Қазақстанда қылмыстың алдын алу (профилактика) – құқықтық мемлекетті қалыптастырудағы және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі еліміздің басты басым бағыттарының бірі. Соңғы жылдары елімізде қылмыстың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар күшейтіліп, бұл аталған бағыт еліміздің ішкі саясатының маңызды бөлігіне айналды.
Қылмыстың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Оның басты мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық санасын арттыру және қылмыс жасауға итермелейтін әлеуметтік себептерді жою. Осы мақсатта Қазақстанда заңнамалық, әлеуметтік, тәрбиелік және ақпараттық шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде деген медицина саласының басты қағидаларының бірі қылмыстық құқықтың негізгі ұстанымдарының бірі қылмыстың салдарымен емес себебімен күресуді көздейтін, қылмыстың алдын алудың қылмыспен күресудегі маңыздылығын айқын көрсетеді. Криминологиядағы осы мәселенің басты орынға қойылмауы, жеткілікті деңгейде жүргізілмеуіне, жан жақты толық зерттелмеуіне байланысты қазіргі таңда осы мәселе ушығып келіп қазіргі қалыптасып отырған жағдайға тап болдық. Тек соңғы кезде қоғамда қатты талқыланып отырған қаржы пирамидасы, педофилизм, қайырымдылық қорлардың орасан зор мөлшерде ақша қаражаттарын жымқыруы осы мәселелердің алдын дер кезінде алмағанымыздан деп білемін. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бастап іс жүзінде қылмыстың алдын алу мәселесімен жүйелі түрде жұмыс жасауды тоқтатты десе де болады. Бұл мәселе тек қылмыстың жекелеген түрлерімен және жергілікті деңгейде, не нақты бір аймақта ғана және кешенді түрде емес, тек жекелеген органдармен ғана жүргізіліп келді. Ресейлік ғалым А.И. Алексеев, жекелеген бағыттар бойынша күресуде бұрынғыдай басымдық жоқ деп есептейді [1, с.97]. Қазіргі таңда мемлекет пен қоғам заман талаптарына сай келетін қылмыстың алдын алудың жаңа жүйесін жасау қажеттігін толықтай түсініп, өтпелі кезеңдегі жоғалтқан мәселелерді қалпына келтіруге қатысты шараларды атқаруға кірісіп кетті десек те болады [2, с.161–162]. Соған қарамастан ғалымдар шешімін толық таппаған жекелеген мәселелерді көтеріп келеді. Қылмыстың алдын алудың болашағы, үлкен бір бағыты ол қылмыс жасауға итермелейтін виктимді жүріс-тұрысты құрайтын жағдайларды анықтау, жою немесе оларды залалсыздандыруға; қауіпті топты және виктімділік деңгейі аса жоғары нақты тұлғаларды анықтап, олардың алдын алу мақсатында қалпына келтіру не қорғану қасиетін белсендендіру мақсатында оларға әсер ету; азаматтарды қылмыстан қорғау құралдарын жасау және қолданыстағы құралдарды жетілдіру және болашақта виктимизациялау мақсатында бағытталған әлеуметтік институттардың айрықша қызметі болып табылатын виктимологиялық алдын алу. [2, c. 161–162]. ҚР Ішкі істер Министрлігінің мәліметтері бойынша қылмыстық виктимология деңгейі өте жоғары, әрбір төртінші тұрғын жыл сайын қандай да бір қылмыстық қол сұғушылықтың құрбанына айналуда. [3, c. 43]. Өкінішке орай, заң бойынша жекелеген олқылықтар, атап айтсақ, виктимологиялық алдын алу қылмыстың алдын алудың жекелеген түрі ретінде бекітілмеген. Қазіргі уақыттқа дейін қылмыстың алдын алудың тиімділігі, оның тиімділігінің көрсеткіштері мен критерийлері туралы мәселе толық шешімін таппады. Профилактика латын тілінен аударғанда «ескерту», «алдын ала сақтану» дегенді білдіреді [4, с. 407]. С. И. Ожеговтың орыс тілі сөздігінде профилактика қалыпты жағдайды, тәртіпті сақтап, оны бекітуге бағытталған алдын ала ескерту шараларының жиынтығы деп анықтама берілген [5, с. 616]. Яғни профилактика қылмыстың алдын