– Бекжан Талғатұлы, Қазақстан аумағы арқылы батыстан шығысқа, оңтүстіктен солтүстікке қарай жылына екі мəрте құстың сан мың да ған түрі ұшып өтеді. Өкінішке қарай оны тамашалайтын туризмнің ерекше бір саласы əлі күнге дейін кенже қалып отыр. Қазақстандағы құс жол дарын туризмге пайдаланудың мүм кіндігі туралы пікіріңізді білсек?
– Сіз айтып отырған құстарды бақылауға қатысты туризм саласының аты – бөрдуотчинг (birdwatching) деп аталады. Бұл бағыт əлемнің дамыған елдерінде жақсы жолға қойылған. Мəселен, тек Еуропа елдеріндегі əуесқой орнитологтардың қауымдастығына мүше адамдардың саны ондаған миллионнан асады. Қазақстанда да бұл бағытқа қызығатын адамдар саны өсіп келе жатқаны байқалады. Сондықтан, бізде де осы саланы кəсіп ететін кісілер пайда болды. Өкінішке қарай, əзірге құс тамашалау туризміне келетін шетелдік қонақтарға қызмет көрсетуде жергілікті мамандардың үлесі аздау. Бұл, бір жағынан – біздің елде бұл саланың əлі толық қалыптаспауынан болса, екінші жағынан, жергілікті орнитолог мамандардың ағылшын тілін жетік білмеуі себеп болып жатады.
– Бұл бизнес түрі біздің елімізде қай уақыттан бері бар? Құстарды тамашалау қай өңірлерде жақсы дамыған?
– Бұл бағыт Қазақстанда бұрыннан бар, бірақ шағын нарық ретінде қалыптасып келе жатыр. Құс тамашалау үшін ең ыңғайлы аймақтың бірі – Алматы өңірі жəне оған іргелес аумақтар. Себебі мұнда тау, шөл, көл, дала, тоғай сияқты əртүрлі ландшафтарды қысқа қашықтықта көруге болады. Бұл əртүрлі экожүйелерге тəн құстарды бір сапарда бақылауға мүмкіндік береді. Мысалы, əлемде 11 мыңдай құстың түрі болса, Қазақстанда соның 500-ден аса түрі кездеседі. Ал Қазақстанның тек оңтүстік-шығысында 400-ге жуық құстың түрі бар. Сондықтан шетелдік бөрдуотчерлер көбіне Алматыға 1-2 аптаға келіп, өңірлік маршрутпен жүріп қайтады. Дегенмен, Қазақстанның əр өңірінің құстарының өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан, кез келген өңірді құс тамашалау үшін тартымды етуге болады. Туристер үшін Шақпақ асуы, Қаратау сілемдері, Тарбағатай-Алакөл-Зайсан аймағы, Қорғалжың, Каспий маңы өте қызықты. Түркістан өңірінің қызылқұмы да сұранысқа ие. Бірақ, құс тамашалаушылар арасында жергілікті туристер қатары өте аз.
– Еліміздегі құстарды тамашалау туризмі нарығының көлемін бол жауға бола ма?
– Нарықтың нақты көлемін дəл қазір айту қиын. Бірақ тəжірибеде бір туристің əр күндік шығыны 100$-дан асуы мүмкін. Сəйкесінше бір сапарында шамамен 1000-2000$ қаражат жұмсайды. Бұл тұратын жеріне, көлігіне, маршруттың күрделілігіне, гид қызметіне, тамақтануына байланысты өзгереді. Яғни бұл – көзге көріне бермейтін, бірақ əлеуеті бар экотуризм түрі.
– Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Шақпақ ата асуында құстарды сақиналайтын орталық барын əлі көп адам білмейді.
