Қазіргі кезеңде азаматтық қоғамды дамыту – мемлекеттің тұрақты әрі үйлесімді дамуының басты шарттарының бірі болып отыр. Азаматтық қоғам – бұл мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтатын, қоғамдық бақылауды қамтамасыз ететін және әр азаматтың белсенділігін арттыратын маңызды орта.
Қазақстанда азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған бастамалар жыл сайын жүйелі түрде іске асырылуда. Бұл бағыттағы негізгі мақсат – халықтың мемлекеттік басқару процестеріне қатысуын арттыру, қоғамдық ұйымдардың рөлін күшейту жəне ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету. Азаматтық қоғамның дамуы ең алдымен үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ), еріктілер қозғалысының жəне қоғамдық бірлестіктердің белсенділігімен тікелей байланысты. Бүгінде бұл ұйымдар əлеуметтік мəселелерді шешуге, халықтың түрлі топтарының мүдделерін қорғауға жəне маңызды қоғамдық бастамаларды жүзеге асыруға үлкен үлес қосып келеді. Деректерге жүгінсек, Қазақстанда азаматтық қоғамның дамуы соңғы жылдары дами бастаған. Елде 23 335 үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) тіркелген, оның ішінде 18 204 белсенді ұйым əртүрлі əлеуметтік салаларда қызмет атқарады: білім, құқық қорғау, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау жəне тағы басқа. ҮЕҰ қоғамдағы мəселелерді шешуге араласып, азаматтардың өмір сапасын арттыруға үлес қосады. Дегенмен бұл тарапта əлеуметтік жағдайды саралау, азаматтардың белсенділігін електен өткізіп отыру маңызды. Əлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы Еркежан Арыннан осы мəселеге қатысты пікірін сұрадық. «Қазақстанда азаматтық қоғамды қолдауға бағытталған стратегиялық құжат – «Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы 2021–2030» қабылданған. Бұл құжат азаматтар мен ҮЕҰ-ларға құқықтық, əлеуметтік жəне институционалдық қолдау көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор арасындағы диалогты күшейту мақсатында түрлі қоғамдық кеңестер, дөңгелек үстелдер жəне форумдар ұйымдастырылуда. Елімізде жыл сайын Қазақстандағы азаматтық қоғам ұйымдары 2 мыңнан астам əлеуметтік жобаларды іске асырады. Бұл жобалар тұрақты даму мақсаттарына, адам құқықтарын қор ғауға, білім беру мен қоршаған ортаны сақтау салаларына бағытталған. Соңғы жылдары азаматтық бастамаларды дамытуға 10,3 млрд теңгеге жуық гранттар бөлінді. Бұл қаржылық қолдау 27 мыңға жуық игі іс-шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді» дейді маман. Азаматтардың белсенділігін арттыру үшін не істеу керек? – деген сауалымызға: – Ең алдымен құқықтық сауаттылықты арттыру қажет. Адамдар өз құқықтары мен мүмкіндіктерін білсе, қоғам өміріне белсендірек араласады. Сонымен қатар ашықтық пен сенім де маңызды. Əрбір бағдарлама, əрбір шара ашық жүргізілуі қажет. Бұл шарадан мүмкіндігі шектеулі азаматтарды да тыс қалдыр мау керек. Себебі қазір қоғамда көптеген шаралардан олар тыс қалып жатады. Біреуі денсаулығына байланысты шеттетіліп жатса, енді бірі қоғам өздерін елемейтінін айтады. Осыған байланысты əрбір аймақтық үкіметтік емес ұйымдар бұл мəселеге назар аударғаны жөн. Мұндай азаматтардың да қажеттілігі, ұсынысы ескерілуі тиіс. Олар əкімдіктердің өткізетін шараларынан тыс қалмауы қажет.
Аружан МАУЛЕНБАЙ, «Заң газеті»


