Теңгерім мен тұрақтылық

Қазір әлемдік қаржы жүйесі жаңа сынақ кезеңіне қадам басты. Әлем елдерінің орталық банктері экономика мен саяси жағдайдағы құбылмалы ахуалға сай ақша-несие саясатын қайта қарауға кірісті. Бұл үдерістен біз де шет қалған жоқпыз. Елде инфляцияны тежеу бағытында жүйелі шаралар қабылданып, нарықтық тетіктерді сақтай отырып, баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге басымдық беріледі. Биыл 1 мамырға дейін елімізде халықтың табысын арттырудың 2026–2029 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту жоспарланып отыр.

Бұл жолы да инфляциямен күрес бұрынғыдай Ұлттық банктің қатаң ақша-кредит саясаты мен Үкіметтің фискалдық шараларының үйлесіміне негізделген. 2026 жылдың тəуекелдері салмақты. Елдің бұл кезеңнен қаншалықты тұрақты өтетіні таяу айларда белгілі болады. Билік қатаң монетарлық саясат пен əкімшілік шектеулердің үйлесімі бағаның өсуін баяулатуға мүмкіндік береді деп есептейді. Ал сарапшылар ақша-кредит саясатын қатаңдатудың əсері уақытша құбылыс екенін айтады. Еліміз 10 жылдан бері инфляциялық таргеттеу режимінде өмір сүріп келеді. Бірақ осы уақыт ішінде инфляция Ұлттық банктің мақсатты баға мына əлі жақындаған жоқ. Таргеттеу саясатына сəл ғана өзгерістер енгізудің өзі тəуекел екенін сеземіз. Себебі біздің жағдайымызда теңгенің, бағаның жағдайын экономикалық ресурстар емес, ішкі жəне сыртқы факторлардың беталысы анықтайды. Өздерін реформаға жауаптымыз деп санайтындар үйреніп қалған бағытқа өзгерістер енгізудің тəуекелінен қорқады. Halyk Finance сарапшылары инфляциялық таргеттеу режимі 2015 жылы теңгенің белгіленген бағамынан бас тартқаннан кейін енгізілгенін айтады. Ұлттық банк құбылмалы бағамға көшті жəне базалық мөлшерлемені бағаның өсуімен күресетін басты құрал етті. Реттеуші инфляция бойынша мақсаттарды жариялап, бағалық қысымға жауап ретінде мөлшерлемені түзетті. «Алайда 2015–2025 жылдар аралығында инфляция жоғары жəне тұрақсыз болып қалды. Базалық мөлшерлемені көтеруіне қарамастан Ұлттық банк мақсатты деңгейге жете алмады. Халық пен бизнестің инфляциялық күтулері төмен деңгейде орныға қойған жоқ», – дейді сарапшылар. Инфляцияның осы жылдың соңына қарай бір мəнді деңгейге дейін төмендейтіні əзірге белгісіз. Экономистердің болжамынша, бағаның өсуі шынымен де баяулайды, бірақ жылдам нəтижеге сенудің қажеті жоқ. Ұлттық банктің қатаң саясаты баға өсімін баяулатуға жағдай жасайды. Бірақ импорттық тəуелділікті, тарифтік қысым мен фискалдық тəуекелдерді төмендетпей, инфляцияны бір мəнді деңгейге тез қайтару қиын болады. Бұл міндет бір жылдың емес, бірнеше жылдың мəселесі болып қалуы мүмкін. Үкіметтің кейінгі жарты жылдағы саясаты осы бағытқа ден қойылғанын көріп жүрміз. Ұлттық банк қаңтар айында базалық мөлшерлемені жылдық 18% деңгейінде сақтап қалды жəне осы жылдың бірінші жартыжылдығында ақша-кредит саясатын жұмсартуы мүмкін екенін жасырған жоқ. Ұлттық банк өткен жылдың қорытындысы бойынша инфляция реттелуінің болжамына сəйкес келетінін айтса да