12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Сақтандыруға сенім артты ма? Нарық өсімі мен жаңа заң нені өзгертеді 

Соңғы жылдары сақтандыру секторы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Ресми деректерге сәйкес, бес жыл ішінде саланың активтері 2,6 есеге ұлғайып, 3,9 трлн теңгеге жеткен. Сақтандыру сыйлықақылары мен төлемдер көлемі де үш есеге жуық артқан. BAQ.KZ тілшісі осы тұрғыда «сақтандыруға деген сенім қаншалықты нығайды?» деген сауалға жауап іздеп көрді.

Өткен жылы активтер көлемі артты, сақтандыру сыйлықақылары рекордтық деңгейге жетті, ал төлемдер айтарлықтай өсті.

Нарық өсімі нені білдіреді?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша еліміздегі банк секторында 23 екінші деңгейдегі банк бар екенін, оның 15-і шетелдік қатысумен, оны еншілес банк екенін айтты.

Ал Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, 2026 жылдың басында жалпы сақтандыру компанияларының жиынтық активтері 1,6 трлн теңгеден асып, бір жыл ішінде шамамен 15 пайызға ұлғайған. Бұл – сектордың қаржылық мүмкіндігі кеңейіп, тәуекелдерді өтеуге дайындық деңгейі артқанын білдіреді.

Сақтандыру компанияларының реттеуші капиталы да өсті. Жиынтық көрсеткіш 748 млрд теңгеден асып, бір жылда 100 млрд теңгеден астам қосымша өсім көрсетті.

Неліктен банк сақтандыруды ұсынады?

Қаржы нарығында банк пен сақтандыру компаниялары тығыз жұмыс істейтіні белгілі.Банк клиент тартса, сақтандыру компаниясы тәуекелді өз мойнына алады. Бұл екі жақ үшін де тиімді болмақ. Егер қарыз алушы күтпеген жағдайға тап болса, сақтандыру қарызды жабуға көмектеседі, ал банк берілген несиенің қайтарылуына кепілдік алады.

Алайда тәжірибеде көптеген азамат сақтандыруды ерікті түрде емес, несие алу шарты ретінде қабылдайды. Қаржыгерлердің айтуынша, қаржылық сауаттың жеткіліксіздігі кейбір адамдарды артық шығынға ұрындырып жатады. Өйткені полис құны көбіне негізгі қарызға қосылып, үстіне пайыз есептеледі.

Қарыз алушылар неден ұтылып жүр?

Көп жағдайда несиеге келген адам ең алдымен қаражат алуды ойлайды да, келісімшарттың қосымша тармақтарына терең үңілмейді.

Банк қызметкері Айзада Мақсұт банк төлемі қарыз сомасына енгізілгенде, оның үстінен де пайыз жүретінін бәрі бірдей біле бермейтінін айтады.

Оның сөзінше, кейбір қаржы ұйымдарында сақтандыру өнімдерін сату бойынша ішкі жоспар болады.

Клиентке сақтандырудың міндетті емес екені әрдайым нақты әрі ашық түсіндірілмеуі мүмкін. Сондықтан қарыз алушы келісімшарттың барлық тармағын мұқият оқуы қажет, — дейді ол.

Сонымен қатар, аннуитеттік және дифференциалдық төлем жүйесінің айырмашылығын түсінбейтіндер де кездесетінін айтады. Бұл да артық төлем жасауға себеп болуы мүмкін.

Өткен жылы сақтандыру нарығы қандай болды?

2025 жылы жалпы сақтандыру нарығы 863 млрд теңге көлемінде сыйлықақы жинап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 20 пайыздан астам өсім көрсетті. Әсіресе мүлікті сақтандыру мен автокөлікті ерікті сақтандыру сегменттері белсенді дамыды.

