Сот отырысына қатысудың тәртiбі заңмен бекітілген. Сондықтан, сот залындағы әрбір адам заң талабына бағынуға міндетті. Атап айтсақ, Азаматтық процестік кодекстің (АПК) 187-бабына сәйкес, залға судья кiрген кезде сот залындағылар орындарынан тұруы тиіс. Сондай-ақ, шешiм шығармай аяқталатын істегі сот шешiмiн немесе ұйғарымын да түрегеп тұрып тыңдайды. Сот отырысындағы әрбір адамның судьяға «құрметті сот» деп сөйлеуі де міндет.
Техникалық байланыс құралдары сот процесіне қатысу ерекшеліктеріне сай қолданылады. Мысалы, іске қатысушылар мен олардың өкілдері, куәлар, сарапшылар, т.б. өздеріне қажетті ақпараттарға қол жеткізу, мән-жайларды анықтау, сот отырысының барысын жазып алу сияқты әрекеттерді Азаматтық процестік кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асырады. Техникалық құралдарды пайдалану тәртібін сақтамаудың салдары алынған деректерді пайдалануға кедергі келтіруі мүмкін, сондықтан, бұл кінәліні жауапқа тартуға негіз болады. Сот талқылауы барысының дыбыс-бейне жазбалары, видеоға, суретке түсіру АПК-нің 19-бабы жетінші бөлігінің негізінде жүргізіледі.
Сот отырысында тәртiп бұзушыларға қолданылатын шаралар осы кодекстің 188-бабымен айқындалған. Мәселен, сот залындағылардың бірі істi талқылау кезiнде тәртiп бұзса оған соттың атынан ескерту жасалады. Соған қарамастан ол тәртiпсіздікті қайталаса сот ұйғарымымен сот талқылауына мүлде немесе оның бiр бөлiгiне қатыстырылмайды. Айтып өтерлігі, сот отырысына қайта кіргізілген адам ол болмаған кезде жасалған процестік әрекеттермен таныстырылады. Ол өзі жоқ сәтте зерттелген мән-жайлар бойынша түсініктеме беру және істің басқа қатысушыларына сұрақтар қою мүмкіндігіне ие.
Егер іске қатысы жоқ адамдар қайталап тәртіп бұзса төрағалық етушінің өкімімен сот залынан шығарылады. Iс талқыланып жатқанда жаппай тәртіп бұзылған жағдайда сот iске қатыспайтын адамдарды түгелдей сот отырысы залынан шығарып жіберуге құқылы. Сондай-ақ, сот iстi жабық отырыста қарай немесе iс талқылауын кейiнге қалдыра алады. Бұл үшін істі жабық сот отырысында қарау және шешу туралы ұйғарым шығарылып, ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
Егер процеске қатысушы сот талқылауы барысында сотқа құрметтемеушілік танытса оған АПК-нің 120-бабымен әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін. Тәртіп бұзушының әрекеттерінен қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталса, қылмыстық жауапқа тартылады.
Заңның бұл талаптарын неге айтып отырмыз, әрбір сот отырысына қатысушы процеске келгенде тәртіп сақтау керектігін білулері тиіс. Өйткені, соттың шешімі мемлекет атынан қабылданады.
«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы бабамыз айтқандай, сот залында тәртіп сақтау, заңға бағыну біздің елдігімізді көрсетеді.
Әсет Боранбаев, Алмалы аудандық №2 сотының судьясы Алматы қаласы