–Зоология институтының бөлімшесі саналатын бұл орталықтың құрылғанына биыл 60 жыл толады. Шақпақ асуы – Тəңіртау мен Қаратаудың арасында орналасқан, құстар миграциясы үшін маңызды табиғи дəліздердің бірі. Айналасындағы таулардың күрделі бедеріне байланысты көптеген құстар осы асу арқылы өтеді. Сондықтан бұл жерде миграцияны зерттеу үшін өте қолайлы жағдай қалыптасқан. Шақпақ орнитологиялық орталығының дерегіне сүйенсек, 1966–2026 жылдар аралығында 236 түрге жататын шамамен екі миллионға жуық құс сақиналанған. Олардың бір бөлігі Еуропа, Африка, Таяу Шығыс, Үндістан, Қытай, Моңғолия жəне Ресей сияқты 23 елге ұшып барғаны белгілі болған. Бұл енді тұзаққа ілінген құстардың мəліметі, ал тұзаққа түсе бермейтін, биік ұшатын құс түрлерін қоса қарағанда, бұл сан одан да жоғары болады. Сол үшін құстарды сақиналаумен қатар, санақ жүргізу керек. Соңғы жылдары құстарды санауға волонтерлерді көбірек тартып жатырмыз. Бірақ мəселе қаржыға келіп тіреледі. Өйткені құстарды сақиналау орталығы мемлекеттен тұрақты қолдау ала алмайды. Станцияны дамыту үшін жеке немесе сырттан қаржыландыру көзі қажет. Себебі, Шақпақ асуы сияқты, құстардың көші-қон дəлізі саналатын жерлер əлемде көп емес.
– Орталық туралы кеңірек айта кетіңізші?
– Шақпақ орнитологиялық орталығы 1966 жылы құрылған. Негізі, Қазақстанда құстарды сақиналау оған дейін де болған. Бұл орталықтың ашылуына белгілі ғалым И.А.Долгушин үлкен үлес қосты. Кеңес дəуірінде 1980 жылдарға дейін орталық жақсы қолдау көрді. Кейін тоқырау кезеңінде мамандар азайып, белсенділігі төмендеді. Кейбір жылдары тіпті мүлде жұмыс жасаған жоқ. Қазір оны биология ғылымдарының кандидаты Андрей Гаврилов атты орнитолог басқарады. Аталған орнитологиялық орталық Зоология институтының орнитология жəне герпетология зертханасына қарайды. Мен сол жақта 2021 жылдан бастап істеймін жəне бір жылдан бері меңгеруші міндетін атқарып келемін. Біз былтырдан бастап шетелден де, Қазақстаннан да волонтерлер шақырып жүрміз. Қазір мұнда тек сақиналау ғана емес, мониторинг, санақ, GPS/ GSM трекинг, қан үлгілерін зерттеу, эктопаразиттерді қарау, кей жобалар бо йынша изотоптық талдау сияқты бағыттар да дамып келеді. Мысалы, кейде Шақпақта ұсталған құстың нақты қай популяцияға жататынын, қайда баратынын болжаумен ғана айтатынбыз. Қазір трекинг құрылғыларының арқасында оны нақтырақ көреміз, əрі көп мəлімет алуға болады.
– Жылына қанша құсты сақиналайсыздар?
– Бұл жұмыс адам санына байланысты. Дегенмен соңғы уақытта жыл сайын шамамен 8-10 мыңға жуық құсты сақиналап жатыр. Оның 70-80 пайызы күзгі уақытта, 20-30 пайызы көктемгі уақытта сақиналанады.
– Бізде зоология саласындағы маман дарды дайындайтын жоғары оқу орындары бар ғой? Ондағы студенттерді практикаға тартуға болмай ма?
– Əрине, болады. Біз шақырып та жүрміз. Кейбір студенттер келеді. Əсіресе, шетелдік студенттердің қызығушылығы жоғары. Себебі кей елдерде құстарды ұстау мен сақиналауға рұқсат алу өте қиын, шектеу көп. Ал бізде ғылыми мақсаттағы жұмыстарды дұрыс ұйымдастырса, тəжірибе жинауға мүмкіндік бар. Сондықтан Еуропадан, АҚШ-тан, Үндістаннан келгісі келетіндер кездеседі.
– Құстарды сақиналайтын мұндай орталықтар Қазақстанда бұрын көп еді ғой?
– Дұрыс айтасыз. Бұрын Сорбұлақ, Алакөл, Қорғалжың деген сияқты құстар көп ұялайтын жердің бəрінде мобильді құстарды сақиналайтын топтар болды. Еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген сақиналау орны болған. Қазір Қазақстанда тек бір ғана орнитологиялық станция бар. Кейде, Алакөлге су құстарын сақиналауға барып келеміз. Ал жеке станцияларды тұрақты ұстап тұру үшін кадр да, қаржы да керек.
– Шақпақ асуына туристерді тартуға бола ма?