инфляциялық тəуекелдер жоғары күйінде қалып отыр. Былтыр жылдың аяғында инфляция біршама баяулады. Соған қарамастан сарапшылар тұрақты дезинфляциялық тренд əлі қалыптаспағанын алға тартады. «Финам» инвес тициялық компаниясының макроэкономикалық талдау бөлімінің басшысы Ольга Беленькаяның айтуынша, кейінгі айларда елдегі инфляция қатаң ақша-кредит саясатымен, теңгенің нығаюымен əрі Үкіметтің бағаны ұстап тұру жөніндегі уақытша шараларымен баяулады. «Жылдың алғашқы тоқсанында инфляция өседі. Жыл соңына қарай біртіндеп 10-11%-ға дейін баяулайды», – дейді сарапшы. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы талдаушыларының пікірі де осымен үндес. Олардың сөзінше, инфляцияға қарсы қысым, соның ішінде импортқа тəуелділік пен əлсіз бəсекелестік нарықтағы жағдайға кері əсер етеді. Ел экономикасы бойынша болжамдар оң, бірақ инфляциялық тəуекелдер бар. Қаржыгер Əнуар Үшбаевтің айтуынша, Ұлттық банк таңдау алдында тұр. Үш жыл ішінде инфляцияны төмендету үшін сарапшылар қатаң монетарлық саясатты фискалдық шаралармен үйлестіруді ұсынады. Олар мемлекеттік шығыстарды қысқарту керектігін айтып жатыр. Бюджетті теңгерімдеу мен импортты алмастыру үшін отандық өндірісті дамыту керек. Артық өтімділіктен арылу үшін Ұлттық банк пен Үкіметтің іс-қимылын үйлестіру қажет. Қаржыгер елдегі инфляцияның себебі импорттық тауарлар бағасының өсуі мен теңге бағамының əлсіреуі екенін айтады. Сондай-ақ инфляцияға азықтүлік тауарлары құнының өсуі, соның ішінде көкөністер бағасының маусымдық қымбаттауы елеулі үлес қосқан. Инфляцияны тежеу үшін ақша массасын бақылау саясатын ұстанып, экономикалық шындыққа бейімделу қажет. Ал сарапшы Арман Бейсембаевтың айтуынша, монетарлық саясат жалпы стратегиялық бағыттың бір бөлігіне айналуға тиіс. Елдегі инфляция құрылымдық теңгерімсіздіктерден, тиімсіз монетарлық саясаттан туындайды. Сондықтан қазір елге фискалдық қатаңдық емес, ақылға қонымды икемділік керек. Инфляцияны мөлшерлеменің деңгейімен емес, өндірістік өсумен, өнеркəсіпті дамытумен жеңуге болады. Бізге бір рет инфляцияны қалаған деңгейге, мысалы, 8%-ға түсіріп, артынша терең дағдарысқа кеткеннен жыл сайын 3-4%-ға өсіріп, тұрақты дамығанымыз жақсы. Сарапшының айтуынша, қазіргі экономикалық саясат та осы бағытқа бейімделіп келе жатыр. Бірінші жартыжылдықтың соңына қарай жағдай тұрақталуға тиіс. Үкімет нарыққа жаңа жағдайға бейімделуге мүмкіндік берді. Енді бізге нарықтық модельге қарай жылжудан өзге жол жоқ.

Аружан МАУЛЕНБАЙ, «Заң газеті»

Сот отырысында тәртіп сақтау баршаға міндет

Сот отырысына қатысудың тәртiбі заңмен бекітілген. Сондықтан, сот залындағы...

Жаңа Конституция

Конституция – кез келген тәуелсіз мемлекеттің ең басты, ең...

Мемлекеттік тіл және құқықтық мемлекет қағидаты

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің егемендігі мен ұлттық бірегейлігінің маңызды...

Қазақстан Республикасындағы сот билігінің конституциялық мәртебесі

Қазақстан Республикасында сот билігі – мемлекеттік биліктің дербес тармағы...