2026-2027 оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде «Жеке қауіпсіздік» курсы өткізіліп жатыр. Сабақтарда балаларға түрлі қауіп-қатерді бағалау, дұрыс шешім қабылдау және қажет жағдайда ересектерден көмек сұрау дағдылары үйретіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оқушыларға жылына қанша сағат сабақ өтеді?
Курс оқушылардың жас ерекшелігіне қарай әзірленген. Бағдарлама теориямен шектелмей, тәжірибе сабақтарына да негізделген. Балалар өмірде кездесуі мүмкін жағдайларды талдап, рөлдік ойындар мен арнайы жаттығулар арқылы қауіпсіз әрекет ету жолдарын меңгереді. Өз эмоцияларын басқаруға үйренеді.
Бағдарламаға сәйкес, 5-8-класс оқушыларына жылына 8 сағат, ал 9-11-класс оқушыларына 17 сағат бөлінген.
Сабақтар практикалық және диагностикалық бағыттарды қамтиды. Жоғары сынып оқушыларына қосымша түзете-дамыту сабақтары да өткізіледі.
Оқушылардың психологиялық жағдайы да тексеріледі
Курс аясында балалардың психологиялық жағдайын анықтауға бағытталған диагностика жүргізіледі. Оның нәтижесі әр оқушының жеке қажетін ескеріп, тиіс қолдау шараларын жоспарлауға көмектеседі.
Диагностика қорытындылары оқушыларға баға қоюға немесе оларды белгілі бір санатқа бөлуге қолданылмайды.
Сабақтарды мектептердің штаттық педагог-психологтары жүргізеді. Курстың нәтижесі оқушылардың алған білімін күнделікті өмірде қолдана алуымен бағаланады.


