Қасым-Жомарт Тоқаев: Жаңа Конституциямыз құтты болсын!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум барысында жүргізілген экзит-полл қорытындысымен танысты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

«Бүгін – Қазақстан үшін тарихи күн! Еліміздің азаматтары конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді түрде қатысты. Отанымыздың болашағын ойлап дауыс берді. Бұл – өте жақсы оқиға. Қазір ғана экзит-поллдың нәтижелері шықты. Соған сәйкес қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады. Халқымызға шынайы ризашылығымды айтқым келеді. Бүгін жұртымыз дауыс беріп, Қазақстанның тарихын, тағдырын айқындады. Бұл шешім дүние жүзі тарихында мәңгі сақталады. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені бұл – азаматтарымыздың бойындағы нағыз отаншылдық нышаны. Енді жыл сайын 15 наурызды – Конституция күні, яғни, еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде қарсы аламыз. Себебі Қазақстан халқы жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді. Бұл – біздің бәрімізге ортақ жетістік. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!» – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдум аса жоғары деңгейде өткенін, ашық әрі әділ болғанын айтты. Президенттің пікірінше, барлық заң талаптары мен демократиялық нормалар қатаң сақталды. Мұны еліміздің және шетелдің байқаушылары да айтып отыр.

«Азаматтар жасаған таңдаудың түпкілікті қорытындысын заңға сәйкес Орталық референдум комиссиясы ресми тәртіппен шығарады. Бірақ қазірдің өзінде Қазақстан халқы ынтымақ пен бірліктің, патриотизмнің, Отан тағдырына ортақ жауапкершіліктің керемет үлгісін көрсетті деп айта аламыз. Азаматтарымыздың басым бөлігі Өркендеу, Әділет, Заң мен Тәртіп, Табиғатты аялау және Тазалық жолын таңдады. Бұл – өте жақсы жол. Жаңа Халық Конституциясы елімізді тың жетістіктер мен табыстарға бастайды. Бұған ешқандай күмән жоқ. Дауыс берушілер саны бойынша ең жоғары рекордтық көрсеткіш тіркелді. Мұндай жағдай көптен бері болмап еді. Учаскеге келіп, азаматтық ұстанымын анық білдірген баршаға алғыс айтамын. Осы арқылы күллі әлемге қазақ қоғамының саяси мәдениеті жоғары екенін паш еттік. «Бірлік бар жерде тірлік бар». Бірлік бар жерде өркендеу бар. Елдің қуаты – бірлікте. Бізге татулық пен достық, сабырлық пен табандылық, жасампаздық пен ұқыптылық, еңбекқорлық пен сенімділік ауадай қажет. Сонда ғана озық, дамыған, бәсекеге қабілетті ел боламыз», – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан халқы қолдаған, жаппай дауыс берген Конституция – еліміздің темірқазығы.

«Жаңа Конституция – Тәуелсіздік пен егемендік тірегі. Ата заңымыз – адам құқығы мен бостандығының мызғымас кепілі. Біз бір ел болып Заң мен тәртіп сақталатын, жауапты және жасампаз азаматтары бар Әділетті қоғам құру жолында маңызды қадам жасадық. Осылайша, бүгін ұлт тарихының жаңа парағын аштық. Алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Ең бастысы, халқымыз түбегейлі өзгерістерді барынша қолдайды. Біз ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, келер ұрпаққа Өркениетті, Озық Қазақстанды аманат етеміз. Мен бұған кәміл сенемін. Осы референдум кезінде жастар белсенді түрде сайлауға қатысты. Жастарымызға мың да бір рақмет! Жастарымыздың дауысы, үні өте жақсы естілді. Әрқашан аман болыңыздар! Қазақ елінің қасиетті Тәуелсіздігі мәңгі болсын! Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасай берсін! Жаңа Конституциямыз құтты болсын!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Қазақстанда жаңа Конституция бойынша өткен республикалық референдумның экзитпол нәтижелері жарияланған болатын.

Еуразиялық интеграция институты мәліметіне сәйкес, жаңа Конституцияны 86,7 пайыз сайлаушы қолдаған. Ал «Социс-А» институтының сауалнамасына сәйкес, жаңа Конституцияны қабылдауды 87,4 пайыз қатысушы қолдаған.

Қоғамдық саясат институты жүргізген экзитпол нәтижелері бойынша сауалнамаға қатысқандардың 88,6 пайызы жаңа Конституцияны қолдаған.

Еуразиялық интеграция институты жүргізген сауалнама бойынша Exit poll нәтижесі

Қазақстандықтардың 86,7%-ы «Иә, қабылдаймын» деп жауап берген.

Нұрсұлтан Назарбаев референдумда дауыс берді

Нұрсұлтан Назарбаев "Астана Опера" театры аумағында орналасқан дауыс беру учаскесінде таңдау жасады.

Референдум: Ел бойынша 4,6 млн-нан астам адам өз таңдауын жасады 

Абай облысында келу деңгейі 41,93%-ды құрады. Ақмола облысында бұл көрсеткіш 44,66%, Ақтөбе облысында – 45,73%. Алматы облысында – 40,41%, Атырау облысында – 42,29%. Батыс Қазақстан облысында – 36,59%, Жамбыл облысында – 35,86%.

Президент республикалық референдумда дауыс берді

Елімізде жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау учаскесіне келіп, республикалық референдумда дауыс берді.

Вице-президент лауазымы не үшін қажет? – Мемлекет басшысы жауап берді 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің вице-президент лауазымына қатысты сұрағына жауап берді.