Еліміздің Ата Заңымыз – Конституцияның 3-бабына сәйкес, Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы — халық. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі №2464 «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 2-бабының (Сайлау туралы Конституциялық заңы) талабымен сайлау бостандығы, яғни Республикадағы сайлау Республика азаматының сайлау және сайлану құқығын еркiн жүзеге асыруына негiзделген.
Сайлау туралы Конституциялық заңының 4-бабында жалпыға бірдей сайлау құқығы қаралған: Жалпыға бiрдей белсендi сайлау құқығы — Республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысу құқығы.
Бәсең сайлау құқығы — Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң, мәслихатының депутаты, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі немесе жергiлiктi өзiн-өзi басқару органына мүше болып сайлану құқығы.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 2 қарашадағы №2592 «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңының (Референдум туралы Конституциялық заңы) 5-бабында Референдумға қатысу құқығы тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез-келген өзге жағдаяттарға қарамастан Республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарына берiледi. Республиканың өзге азаматтарының референдумға қатысу құқығын қандай да болмасын тiкелей не жанама шектеуге жол берiлмейдi және бұл заң бойынша жазаланады.
Сондай-ақ, Сайлау және Референдум туралы Конституциялық заңдарында сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар сайлауға және референдумға құқығы жоқ екені қаралған.
Референдум комиссияларының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) осы Конституциялық заңға қайшы келмейтін бөлігінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес шағым жасалуы мүмкін.
Соттар мен прокуратура органдары сайлау комиссиялары мүшелерiнiң, азаматтардың, заңда белгiленген тәртiппен тiркелген қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң дауыс берудi өткізу мәселелеріне қатысты, оның ішінде сайлау туралы заңнаманың бұзылуы туралы сайлауға дайындық және оны өткізу кезеңiнде келiп түскен арыздарын қабылдауға, егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, оларды – бес күн мерзiмде, ал дауыс беру алдындағы бес күнге жетпейтiн уақыт iшiнде және дауыс беру күнi келiп түскендерiн дереу қарауға мiндеттi.
Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару органдарының, кәсiпорындар мен ұйымдардың, олардың лауазымды адамдарының сайлау туралы заңдарды бұзатын шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне сотқа шағым жасалады.
Соттар, прокуратура органдары мен сайлау комиссиялары өз жұмысын сайлау процесi кезiнде, оның iшiнде демалыс күндерi және сайлау өтетiн күнi, шағымдарды қабылдау мен қарауды осы Конституциялық заңда белгiленген мерзiмде қамтамасыз ететіндей етiп ұйымдастырады.
Азаматтар мен ұйымдардың сайлау заңнамасын бұзушылықтар туралы өтініштерiн, егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, сайлау комиссиялары шағым түскен күннен бастап бес күннiң ішінде қарайды.
Сайлау комиссиясының және оның мүшелерiнiң шешімдері мен іс-әрекеттеріне (әрекетсіздiгіне) жасалған шағымды, егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, жоғары тұрған комиссия шағым түскен күннен бастап үш күннiң ішінде қарайды.
Сайлау және Референдум туралы Конституциялық заңдарының 50-бабы мен 36-бабында сайлау және референдум туралы заңдардын бұзғаны үшін жауапкершіліктер көзделген, оның ішінде: Тұлға: сайлау комиссиясының жұмысына араласқан, дауыс беруге кедергi келтiрген, кандидатты, партиялық тiзiмдердi тiркеуге байланысты мiндеттердi орындауға кедергi келтiрген, дауыстарды санауға және сайлау қорытындыларын анықтауға байланысты мiндеттердi орындауға кедергi келтiрген, кандидатты, саяси партияны сайлау мақсатында өзiнiң лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдаланған, сайлау құжаттарын қолдан жасаған, дауыстарды көрiнеу қате санаған, сайлау нәтижелерiн көрiнеу қате айқындаған, дауыс беру құпиясын бұзған, Республика азаматының өз сайлау құқығын еркiн жүзеге асыруына зорлық-зомбылық жасау, алдау, қорқыту, сатып алу жолымен кедергi келтiрген жағдайда заңмен белгiленген қылмыстық жауаптылықта болады.
Республика азаматының референдумға қатысу жөнiндегi құқығын еркiн жүзеге асыруына, оған қойылған мәселе (мәселелер) бойынша үгiт жүргiзуiне қандайда болсын нысанда кедергi келтiру, сайлау құжаттарын қолдан жасау, дауыстарды қасақана дұрыс санамау, дауыс беру құпиясын бұзу немесе республикалық референдум туралы заңды өзге де бұзу заңда белгiленген тәртiппен жауаптылыққа әкелiп соғады.
Осы Конституциялық заңдарының бұзылуы анықталған кезде сайлау комиссиясы сотқа не прокуратураға жүгiнуге құқылы.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің 25-тарауында Сайлауға, Республикалық рефрендумға қатысатын азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғау туралы әкімшілік істер бойынша іс жүргізу талаптары көзделген.
Егер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында өзгеше көзделмесе, сайлауды, республикалық референдумды дайындау және өткізу кезеңінде, сондай-ақ дауыс беру күнінен бастап бір ай ішінде келіп түскен талап қою – бес күндік мерзімде, ал дауыс беру күніне дейін бес күнге жетпейтін мерзімде, дауыс беру күні және сайлаудың, республикалық референдумның қорытындылары жарияланғанға дейін келіп түскен талап қою дереу қараладаы.
Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тізімдерін түзету қажеттігі туралы сайлау комиссиясының шешіміне шағым жасау туралы талап қою келіп түскен күні қаралады.
Талап қоюды сот талап қоюшының, тиісті сайлау комиссиясы немесе мемлекеттік орган, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органы, кәсіпорын, ұйым өкілінің, прокурордың қатысуымен қарайды. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған аталған адамдардың сотқа келмей қалуы әкімшілік істі қарауға және шешуге кедергі болмайды.
Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы А.Шарханов


