Тәуелсіздік – кез келген халықтың ең асыл мұраты, баға жетпес байлығы. Ал сол тәуелсіздіктің баянды болуы ең алдымен ұлттық құндылықтардың сақталуы мен дамуына тікелей байланысты. Ұлттық құндылықтардың өзегі, мемлекеттің рухани тірегі – мемлекеттік тіл. Сондықтан мемлекеттік тіл – тәуелсіз елдің негізгі қазығының бірі деп нық сеніммен айтуға болады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Бұл норма Қазақстан Республикасының Конституциясы арқылы бекітілген. Ата Заңымызда қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілуі – ел тәуелсіздігінің айқын белгісі әрі ұлттық болмысты сақтаудың кепілі.
Мемлекеттік тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттың жаны, тарихы мен мәдениетінің айнасы. Тіл арқылы ұрпақтан-ұрпаққа салт-дәстүр, әдет-ғұрып, рухани мұра жеткізіледі. Сондықтан мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту – барша азаматтың ортақ міндеті.
Сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылуы – заң талаптарының сақталуының және азаматтардың құқықтарының қорғалуының маңызды кепілі. Сот өндірісінің мемлекеттік тілде жүргізілуі сот төрелігінің ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Бұл ретте жүктелер жауапкершілік зор.
Іс жүргізу барысында мемлекеттік тілдің талаптарын сақтау – басты назарда. Әрбір талап арыз, өтініш, сот актілері мен хаттамалар заң талаптарына сәйкес рәсімделіп, мемлекеттік тілдің нормаларына сай жүргізіледі. Бұл – сот қызметінің сапасын арттырумен қатар, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға қосылған үлес.
Тілге деген құрмет – елге деген құрмет. Мемлекеттік тілді дамыту мен қолдау – әрбір мемлекеттік қызметшінің абыройлы борышы. Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік, керегесі кең болуы үшін мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, оны қоғамның барлық саласында толыққанды қолдануымыз қажет.
Қорытындылай келе, мемлекеттік тіл – тәуелсіздігіміздің тірегі, мемлекетіміздің негізгі қазығы. Оны құрметтеу, дамыту және насихаттау – баршамыздың ортақ парызымыз.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маман-сот отырысының хатшысы Б.З.Муталипов