алудың басты негізін құрайды, өйткені қылмыс жасауға жол бермейді, әрі қылмыстық әрекеттің қауіпті салдарынан құтылуға мүмкіндік береді. Ғалымдар тарапынан да профилактиканың түсінігін ашуда әртүрлі талпыныстар болды. Мысалы, Аванесов Г. А. қылмыстың профилактикасы – бұл қылмыстың себебін, оны жасауға итермелейтін шарттар мен жағдайларды анықтауға, сондай-ақ қылмыс жасауы мүмкін тұлғаларды (олардың қоғамға қарсы әрекеттеріне қарап) анықтап, олармен қажетті жұмыстарды жүргізуге бағытталған қызмет деп түсінік берді [6, с. 339]. Жалинский А. Э. қылмыстың профилактикасы мазмұнын қылмыс жасауға жетелейтін теріс пиғылды жою мақсатында адамдардың жүріс-тұрысын реттеуге бағытталған арнайы әдістер мен құралдарды, білімдер мен қабілеттілікті қолдануды көздейтін әлеуметтік процесс деп түсіндіреді [7, с. 315]. Қылмыстың профилактикасы түсінігі, оның жүйесі және түрлері, қылмыстылыққа қарсы тигізетін әсерін айқындайтын басқа ұғымдардан өзгешелігіне қатысты әртүрлі анықтамалар көптеп кездеседі. Дегенмен, елімізде көптеген жылдар бойы қылмысты ескерту, не қылмыстың алдын алуға бағытталған заң ұзақ уақыт бойы қабылданбай келді. ҚР құқық бұзушылық профилактикасы туралы, 2010 жылы 29 сәуірде қабылданған заңда құқық бұзушылық профилактикасы — құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды анықтау, зерделеу, жою арқылы құқықтық тәртіпті сақтауға және күшейтуге бағытталған, құқық бұзушылық профилактикасының субъектілері жүзеге асыратын құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық шаралар кешені деп анықтама берілген. Бұл заңның 20 бабына сәйкес қылмыстың алдын алудың 3 түрі, яғни жалпы, жеке және арнаулы болып жіктеліп жүзеге асырылатындығы көрсетілген. Бұрыннан қалыптасқан қылмыстың алдын алудың жалпы және жеке түрінен басқа виктимологиялық алдын алуды қоса көрсетеді. [8, с. 133]. Іс жүзінде заң бойынша виктимді профилактиканы профилактиканың жеке түрі ретінде қарастырады, бұл негізсіз және дұрыс емес. Криминологтар оны азаматтардың виктимді жүріс-тұрысын құрайтын факторларды анықтауға және жоюға бағытталған қылмыстың алдын алудың дербес түрі ретінде қарастырады және азаматтарды қылмыстан қорғаудың әдістері мен құралдарын жасауға бағытталған. [9, с. 378]. А. Э. Жалинскийдің пікірі бойынша, қылмыстың профилактикасы егер оның көмегімен қысқа мерзім ішінде аз күш пен құрал жұмсай отырып қылмыс жасаудың себептері мен жағдайлары толықтай жойылып, қылмыс жасауға бейім тұлғалардың құқықтық жүріс-тұрысын қамтамасыз ете алған жағдайда тиімді болып есептеледі [7, с. 511]. Айтылғандардан қылмыстың профилактикасының тиімділігі, жалпы алғанда, бірінші кезекте, қылмысты жасауға, қылмысты болдырмауға жол бермеу деп анықтауға болады. Көптеген зерттеулерде мұның тиімсіз жүзеге асырылатындығы туралы айтылады. [17, с. 29], құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің өзі заңмен көзделген профилактикалық шаралардың барлығын қолдана бермейді. Судьялардың өзі үкім не шешім шығару кезінде осындай сипаттағы істердің алдын алу үшін қандай профилактикалық шаралар қолдану қажеттігін көрсетпейді. Еліміздің Президенті Қ. Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына жасаған Жолдауында үйлесімді, әділетті әрі тұрақты қоғам қалыптастырудағы заң мен тәртіптің маңыздылығына тоқталды [11, с. 29]. Оны жүзеге асыру мақсатында ҚР Үкіметі «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын дайындап, оның аясында құқық бұзушылықты дер кезінде анықтап, оны дер кезінде ашуды, алдын алу шаралары мен азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға басты назар аудару қажеттігі көрсетілді.
Мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламаларда жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Мектептер мен жоғары оқу орындарында құқықтық тәрбие беру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, салауатты өмір салтын насихаттау – қылмыстың алдын алудың тиімді жолдарының бірі. Сонымен қатар, жұмыссыздықты азайту, әлеуметтік қолдау көрсету де қылмыс деңгейін төмендетуге ықпал етеді.
Ішкі істер министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдар қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойынша жұмысты күшейтті. ІІМ мәліметтері бойынша, 2025 жылдың І тоқсанында алдын алу шаралары көрсеткіштерінің айтарлықтай өсуі байқалды, бұл бұзушылықтарды анықтау және жою бойынша жүйелілікті, белсенді жұмысты, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыруды көрсетеді.
Профилактикалық іс-шараларды күшейту бойынша қабылданып жатқан шаралар 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда әкімшілік құқық бұзушылықтардың анықталуын 33%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Мұндай өсім құқық бұзушылықтарды ерте сатысында анықтау және аса ауыр қылмыстардың алдын алудағы полиция қызметінің тиімділігін көрсетіп отыр. Қазіргі уақытта халықтың осал топтарын қорғау, қылмыспен күресу шараларын күшейтуге бағытталған, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және туристер үшін қолайлы жағдай жасау бастамалары бойынша маңызды заңнамалық өзгерістер талқылануда.
Еліміздің Ішкі істер министрлігі былтырғы 2025 жылды қылмысқа қарсы профилактика жылы деп жариялап, осы бастама аясында қоғамдық тәртіпті күшейтіп, қылмыстың алдын алу және құқықтық мәдениетті арттыруды басты мақсат етіп қойды.
Нақты айтсақ, осы жобаны іске асыру шеңберінде құқық қорғау құрылымдары қылмыстың алдын алуға бағытталған жұмыстарды күшейтіп, тұрғындармен байланысты жаңа деңгейге көтеруді мақсат етіп отыр. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға арналған бұл бастама азаматтардың құқықтық білімін арттырып, заңға қайшы әрекеттердің жолын кесуге тың серпін бермек. Осы бағытта өңірде атқарылып жатқан профилактикалық шаралар туралы
Облыс аумағында «Қауіпсіз аймақ» атты жедел алдын алу іс-шарасы жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Белгіленген кезең ішінде жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде бұрын сотталған тұлғалар қатысқан қылмыстардың саны 7,9 пайызға азайған. Сонымен қатар, соттылығы жойылмаған адамдармен жасалған құқық бұзушылықтар 20 пайызға, қайта жасалған қылмыстар 50 пайызға, ал топ болып жасалған қылмыстар 22,2 пайызға төмендеген. Қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында «мүлдем төзбеушілік» қағидаты аясында 4977 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.
Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел профилактикалық шара өткізілген. Нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының азайғаны байқалып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың тиімділігі көрініс тапты. Қазіргі таңда жол апатына себеп болатын құқық бұзушылықтарды анықтауға ерекше мән беріліп, бұл бағыттағы бақылау күшейтілуде. Осы орайда, 18–21 ақпан аралығында облыс көлемінде «Қауіпсіз жол» жедел іс-шарасын өткізу жоспарланғанын Ердәулет Баянбайұлы атап өтті
Құқық қорғау органдары профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, «нөлдік төзімділік» қағидатын енгізуде. Учаскелік полиция инспекторларының рөлі артып, халықпен тікелей байланыс орнату арқылы тұрмыстық қылмыстардың алдын алу шаралары жүргізілуде. Бейнебақылау жүйелерін енгізу, цифрлық технологияларды пайдалану да қылмыстың алдын алуда маңызды құралға айналды.
