Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өнім сақтайтын қоймалардың алатын орны өте зор. Оның саны мен сапасы қазір салаға (азық-түлік, өндіріс) және инфрақұрлымға байланысты әр өңірде әртүрлі. Мысалы, IBC Global мәліметтері бойынша, Қазақстанда былтыр жалпы қойма ғимараттарының көлемі 2,2 млн шаршы метрді құрады.
Оның 60 пайызы Алматы қаласы мен Алматы облысы (990 мың шаршы метр) аумағында шоғырланған. Одан кейін гі орында Астана (272 мың шаршы метр) мен Шымкент (106 мың шаршы метр) орналасқан. Қазақстан қойма ғимараттарының көлемі бойынша қазір Орталық Азияда бірінші орында тұр. Алайда сан мен сапа арасында əлі де алшақтық өте жоғары. Ондағы негізгі көрсеткіш азық-түлік пен фармацевтикалық өнімдер үшін мультитемпературалық жəне мұздатқыш қоймалардың тапшылығында болып отыр. IBC Global бағалауы бойынша, «суық/аяз» температуралық жүйесіндегі қоймалардың көлемі жалпы нарықтың 5 пайызын немесе 114,52 мың шаршы метрін ғана құрауда. Яғни, азық-түлік қоймалары үшін салқындатқыш камералар мен əрбір өнім түрлері бойынша арнайы орындардың болуы маңызды. Мұнда өнімді сақтау – көкөніс қоймаларын салу жəне жаңғырту жөніндегі кешенді жоспарды орындау арқылы жүзеге асырылады. Осыған қарамастан бағаның көтерілуін күтіп жүріп көктемде жарамсыз боп қалған картоп, пияз, сəбізін полигондарға төккен кəсіпкерлерге қатысы оқиғалар əлі жойылмай отыр. Сондықтан барлық технологиялық талапқа сəйкес келетін сақтау қоймалары бар логистикалық орталықтар құру мəселесі бізде əзірге күн тəртібінен түспейді. Оған Атырау облысында ақпан айында іске қосылған «ITC WEST» логистикалық орталығы мысал бола алады. Ол тек Атырау облысы ғана емес, бүкіл батыс Қазақсандағы ірі жəне қазіргі технологиялық деңгейдегі алғашқы нысан саналады. Аймақтағы ауыл шаруашылығы логистикасын дамытып, негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға бағытталған логистикалық орталықтың басшысы Бауыржан Жолмұхановтың айтуынша, оның басты ерекшелігі – банан пісіретін камерасы болып отыр. Мұнда тұтынушылардың сұранысына байланысты банан кезең-кезеңімен пісіріліп, уақытында нарыққа шығарылып отырмақ. Мемлекет басшысы 2023 жылы Қазақстан мен Ресейдің XIX өңіраралық ынтымақтастық форумында сөйлеген сөзінде логистика жəне сақтау жүйелерінің кемші ліктеріне байланысты ауыл шаруашылығы өнімдерінің жоғалуы 40 пайызға жететінін айтқан еді. Яғни өзге елден тасымалданатын импорттық өнімді былай қойғанда, бізде өз елімізде өндірілетін ауыл шаруа шылығы өнімдерін уақытылы, ысырапсыз жинап алып, сақтауда шешімін күткен мəселе жеткілікті. Мысалы 2024 жылдың аяғында елімізде 901 сақтау нысаны жұмыс істейтіні анықталды. Оның ішінде көкөніс қоймасы – 580 (жалпы сыйымдылығы 1 млн 186 мың тонна), картоп қоймасының саны – 257 (499,7 мың тонна), жеміс-жидек қоймасы – 67 (136,3 мың тонна) болды. Бұл маусымдық тұтынудан артық өнімді сақтап қалуда қоймалардың мүмкіндігі өте шектеулі екеніне толық дəлел бола алады. Өйткені сол жылы елімізде 2,9 млн тонна картоп, 1,1 млн тонна пияз, 498 мың тонна қырыққабат, 474 мың тонна сəбіз жиналған болатын. Яғни көкөніс пен жеміс-жидектерді көктемге дейін сақтау үшін Қазақстанда картоп сақтау қоймаларының қуатын үш есе, жеміс-жидек сақтайтын қоймаларды екі есе арттыру қажет. Сауда министрлігінің есебі бойынша, елімізде 2026–2030 жылдары сыйымдылығы 180 мың тонна болатын жаңа көкөніс сақтау қоймалары салынса ғана елдің қоймаларға деген қажеттілігі өтелуі мүмкін.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


