«Ел болам десең, бесігіңді түзе»

Ұлы жазушы М.Әуезов айтқандай: «Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз». Демек, қазіргі қоғамның алдында тұрған басты міндеттің бірі – жастарды жаман әдеттен сақтандырып, жасөспірімдер тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың жолын кесу болып табылады.

Балалықпен, білместікпен қылмысқа барып, жастардың болашағын бұзуға жол бермеу – маңызды іс. Оған отбасындағы əрбір ата-ана, мектеп мұғалімдері, оқу орындарының ұстаздары, құқық қорғау органдары, тіпті бүкіл қоғам мүшелері жауапты. Өйткені жастар – еліміздің болашағы. Еліміздің болашағы жарқын болу үшін бүгінгі жастар білімді, тəрбиелі, саналы болуы аса қажет. Жастардың қалыптасуына əсер ететін факторлар мыналар: Біріншіден, отбасындағы қарым-қатынас жасөспірім үшін, оның тұлға ретінде қалыптасуы үшін үлкен тəрбиелік мəнге ие. Қазіргі уақытта көптеген отбасыларда балаларды ата-аналардың бірі, көбінесе анасы тəрбиелейді. Бұл тиісті деңгейде қадағалауға мүмкіндік бермейді. Оларға моральдық қолдау, қамқорлық, көңіл бөлінбеуі – тұлғаның қалыптасуына кері əсерін тигізеді. Екіншіден, мұғалімдермен қарым-қатынасы қиын жасөспірімдер көбінесе сыныпта оқшауланып, өздерін бөтен сезінеді. Əдетте мұндай жасөспірімдер нашар оқиды. Оқу үлгерімі төмен жастарды сыныпта оқшаулау олардың құқық бұзушылық жолына түсуіне ықпал ететін басты себептің бірі. Үшіншіден, отбасында жəне мектепте қолдау көрмеген бала өзіне көңіл бөлетін басқа ортаны іздейді. Егер ол «жаман» ортаға тап болса, тұлғалық қалыптасуы теріс бағытта жүруі мүмкін. Мұндай жастардың тұрақты қызығушылығы болмайды, үйірмелер мен секцияларға қатыспайды, бос уақытын мақсатсыз өткізеді. Сонымен қатар, ата-ана өз баласына тек материалдық жағдай жасап қоймай, оның рухани, мəдени жəне психологиялық дамуына да назар аударуы тиіс. Құқықтық сауатты, адамгершілігі мол жас ұрпақты қалыптастыру үшін мемлекет, мектеп жəне қоғам бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Кəмелетке толмағандар арасындағы заң бұзушылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органының емес, бүкіл қоғамның міндеті. Əрбір ата-ана мен ұстаз балалардың ортасын, достарын, кіммен жиі араласатынын бақылап, зерттеп отыруы тиіс. Бала төңіректегі құбылыстарды ересектердей емес, тез қабылдайды, магниттей тартады, тез бойына сіңіреді. Көргенін қызығушылықпен бірден орындауға ұмтылады. Олардың ойы ұшқыр, қиял-ғажайып істер жасауға асығады. Сондықтан кез келген іске жеңіл қарайтын жасөспірім кейде жеңіл ұрлыққа барады, достарымен көшедегі əлсіз адамдарды тонайды, сөзге келіп, соңы топтық төбелеске ұласып жатады. Кейде ер балалармен қатар, болашақ жар, ана болатын қыз балалар да жеке немесе топтық төбелеске қатысып жатады. Əлеуметтік желіні пайдалы іске пайдаланудың орнына, ұрыс-керіс пен бірін-бірі балағаттау, дау-жанжал шешу алаңына айналдырып жатады. Тіпті, төбелесетін жерін белгілеп, оның соңы қайғылы жағдайға алып келген оқиғалар да кездеседі. Жасөспірімдер арасында əртүрлі зорлық-зомбылық, кəмелет жасына толмағандардың жыныстық қатынасқа түсіп, соңы өкінішке əкелетін жағдайлары да орын алып отыр. Ересек адамдардың ықпалына ерген балалар құқық бұзушылық үшін жауапқа тартылып жатады. Сондықтан, ең алдымен, ата-ананың өз баласына деген жауапкершілігін арттыру қажет. Мемлекеттегі барлық мекемелер, қоғамдық ұйымдар жəне азаматтар бірлесіп бала тəрбиесімен айналысқанда ғана келешек ұрпақты дұрыс тəрбиелей аламыз. Адам тəрбиелеу – ұлы іс. Кəмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – қоғамдағы қылмыстың алдын алудың аса маңызды бағыты. «Ел болам десең, бесігіңді түзе», – деп ата-бабамыз айтқандай, əрбір атаана өз баласының тəртібі мен тəрбиесіне ерекше мəн беріп, бос уақытында немен айналысатынын бақылап отырса, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыс деңгейі төмендей түсер еді.

Б.ПАЗЫЛОВ, Ақтау қаласының əкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы

Когда справедливость требует времени

Вопрос справедливости судебного решения редко заканчивается на первой или...

Апостильдің маңыздылығы

Апостиль – елдер аумағында ұсынуға арналған құжаттың заңдылығы туралы...

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары

Сыбайлас жемқорлық – мәртебесі мен даму деңгейіне қарамастан барлық...

Кассациялық сатыдағы соттың маңыздылығы

Елімізде 2025 жылдан бастап сот саласына жаңашылдық енізіліп, кассациялық...

Соттағы қылмыстық істерді қараудың басты бағыттары: әділдік пен заңдылық кепілі

Қылмыстық істерді сотта қарау – адам тағдыры шешілетін, қылмыстық...