– Ниет бар. Бірақ турист қабылдау үшін ең алдымен жағдай жасау керек: инфрақұрылым, жатын орын, санитарлық жағдай, логистика. Қазіргі біздің материалдық база толық дайын емес, сондықтан əзірге бастапқы кезеңдеміз. Жалпы, құс тамашалаушыларды шартты түрде ғалымдар жəне туристер деп екі топқа бөлуге болады. Ғалымдардың жұмыс форматы басқа, ал туристік топтарға нақты ережелер, маршрут тəртібі, қауіпсіздік талаптары керек. Соның бəрін реттеп алған соң, туркомпаниялармен бірлесіп турмаршруттарға енгізуге болады. Шақпақ асуы Ақсу-Жабағылы қорығына жақын орналасқаны біршама артықшылық береді. Сонымен қатар, Түркістан-Тараз туристік бағытының арасында орналасқандықтан, маусымдық турөнім ретінде дамытуға болады. Əсіресе күзгі миграция кезеңі қызық.
– Құстардың кейбір түрлерін аулауға құзырлы органдар жыл сайын аңшыларға квота белгілеп, лицензия беріп жүр. Бұл мəселеге қатысты өз ойыңыз қандай?
– Менің ойымша, миграция кезеңінде құс аулауға өте сақ қарау керек. Себебі кейде аңшылыққа рұқсат етілген түрлерге ұқсас, қорғау мəртебесі жоғары, Қызыл Кітапқа енген түрлер де ұшып жүреді. Далалық жағдайда аңшының түрлерді дəл ажырата алмауы мүмкін. Сондықтан лицензия беру кезінде ақпараттандыру өте маңызды. Бұрын аңшылық билеттерінде сақинасы бар құсты атып алса, хабарласу туралы ақпарат кездесетін. Осындай практиканы қайта енгізсе пайдалы болар еді. Сақина арқылы құстың қайда белгіленгенін тез анықтауға болады, бұл ғылым үшін өте құнды дерек.
– Жер-жерде болып жатқан соғыс тар құстардың көші-қонына əсер етті ме?
– Толық, біржақты жауап беру қиын, бірақ əсер етеді деп ойлаймын. Əсіресе, ұялау кезеңінде жəне миграциялық жол таңдау кезінде. Құстар бір ғана маршрутпен ұшпайды, кей түрлерде балама жолдар болады. Қазір трекинг арқылы бір түрдің əр жылдары əртүрлі бағытпен ұшатынын көріп отырмыз. Бұрын сену қиын болған кей маршруттар (мысалы, өте күрделі таулы аймақтарды айналып өту) енді нақты дерекпен расталып жатыр. Мысалы, Зайсан өңіріне ұя салған үлкен шырғалақ Бангладешке барып қыстаған. Ол қыстауға Шақпақ арқылы ұшып, ал қайтар жолда Тянь-Шанның арғы шығыс бетімен айналып келген. Бір түрдің өзі əр жылдары əртүрлі жолмен ұшып келеді. Ал жыртқыш құстарда ұшу маршруты салыстырмалы түрде тұрақты болса, көгершіндердің ұшу траекториясы құбылмалы. Су құстары да өте алысқа ұшады. Мысалы, Алакөлде былтыр үлкен қырқылдақ деген бір құсымыз Қытай арқылы Тынық мұхитына барып, одан Вьетнамға ұшып кеткен. Трекинг ғылымға кіргелі бері бұрын түсініксіз, белгісіз болып келген көптеген қызық материалдар алып жатырмыз.
– Бала кезімізде Қытайда егістікке зиян келтіреді деп торғайларды өлтіруге рұқсат берген деп естіген едік. Жалпы, құстардың пайдасымен қатар, зияны да бар деуге бола ма?
– «Құстар зиян» деп жалпы айту дұрыс емес. Құстар экожүйеде маңызды рөл атқарады жəне көбіне индикатор түрлері ретінде қарастырылады. Яғни, белгілі бір аймақта құстар азайса, ол жерде экожүйелік проблема бар болуы мүмкін. Əсіресе жыртқыш құстар қоректік тізбектің жоғары сатысында тұрғандықтан, ортадағы өзгерістерге өте сезімтал. Мысалы, шығыс өңіріндегі мал жайылымының азаюы, соның əсерінен шөптің биік өсуі, соның əсерінен кемірушілер санының азаюы – жыртқыш құстар санының азаюына əсер етеді. Сонымен қатар адам факторы, ауыл шаруашылығы, химиялық ластану, ұялардың бұзылуы, қамыстың өртенуі, сулы-батпақты жерлердің кебуі мен ластануы сияқты əсерлер де құстар санына ықпал етеді. Сондықтан құстарды тек «пайдалы не зиянды» деп қарамай, экожүйенің жағдайын көрсететін маңызды биоиндикаторлар ретінде бағалау керек.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»



