Қазіргі кезеңде адам капиталы-мемлекеттің басты стратегиялық ресурсы. Ал адам капиталының сапасы ең алдымен халықтың денсаулығына байланысты. Осы тұрғыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының үшінші бағыты – ТДМ 3 «Салауатты өмір салты және әл-ауқат»-жаһандық дамудың негізгі басымдықтарының бірі болып отыр. Бұл мақсат барлық жастағы адамдар үшін сапалы медициналық қызметтің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге, аурулардың алдын алуға, өмір сүру ұзақтығын арттыруға және психикалық саулықты нығайтуға бағытталған.
Елімізде ТДМ 3 қағидаттарын іске асыру мемлекеттік саясат деңгейінде қолдау жүйесінің ғана емес, білім беру саласының да жауапкершілігін талап етеді. Осы ретте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті салауатты ұрпақ қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарып келеді.Университет тек кәсіби маман даярлайтын білім ордасы емес, сонымен қатар тұлғаның жан-жақты дамуына ықпал ететін әлеуметтік орта. ҚазҰУ қабырғасында студенттердің физикалық, психологиялық және әлеуметтік саулығын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Заманауи спорт инфрақұрылымы, медициналық қызмет көрсету орталығы, психологиялық қолдау кабинеттері мұның барлығы жастардың денсаулығын нығайтуға арналған нақты қадамдар.Студенттік ортада дене белсенділігін арттыру мақсатында түрлі спорт секциялары, жарыстар мен марафондар ұйымдастырылады. Бұқаралық спортты дамыту жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырудың тиімді құралы. Сонымен қатар университетте темекі шегудің, алкоголь және есірткі заттарын қолданудың зияны туралы түсіндіру шаралары тұрақты өткізіліп тұрады. Мұндай алдын алу жұмыстары ТДМ 3 міндеттерінің бірі-жұқпалы емес аурулардың таралуын азайтуға ықпал етеді.Психикалық денсаулық мәселесі де университет назарынан тыс қалған емес. Қазіргі жастар ақпараттық жүктеменің, әлеуметтік қысымның, академиялық бәсекелестіктің әсерін сезінеді. Осыған байланысты ҚазҰУ-да студенттерге арналған психологиялық кеңес беру қызметі жұмыс істейді. Арнайы тренингтер мен мотивациялық кездесулер жастардың эмоционалдық тұрақтылығын арттыруға бағытталған.
Ғылыми-зерттеу қызметі де ТДМ 3-ті жүзеге асырудың маңызды бөлігі болып табылады. Университет ғалымдары биомедицина, экология, биотехнология, химия және қоғамдық денсаулық сақтау салаларында зерттеулер жүргізуде. Қоршаған ортаның ластануы, су мен ауаның сапасы, урбанизацияның адам ағзасына әсері сияқты өзекті мәселелер ғылыми тұрғыда зерделенуде. ҚазҰУ-дың әлеуметтік жауапкершілік бағыты да ТДМ 3 қағидаттарымен үндес. Университет студенттері мен оқытушылары қан тапсыру акцияларына, қайырымдылық марафондарына, медициналық-ағартушылық іс-шараларға белсенді қатысады. Мұндай бастамалар қоғамда өзара қолдау мәдениетін қалыптастырып, азаматтардың денсаулыққа жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.Сонымен қатар оқу бағдарламалары арқылы денсаулық мәдениетін қалыптастыру көзделген. Студенттер өмір қауіпсіздігі негіздері, еңбек қауіпсіздігі, экологиялық құқық, биоэтика сияқты пәндер арқылы адамның өмірі мен денсаулығын қорғаудың құқықтық және әлеуметтік аспектілерін меңгереді. Әл-Фараби философиясында адам бақытқа тек тән мен жан үйлесімділігі арқылы жете алады деген тұжырым бар. Осы идея қазіргі заманғы Тұрақты даму мақсаттарымен үндесіп жатыр. ҚазҰУ-дың білім беру және тәрбиелік саясаты да осы үйлесімділікті қалыптастыруға бағытталған.ТДМ 3-тек денсаулық сақтау саласының міндеті емес, ол – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бұл бағытта жүйелі, кешенді жұмыстар жүргізіп, салауатты, білімді және жауапты ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосуда. Дені сау жастар-елдің тұрақты дамуының берік тірегі. Ал университет қабырғасында қалыптасқан денсаулық мәдениеті болашақта қоғам игілігіне қызмет ететін сапалы мамандардың негізін қалайды.
Атаханова Г.М
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика
кафедрасының профессоры