Қылмыстың алдын алудың қазіргі таңда қалыптасқан шешілуі қиын мәселелеріне, бірінші кезекте әлеуметтік жағдайдың нашарлығы мен төмен құқықтық сауаттылық сияқты қылмыс жасауға итермелейтін себептерді анықтап оларды жою қажеттігі кіреді. Оларды шешуде заңды құрметтеуге, заңи мінез-құлық қалыптастыруға, келтірілген залалдың мөлшерін азайтуға және болашақта қайталанбауына бағытталған әлеуметтік, құқықтық, педагогикалық және басқа да әдістерді қамтитын жалпы және жеке іс шаралар қолданылады.
Әлеуметтік және экономикалық факторлар:Отбасы жағдайының нашарлығы, қолайсыз тұрмыс жағдайы, кедейлік қылмыс жасауға жетелейтін факторлар.
Құқықтық мәдениеттің төмендігі: құқықтық сауаттылықтың жеткіліксіздігі және азаматтардың құқықтық білімінің деңгейінің төмендігі қылмыстың алдын алудың тиімділігін азайтады.
- Бұқаралық ақпарат құралдарының әсері: Бұқаралық ақпарат құралдары, жағымсыз мазмұндағы ақпараттар қылмыс жасауға итермелеуі мүмкін.
- Жасөспірімдер арасындағы мәселелер: Бақылаусыз, қараусыз қалуы, ересектер арасынан арандату кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың себептерінің негізгілері болып табылады.
Мәселені шешу жолдары:
- Қылмыстың алдын алудың жалпы әдістері: қолайлы әлеуметтік ортаны құруға, заңды құрметтейтін жүріс-тұрысты қалыптастыруға және қылмыстылықтың негізгі себептері мен жағдайларын жоюға бағытталған. Қылмыстың алдын алудың күрделілігі оның кешенді сипатымен тікелей байланысты (әлеуметтік, экономикалық, мәдени) және оларды толық түпкілікті жою ұзақ уақытты және күш-жігерді талап етеді.
- Қылмыстың алдын алудың арнайы әдістері: Тиісті әлеуметтік топтарға әсер ету арқылы қылмыстың жекелеген түрлерінің алдын алуға негізделген, мысалы, экономикалық немесе экологиялық.
- Қылмыстың алдын алудың жеке әдістері: әлеуметтік оңалту, жұмыссыздықпен күрес, педагогикалық әдістер және әкімшілік шараларды (айыппұл, қамау) қамтитын алдын алу шараларын қолдану арқылы қатерлі аймақта тұрған нақты тұлғалармен жұмыс жасау. Қылмыс жасауға бейім тұлғалармен жұмыс жасау. Қылмыстың алдын алудың басты міндеті қылмысты бастапқы кезеңінде қылмыстық жазаланатын әрекетке айналмай тұрып жолын кесу.
- Құқықтық шаралар: Алдын алудың жүйесінінң негізгі нормаларын қоса алғанда қылмыстың алдын алу мәселелерін реттейтін заңдарды қабылдау және қолданыстағы заңдарды жетілдіру.
- Ақпараттық-ағартушылық жұмыс: Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған және БАҚ жағымсыз әсерінің алдын алуға қатысты жұмыстарды жүргізу.
- Тиімділіктің төмендігі: Қолданылып жүрген профилактикалық шаралар көп жағдайда көзделген нәтижеге жете бермейді. Бұл жағдай ресурстардың жеткіліксіздігімен, алдын алу әдістерінің дұрыс таңдалмауымен немесе олардың нақты жағдайларда тиімді болмауымен байланысты болуы мүмкін.
- Кешенді түрде қарастыру: Қылмыстың алдын алуды тиімді жүзеге асыру үшін осы үш деңгейді де үйлестіріп жүзеге асыру керек, және осы процеске әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік және қоғамдық органдарды тартқан дұрыс.
Қорыта айтқанда, Қазақстандағы қылмыстың алдын алу – ұзақ мерзімді әрі кешенді үдеріс. Бұл бағыттағы табыс мемлекет, қоғам және әрбір азаматтың бірлескен жауапкершілігіне байланысты. Қауіпсіз қоғам құру – ортақ мақсат, ал қылмыстың алдын алу сол мақсатқа жетудің басты жолы болып қала береді.
Иса Нұржан, Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университеті,
1 курс магистранты
Бизнес және құқық жоғары мектебі, Қазақстан, Алматы
Ғылыми жетекшісі: з.ғ.д. профессор Шарипов Ш.М.


