Елімізде соңғы жылдары алаяқтық қылмыстар қоғам үшін ең қауіпті әрі кең тараған құқық бұзушылықтың біріне айналды. Әсіресе интернет арқылы жасалатын алаяқтық пен дропперлерді пайдалану схемасы азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне елеулі зиян келтіріп отыр. Мамандар бұл құбылысты цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы, құқықтық сауаттылықтың жеткіліксіздігі және «оңай олжаға» сену психологиясымен байланыстырады.
Қазір алаяқтық дəстүрлі ұрлық немесе алдау шеңберінен əлдеқашан шықты. Бүгінде ол жақсы ұйымдастырылған, бірнеше деңгейден тұратын жүйелі қылмысқа айналып отыр. Телефон қоңыраулары, əлеуметтік желілер, мессенджерлер, жалған интернет-дүкендер мен фишингтік сайттар – алаяқтардың негізгі құралы.
Статистика сөйлесе…
Ресми мəліметке сүйенсек, соңғы бір жылда Қазақстанда он мыңдаған алаяқтық тіркелген. Қылмыс деңгейі төмендегенімен, алаяқтық өскен. Соның ішінде интернет-алаяқтық үлесі шамамен 50 пайызға жуықтаған. Келтірілген материалдық шығын ондаған миллиард теңгеге жетіп, қаражаттың басым бөлігі қарапайым азаматтар жинағы екені алаңдатады. Интернет-алаяқтықтың өсуіне онлайн-банкинг, электронды сауда жəне қашықтан қызмет көрсетудің кең таралуы ықпал етті. Қылмыскерлер заманауи технологияны тез меңгеріп, психологиялық қысым мен сенімге кіру тəсілін шебер қолдануда. Өзін банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырып, азаматтардың жеке дерегін сұрату, «шотыңыз бұғатталды» деген үрейлі хабарлама, жалған инвестициялық жоба – бүгінде жиі кездесетін тəсіл. Мұндай схемаларға көбіне зейнеткерлер, жастар жəне цифрлық сауаттылығы төмен азаматтар алданады.
Дроппер «кездейсоқ орындаушы» емес
Алаяқтық қылмыстың негізгі тетігінің бірі – дропперлер. Дроппер – өз банк картасын, есепшотын немесе жеке дерегін алаяқтардың пайдалануына берген тұлға. Олар қылмыстық схемада «аралық буын» қызметін атқарады. Құқық қорғау органдарының мəліметінше, соңғы жылы ондаған киберқылмыстық топ əшкереленіп, жүзге жуық дроппер жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар «дропперлік» фактісі бойынша қозғалған істердің саны артып келеді. Алаяқтар ұрланған қаржыны бірнеше дроппердің шоты арқылы айналдырып, ізін жасырады. Ақша бір шоттан екіншісіне қысқа уақыт ішінде аударылып, ақыр соңында қолма-қол шешіп алынады немесе шетелге шығарылып кетеді. Бұл құқық қорғау органдарының жұмысын күрделендіре түседі. Көп жағдайда дропперлер өздерін қылмыскер емес, «кездейсоқ орындаушы» ретінде қабылдайды. Олар «тек карта бердім», «ақша аударып бердім» деген уəж айтады. Алайда заң тұрғысынан бұл – алаяққа жəрдемдесу. Сарапшылардың айтуынша, дропперлердің басым бөлігі – жастар мен тұрақты табысы жоқ азаматтар. Олар əлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын «оңай табыс» туралы хабарландыруларға сеніп қалады. Нəтижесінде банк шоттары бұғатталып, өздері қылмыстық істің фигурантына айналады.
Қоағмдық қауіп және әлеуметтік салдар
Алаяқтықтың басты салдарының бірі – қоғамдағы сенімнің əлсіреуі. Адамдар банк жүйесіне, онлайн-қызметтерге, тіпті бір-біріне күдікпен қарай бастайды. Бұл экономикалық белсенділікке де кері əсер етеді. Сонымен қатар алаяқ тық құрбандары психологиялық күйзеліске түсіп, əлеуметтік оқшаулануға ұшырайды. Кей жағдайда азаматтар барлық жинағынан айырылып, қарызға батады. Бұл мəселе əлеуметтік сипат алып отыр. Мамандар пікірінше, алаяқтықпен күресте ең тиімді жол – алдын алу, қаржылық жəне цифрлық сауаттылықты арттыру, күмəнді ұсыныстарға сын көзбен қарау, жеке деректерді қорғау. Бұқаралық ақпарат құралдары, білім беру ұйымдары жəне қоғамдық құрылымдар бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізуі тиіс. Дропперлік салдарын ашық көрсету, нақты мысалдар арқылы түсіндіру – қоғамда сақтық мəдениетін қалыптастырады. Алаяқтық пен дропперлік – цифрлық дəуірдің ең қауіпті əрі күрделі қылмысының бірі. Бұл тек құқық қорғау органының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ мəселесі. Заң мен тəртіпті сақтау, жеке жауапкершілікті сезіну жəне «оңай табыс» иллюзиясынан бас тарту арқылы ғана бұл қатердің алдын алуға болады. Қырағылық пен саналы таңдау – əр азаматтың қаржылық қауіпсіздігінің басты кепілі.
Е.БИБАТШАЕВ, Жарма аудандық сотының судьясы АБАЙ ОБЛЫСЫ


