтік жағдайдың жандануына серпін берді. Яғни, экономиканы əртараптандыруға, өңірлерді дамытуға жəне елдің өнеркəсіптік базасын нығайтуға маңызды үлес қосты. Енді жаңа өнеркəсіптік саясатты дамытудағы осы жылға жоспарланып отырған жобаларға тоқталсақ, олардың саны екі жүзді құрайды. Осы жобалар аясында 19,4 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспары бар. Бұлардың басым бөлігі, нақты айтқанда 186 жоба өңдеу өнеркəсібі. Өнеркəсіптік əлеуетті арттырып, экономикалық өсімді қамтамасыз ететін жобалар өз кезегінде бизнестің əртүрлі саласын жан-жақты мүмкіндікке ие етеді. Бұл шаралар Мемлекет басшысының «2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі есеге ұлғайтуға толығымен қол жеткізуге болады» деген сөзінің бекер еместігін көрсетіп отыр. Осы тұста сарапшылар пікіріне жүгінсек, олар жүзеге асырылып жатқан жаңа өнеркəсіптік саясаттың құндылығын экономиканы шикізатқа тəуелсіз етумен байланыстырады. Яғни, «шикізатты сыртқа сатқаннан гөрі, оны өзімізде өңдеп, жоғары технология лы өнім шығару анағұрлым пайдалы, сонда ғана экономикалық өсім халықтың табысына айналады» дейді. Қалай дегенде де, өңдеу секторының тұрақты жұмыс орындарының көзі екені анық. Үкімет тарапынан атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар, мысалы, əрбір жаңадан салынған зауыт, мектеп, инфрақұрылым, бұлар жаңа жұмыс орындары, барлығы əлеуметтік тұрақтылыққа кепіл болады. Еліміз қазіргі күні экономикалық трансформацияның жаңа кезеңінде тұр. Ең көп дегенде алдағы он жылдың ішінде мемлекетіміз шикізаттық тəуелділіктен арылып, технологиялық, ғылымға негізделген индустриялық елге айналса онда басты мақсаттың орындалғаны. Ол үшін жаңа өнеркəсіптік саясат, өңдеу өнеркəсібі жəне индустриалды-инновациялық өрлеу бағыттарын одан əрі дамыту шаралары жалғаса береді.
Т.СМАҒҰЛҚЫЗЫ, журналист


