Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаланың бірнеше орта мектептің кәмелетке толмаған жасөспірім оқушылары мен мұғалімдерімен кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, сондай-ақ құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын-алу.
Кездесу барысында оқушылар сот отырысы залдарымен танысып, сот төрағасы Д.Б.Мәуленов кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықты алдын алу бойынша баяндама жасап, оқушылармен осы тақырыпта әңгіме жүргізіп, барлық істер аудио-бейне жазба құрылғыларымен жабдықталған сот залдарында қаралатынын айтып, кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі, заң талаптары және сот жүйесінің қызметі туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, сот төрағасы 2025 жылы сотпен қаралған қылмыстық және әкімшілік істер бойынша статистикалық мәліметтерімен таныстырды.
Сонымен қатар, Д.Б.Мәуленов кәмелетке толмаған жасөспірімнің түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз үйден тыс жерде болуы әкімшілік құқық бұзушылық болып табылатынын және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 442-бабына сәйкес кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы – заңды өкілдеріне үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатынын, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23:00-ден таңғы 6:00-ге дейін болуы – заңды өкілдеріне ескерту жасауға әкеп соғатынын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ол барлық қатысушыларды құқық бұзушылық пен қылмыс жасамауға шақырып, өйткені бұл олардың болашағына кері әсер ететінін айтты.
Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құқықтық тақырыптар бойынша ашық пікір алмасты.
Кездесу соңында оқушылар алдағы уақытта да осындай танымдық іс-шараларды жалғастыруды қолдайтындықтары жайлы жеткізді.
Өз тілшіміз