Мүлікті сақтандыру бойынша жиналған қаражат 300 млрд теңгеден асты. Бұл бизнес те, жеке тұлғалар да тәуекелді басқаруға бұрынғыдан гөрі көбірек мән бере бастағанын көрсетеді, — деді агенттік.

Қазақстандық сақтандыру компаниялары халықаралық кіріс қайта сақтандыру нарығында да белсенді.

2025 жылы бұл сегментте 177 млрд теңге көлемінде тәуекел қабылданған. Яғни отандық сақтандырушылар шетелдік тәуекелдерді сақтандыру арқылы елге қосымша қаржы ағынын тартуда, — делінген хабарламада.

Ал сақтандыру төлемдері 311 млрд теңгеден асып, бір жыл ішінде 30 пайыздан астам өскен.

Нарықтың қазіргі жағдайы қандай?

Соңғы бес жыл ішінде сақтандыру саласының активтері ұлғайып 9 трлн теңгеге жетіп, төлемдер көлемі де едәуір артты.

Бұдан бөлек, міндетті сақтандыру түрлері цифрландырылып, әлеуметтік маңызы бар жаңа өнімдер енгізілді. Білім беру және зейнетақымен қамсыздандыру бағытында жинақтаушы сақтандыру тетіктері кеңейтілді. Сонымен қатар кепілдік беру жүйесі барлық міндетті сыныптарға және өмірді жинақтаушы сақтандыру түрлеріне қолданылатын болды, — деді агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова.

Сондай-ақ  қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру секторын жаңғыртуға бағытталған кешенді жұмыстардың басталғанын айтты.

Жаңа заң не өзгертеді?

Агенттік өкілдерінің айтуынша, әзірленіп жатқан заң жобасы сақтандыру нарығын тұжырымдамалық тұрғыдан жаңартуды көздейді.

Cақтандыру сыныптарының құрылымын қайта қарау, сақтандыру шарттарын икемді әрі әділ ету, реттеу талаптарын заманауи тәуекелдерге сәйкестендіру мен азаматтар мен бизнестің сұранысына бейімделген модель қалыптастыру деген секілді жаңашылдықтарды көздейді, — дейді агенттік өкілдері.

Ал негізгі мақсат – сақтандыруды мемлекеттің әлеуметтік және экономикалық тәуекелдерін теңгеруге ықпал ететін пәрменді құралға айналдыру. Яғни тәуекелдер мен қаржылық міндеттемелердің бір бөлігін сақтандыру тетіктері арқылы тиімді бөлу.

Қашан қабылданады?

Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын 2026 жылдың қыркүйегіне дейін бекіту көзделген. Ал «Сақтандыру қызметі туралы» жаңа заң жобасы осы жылдың соңына дейін дайындалмақ.

Жалпы алғанда, ұсынылып отырған өзгерістер сақтандыру секторының экономикадағы үлесін арттырып, мемлекет, бизнес және азаматтар арасындағы ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Италияда өткен Олимпиада: қазақстандық спортшылар қанша сыйақы алады?

Қазақстан заңнамасына сәйкес Олимпиадада 1-6-орын алған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына ақшалай сыйақы қарастырылған. Биыл ел намысын қорғаған 36 спортшының ішінен жүлделі орынға тек екеуі ілікті.

Үкімет Каспийді сақтауға 1,1 млрд теңге бөлді 

Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім еткендей, тиісті Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Оқушы мұғалімге құрметсіздік танытса, қандай жаза қарастырылған?  

Министрліктің мәліметінше, педагогтердің құқықтарын қорғау тетіктері «Педагог мәртебесі туралы заңда» нақты бекітілген.

Елімізде полиэтилен мен алкилат өндірісі басталады

Еліміз дәстүрлі шикізаттық модельден бас тартып, мұнай-газ химиясы саласында...

Қазақстан қысқы Олимпиада тарихында екінші рет үздік көрсеткішке қол жеткізді

Қазақстан құрамасы Италияда өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын бір алтын медальмен аяқтады.