Бүгінгі жаһандану дәуірінде қоғам дамуының негізгі көрсеткіші тек экономикалық өсіммен өлшенбейді. Елдің бәсекеге қабілеттілігі, ең алдымен, азаматтарының денсаулығы мен өмір сүру сапасына байланысты. Осы тұрғыда Біріккен Ұлттар Ұйымы айқындаған Тұрақты даму мақсаттарының үшінші мақсаты «Салауатты өмір салты және әл-ауқат» — әлем елдері үшін стратегиялық маңызға ие. Елімізде бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Аталған мақсатты жүзеге асыруда жетекші жоғары оқу орындарының, соның ішінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің рөлі айрықша.Жоғарыда аталған мақсаттың басты міндеті-барлық жастағы адамдардың денсаулығын нығайту, сапалы медициналық қызметке қолжетімділікті қамтамасыз ету және әл-ауқатын арттыру. Бұл бағыт ана мен бала өлімін азайту, жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың алдын алу, психикалық денсаулықты қорғау, салауатты өмір салтын қалыптастыру сияқты маңызды міндеттерді қамтиды. Қазіргі таңда қоғамда стресс, гиподинамия, дұрыс тамақтанбау, цифрлық тәуелділік секілді факторлар адам денсаулығына кері әсер етуде. Сондықтан білім беру ұйымдарының денсаулық мәдениетін қалыптастырудағы жауапкершілігі арта түсуде.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті-еліміздің ғылым мен білім ордасы ғана емес, сонымен қатар салауатты ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған кешенді орталық. Университет қабырғасында студенттердің денсаулығын сақтау мен нығайтуға арналған инфрақұрылым жүйелі түрде дамып келеді. Заманауи спорт кешендері, жаттығу залдары, ашық спорт алаңдары, медициналық орталық және психологиялық қолдау қызметтері білім алушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Университетте бұқаралық спортты дамытуға, студенттерді тұрақты түрде дене белсенділігіне тартуға ерекше көңіл бөлінеді.Салауатты өмір салтын қалыптастыру тек спортпен шектелмейді. ҚазҰУ-да дұрыс тамақтану мәдениетін насихаттау, зиянды әдеттердің алдын алу, психологиялық тұрақтылықты арттыру бағытында семинарлар, тренингтер, ашық дәрістер тұрақты өткізіледі. Әсіресе, жастар арасында психикалық денсаулық мәселесі өзекті болғандықтан, университет психологтары студенттерге кәсіби қолдау көрсетіп, эмоционалдық күйзелістің алдын алуға бағытталған бағдарламалар жүргізуде. Университеттің ғылыми әлеуеті де денсаулық сақтау саласын дамытуға үлес қосып отыр. Биология, медицина, химия, физика-техникалық бағыттағы ғалымдар жаңа медициналық технологиялар, биологиялық белсенді заттар, экологиялық қауіпсіз өнімдер әзірлеу бойынша зерттеулер жүргізуде. Пәнаралық жобалар арқылы қоршаған ортаның адам денсаулығына әсері, экологиялық қауіпсіздік, ауыз су сапасы, ауа тазалығы мәселелері зерттеледі. Сонымен қатар университет қабырғасында еріктілер қозғалысы белсенді дамыған. Студенттер қан тапсыру акцияларына, қайырымдылық шараларына, әлеуметтік осал топтарға көмек көрсету бастамаларына қатысып, қоғам денсаулығын нығайтуға өз үлестерін қосуда. Мұндай жұмыстар жастардың азаматтық жауапкершілігін арттырып қана қоймай, салауатты қоғам құру идеясын нығайтады.
ҚазҰУ халықаралық ынтымақтастық аясында да денсаулық сақтау және әл-ауқат бағытындағы жобаларға қатысып келеді. Шетелдік серіктес университеттермен бірлескен ғылыми конференциялар, академиялық ұтқырлық бағдарламалары, тәжірибе алмасу алаңдары арқылы озық тәжірибелер енгізілуде. Салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру-ұзақ мерзімді үдеріс. Ол білім беру мазмұны арқылы да жүзеге асады. Университеттің оқу бағдарламаларында экология, биоэтика, денсаулық психологиясы, еңбек қауіпсіздігі, өмір қауіпсіздігі негіздері секілді пәндер қамтылып, студенттердің денсаулыққа жауапкершілікпен қарауын қалыптастырады. Болашақ заңгер, журналист, экономист немесе инженер болсын, әрбір маман өз қызметінде адам өмірі мен денсаулығын басты құндылық ретінде ұстануы тиіс.Әл-Фараби ілімінде де адам кемелдігінің негізі – тән мен жан саулығы екені айтылады. Ұлы ойшылдың «қайырымды қоғам» тұжырымдамасы бүгінгі Тұрақты даму мақсаттарымен үндеседі. Сондықтан ҚазҰУ қабырғасында ТДМ 3-ті жүзеге асыру тек халықаралық міндеттемені орындау емес, ұлттық рухани мұрамен сабақтас құндылықтарды жаңғырту болып табылады.ТДМ 3 – тек медициналық көрсеткіштер жиынтығы емес, ол-қоғамның өркениеттік деңгейін айқындайтын маңызды бағыт. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бұл мақсатты білім беру, ғылым, әлеуметтік бастамалар және жастар саясаты арқылы жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Салауатты ұрпақ-ел болашағының кепілі.
Бисенова М.Қ.
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық
құқық, қылмыстық іс жүргізу және
криминалистика кафедрасының доценті, з.ғ.к



