Қазақстан Республикасының әскери соттар жүйесі еліміз егемендік алғаннан кейін 1992 жылы маусым айында құрылып, тәуелсіз еліміздің алғашқы мамандандырылған соты болып саналады. Жалпы еліміздің әскери сот құрылымының басқа соттардан айтарлықтай өзгешелігі жоқ. Тек ең басты айырмашылығы әскери соттарда қаралатын істердің ерекшелігінде деп білеміз. Яғни мұнда қаралатын азаматтық істер бойынша тараптардың бірі әскери қызметші, әскери басқару органы немесе әскери бөлім болуы тиіс. Сондай санаттағы істерді қарайтындықтан сала әскери сот саналады. Ал қылмыстық істерде сотталушылардың біреуі әскери қызметші болуы ләзім. Осы бір ерекшелік әскери сот екенімізді айқындайды.
Әскери соттардың қызметі мен олардағы сот отырыстарын ұйымдастырудың басқа соттардан айырмашылығы оның субъектілік құрамында және қаралатын істердің ерекшелігінде жатыр.
Әскери соттардың басты ерекшелігі – қаралатын азаматтық істер бойынша тараптардың бірі міндетті түрде әскери қызметші, әскери басқару органы немесе әскери бөлім болуы тиіс. Әскери соттар Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілерінің, сондай-ақ әскери жиындардан өтіп жүрген азаматтардың әскери басқару органдары мен лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдануы туралы істерді қарайды.
Қазіргі таңда Қазақстанның сот жүйесінде облыс орталықтарында орналасқан бес гарнизондық әскери сот жұмыс істейді, олар аудандық соттарға теңестірілген. Ал Нұр-Сұлтан (Астана) қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты бүкіл ел аумағында әскери қызметшілер жасаған аса ауыр қылмыстарды қарайды.
Гарнизондық әскери соттардың еліміздің әртүрлі аймақтарында орналасуына байланысты, сот отырыстарын ұйымдастыруда заманауи ақпараттық технологиялар шешуші рөл атқарады. Дыбыс-бейне тіркеу жүйелері мен бейнеконференция байланысы арқылы қашықтықтан сот процестерін жүргізу кеңінен енгізілген. Бұл жүйе республиканың басқа аймақтарындағы тараптарды, куәларды немесе сотталушыларды сот залына тікелей шақырмай-ақ істерді қарауға мүмкіндік беріп, тараптардың уақыты мен қаржысын айтарлықтай үнемдеуге жол ашады.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (ӘРПК) күшіне енуі әскери сот процестерінде соттың белсенді рөлін қалыптастырды. Бұл процестің басты ерекшелігі – сот тараптар берген дәлелдемелермен ғана шектелмей, істің барлық мән-жайларын жан-жақты зерттеу үшін өз бастамасымен қосымша материалдар жинауға міндетті. Сонымен қатар, дәлелдеу ауыртпалығы әрқашан әкімшілік актіні қабылдаған әскери басқару органына немесе бөлім командиріне жүктеледі. Яғни, қабылданған шешімнің заңдылығын мемлекеттік органның өзі дәлелдеуі тиіс.
Әскери соттарда, әсіресе жарғыдан тыс қатынастарға байланысты қылмыстық істер бойынша мерзімді қызметтегі сарбаздардан жауап алудың өзіндік тактикалық ерекшеліктері бар.
Сарбаздардың әскери ұжым мен командирлер тарапынан болатын психологиялық қысымға бейімділігін ескере отырып, төмендегідей шаралар қолданылады:
Куәға өзін қауіпсіз сезіну мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет, мұны қамтамасыз етудің бастапқы шарасы ретінде куәдан жауап алуды тікелей қылмыстық қудалау органында жүргізу қажеттігі танылады.
Куәны қорғаудың тағы бір маңызды әрі тиімді шарасы – Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі (бұдан әрі – ҚПК) 12-тарауының ережелеріне сәйкес қауіпсіздік шараларын қолдану, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» заңы негізінде шақыру бойынша мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған негіздерді қарастыру болып табылады.
Сондықтан да куәгерлер мен жәбірленушілерден әскери бөлімнен тыс жерде, яғни органның ғимаратында жауап алу ұсынылады.
Жауап алу барысында аудио-бейнежазбаны міндетті түрде қолдану айғақтардың дұрыстығын қамтамасыз етеді.
Егер куәгерге немесе жәбірленушіге әскери ұжым тарапынан қауіп төнсе, оны сот процесі аяқталғанша басқа әскери бөлімге ауыстыру шарасы қарастырылған.
Әскери соттарда сот отырыстарын ұйымдастыру – әскери қызметтің ерекше режимін, әскери иерархияны және ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерін ескеретін күрделі процесс.
Қазіргі уақытта әскери соттардың барлық қойылатын талаптарға толық сәйкес келетініне сенімді түрде айтуға болады. Жыл сайын кадр саясаты жетілдіріліп, заманауи технологиялар енгізілуде. Жүргізіліп жатқан сот реформасы аясында әскери соттар сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттырып, сот билігінің тәуелсіздігі мен беделін нығайтып келеді.
Бүгінде Қазақстанның сот жүйесі жалпы алғанда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тиімді сот арқылы қорғауды, сондай-ақ ұйымдар мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қамтамасыз ету қажеттіліктеріне сай келеді. Дегенмен, алда әлі де ел Президенті айқындаған міндеттерді орындау, соттардың қызметін үздіксіз жетілдіру, судьялардың кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс.
Сот жүйесінің ашықтығы мен жариялылық қағидаттарын сақтай отырып, әскери соттар Қарулы Күштердегі заңдылықты нығайту мен әскери қызметшілердің құқықтарын қорғаудың тиімді механизмі болып табылады.
Алматы гарнизонының Әскери сот әкімшісінің бас маманы – сот отырысының хатшысы Нұрланова Айдана Нұрланқызы


