Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясында «Халықаралық қатынастар» зерттеу орталығы ашылды. Бұл іс-шара аясында Думан Жекеновтың «Орталық Азия мұраты» монографиясы мен «Жылдық жинақ – 2025» сериясы бойынша Орталық Азия аймағының геосаяси, тарихи және қазіргі заманғы даму үдерістерін кешенді ғылыми тұрғыда талдауға арналған жылнамалық жинақтардың таныстырылымы жасалды.
Атап айтқанда, «Қырғыз Республикасы» жинағы А.Мухаметжанның, «Өзбекстан Республикасы» жинағы Г.Апсаттарованың, «Түрікменстан» жинағы О.Байсалбектің, «Тəжікстан Республикасы» жинағы Б.Сариеваның, «Қытай – Орталық Азия қатынастары: талдау жəне жылнама» жинағы Ф.Қыдырбектің авторлығымен жарық көріп отыр. Орталық басшысы Думан Жекеновтың сөзіне қарағанда, «Орталық Азия мұраты» жобасы – Орталық Азия кеңістігін терең əрі жүйелі зерттеуге бағытталған ұзақмерзімді ғылыми-сараптамалық бастама. Жоба аймақтық зерттеулерді институционалдық негізде дамытуға, тұрақты талдамалық мониторинг жүргізуге, сондай-ақ Қазақстанның ғылыми-сараптамалық əлеуетін халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған. Атал ған бастама Орталық Азия бойынша сапалы академиялық контент қалыптастырып, ғылыми қауымдастық пен сарапшылар арасындағы зияткерлік диалогты нығайтуды көздейді. Ал «Жылдық жинақ – 2025» сериясы – осы бағыттағы алғашқы жүйелі қадам. Бұл басылымдар, ең алдымен, аймақ елдері туралы ақпараттық базаны қалыптастыруды көздейді. Жинақтарда аймақ елдерінің сыртқы саясатының даму эволюциясы мен жаңа геосаяси бағдарлары, заманауи сын-қатерлері, негізгі статистикалық деректер, мемлекеттік басқару жүйесінің құрылымы (Президенттер институты, Министрлер кабинеті, əкімшілік-аумақтық бөлініс), халықаралық рейтингтердегі орны, екіжақты дипломатиялық қатынастар орнатқан мемлекеттер тізімі, шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері мен мүшелік ететін халықаралық ұйымдары жəне 2025 жылға арналған ұлттық даму күн тəртібіне қатысты сараптамалық мақалалар топтамасы енгізілген. Ұлттық ғылым академиясы президенті Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, академияның 80 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған жаңа орталықтың ашылуы еліміздегі əлеуметтік ғылымның жаңа сапалық кезеңге өткенін көрсететін маңызды оқиға. Ол халықаралық қатынастардың, өңірлік талдаулардың сапасын көтеруге, Орталық Азия елдері арасындағы ғылыми диалогты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Ал Тұран университетінің ректоры, ҚР Халықарлық университеттер қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың сөзіне қарағанда, Қазақстан 147 елмен экономикалық байланыста. Яғни, біз əлемдегі ең ықпалдасқан елміз деуге болады. Алайда елдің ішкі əлеуеті əлі толық игерілмеуде. Қазақстандағы барлық жоғары оқу орындарында халықаралық қатынастар факультеті не кафедралар бар. Алайда бірлескен зерттеулер жоқ. Елдің бəрі Орталық Азияны мəселелі аймақ деп санайды. Өйткені өңір елдері əлі бірбірімен тіл табыса алмай жүр. Мəселен, Қытайда Қазақстанды зерттейтін 50 институт бар екен. Ал біз өзге тұрмақ өз көршілерімізді зерттей алмай отырмыз. «Қазақстан мен Орталық Азия елдері жаһандық трендтер мен ұлттық стратегиялық міндеттердің тоғысқан кезеңінде тұр. Біздің əріптестігіміз – бұл тек экономикалық байланыстар ғана емес, сонымен қатар қауіпсіздік, орнықты даму жəне халықаралық аренадағы тиімді ықпалдастықты талап ететін ортақ жауапкершілік. Бұл үдерістің табысты болуы өңір мемлекеттерінің əлемдік экономиканың өзгермелі жағдайларына бейімделу қабілетіне жəне сыртқы серіктестермен ұлттық тəуелсіздікке нұқсан келтірмей теңгерімді қатынастар орната білуіне байланысты», – дейді ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің Саяси ынтымақтастық басқармасының басшысы Алмаша Аренова. «Əлемдегі геосаяси ахуал аумалы-төкпелі боп тұрғанда Орталық Азияға бірліктен басқа мұрат жоқ деп ойлаймыз. «Орталық Азия мұраты» монографиясы халықаралық қатынастарды тануға арналған. Орталық Азия бірлігін тарихтанушылар, əлеуметтанушылар, мəдениеттанушылар бастау керек. Жасанды интеллект, цифрландырудың бəрі халықаралық қатынастан айналып өтпейді. Сондықтан бұл еңбектің оқырманы барлық саланың ғалымдары болады деп ойлаймын. Біздің бұл жобаны бастағанымызға 3 жыл болды. Қазір Орталық Азия одағы жоқ. Біз кітапта ол болса деп жаздық. Өйткені Орталық Азия тек өзі бірікпеген. Оны басқалармен қосарлап біріктірген. Мəселен, Түркі мемлекеттері одағына Тəжікстан кірмейді. Еуразиялық экономикалық одаққа Орталық Азиядан 2-3 ғана мемлекет кіреді. Сондықтан Орталық Азиядағы 5 мемлекетті біріктіретін жеке одақ керек. Ол қашан құрылатынына ғалым ретінде болжам айт десеңіз, ол жуық уақытта болмайды. Бірінішіден, ол бізге ғана байланысты емес. Екінщіден, Орталық Азия мемлекеттерінің экономикасы əрқилы. Экономикалық одақ болу үшін белгілі бір деңгейде деңгейлес болу керек», – дейді «Халықаралық қатынастар» зерттеу орталығының басшысы Думан Жекенов.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


