Қазақ халқы ерте заманнан дау-дамайды ушықтырмай, сабырмен, ақылмен шешуге ерекше мән берген. Кез келген жанжал ел ағаларының, билердің араласуымен, көпшіліктің қатысуымен әділ түрде қаралып, тараптарды бітімге келтіру басты мақсат болған. Осындай дәстүрлі тәсілдер арқылы тек жеке адамдар арасындағы емес, руаралық және елдік деңгейдегі күрделі мәселелер де оң шешімін тауып отырған.
Бұл үрдіс қазіргі құқықтық жүйеде де өз жалғасын табуда. Қазақстанда дауларды бейбіт жолмен шешудің құқықтық негізі ретінде 2011 жылғы 11 қаңтарда «Медиация туралы» Заң қабылданды. Алайда ұзақ уақыт бойы тараптардың бірі мемлекеттік орган болған жағдайда медиация рәсімін қолдану шектеулі еді.
Кейін әкімшілік әділет жүйесінің енгізілуімен және Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (ӘРПК) күшіне енуімен жария-құқықтық дауларды да медиация тәртібімен реттеу мүмкіндігі кеңейді. Аталған кодекстің талаптарына сәйкес, соттар дауды қараудың барлық кезеңінде тараптарды татуластыруға күш салады және келісімге келуге жәрдемдеседі.
Медиация – бұл тараптардың ерікті түрде келісуіне негізделген, медиатордың көмегімен өзара тиімді шешімге келуге бағытталған рәсім. Оның басты ерекшелігі – бір тарапты кінәлі деп тану емес, екі жақтың да мүддесін ескеретін ортақ шешім табу.
Әкімшілік сот өндірісінде де тараптар сот шешімі шыққанға дейін кез келген сатыда татуласу, медиация немесе партисипативтік рәсім арқылы істі толық немесе ішінара аяқтай алады. Бұл – дауды тез әрі тиімді шешудің баламалы жолы.
Сонымен қатар, заңнамада медиацияны қолданудың белгілі бір шарттары қарастырылған. Мысалы, әкімшілік істер бойынша жауапкердің әкімшілік қалауы болған жағдайда ғана татуласуға жол беріледі. Ал тараптар қол жеткізген келісім соттың ұйғарымымен бекітіледі.
Егер келісім ерікті түрде орындалмаса, ол сот арқылы мәжбүрлеп орындатылуы мүмкін. Тіпті сот бекіткен келісімді орындамаған жағдайда жауапкерге заңда белгіленген мөлшерде айыппұл да салынуы ықтимал.
Ал тараптар келісімге келе алмаған жағдайда іс жалпы тәртіппен қаралады.
Қорытындылай келе, медиация – қазақ халқының дәстүрлі билер институтымен үндесетін, қазіргі заманда тиімділігін дәлелдеген дауларды шешудің өркениетті тәсілі. Ол қоғамдағы келісімді нығайтып, адамдар арасындағы қарым-қатынасты сақтауға мүмкіндік береді.
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы
А.Капарбекова


