Қазақстанда 2027 жылы жеңілдігі бар бірнеше ипотека бағдарламасы шығады. Бұлар: «7-20-25», «Наурыз», «Ұмай», өңірлік және әскери ипотека. Бұл бағдарламаларға қатысу үшін тұрғын үй кезегінде тұру міндетті емес, ал мөлшерлеме әдетте нарықтағыдан төмен. Мұны Baribar.kz хабарлап отыр.
| Бағдарлама | Мөлшерлеме | Бастапқы жарна | Баспана түрі |
| «7-20-25» | 7% | 20% | Бірінші |
| «Наурыз» | 7–9% | 10–20% | Бірінші, екінші |
| «Наурыз әскери» | 9% | 0%-дан бастап | Бірінші |
| «Әскери баспана» | 3.5–18% | 20% | Бірінші, екінші |
| Өңірлік ипотека | 5% | 10% | Бірінші, екінші |
| «Ұмай» | 14.8% | 15–20% | Бірінші, екінші |
Krisha.kz келер жылы болатын бағдарламалар мен шарттарын жариялады.
«7-20-25» бағдарламасы
- Мөлшерлеме: 7%.
- Бастапқы жарна: 20%-дан бастап.
- Мерзімі: 25 жылға дейін.
- Баспана: дайын жаңа құрылыс. Салынып жатқан үйден немесе екінші нарықтан пәтер алуға болмайды.
Талап: қарыз алушының да, жұбайының да кейінгі 18 айда баспанасы болмауы керек.
Пәтердің ең көп құны:
- Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында және Алматы мен Астананың қала маңындағы аймақтарында 30 млн теңгеге дейін;
- Қарағандыда 25 млн теңгеге дейін;
- қалған өңірлерде 20 млн теңгеге дейін.
Жеті банк қарыз береді: Halyk Bank, ЦентрКредит Банкі, Freedom Bank Kazakhstan, Еуразиялық банк, Bank RBK, ForteBank және Altyn Bank.
Өтінім жыл бойы қабылданады, бірақ бұл бөлінген лимитке қарай болады. Үкімет бағдарламаға жыл сайын 100 млрд теңге бөледі.
«Наурыз» бағдарламасы
- Мөлшерлеме: 9%, әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін — 7%. Баспана құнының 50%-ын жинаған соң мөлшерлеме 3.5—5%-ға дейін төмендейді.
- Бастапқы жарна: әрленген жаңа құрылыстағы пәтерге — 10%-дан, әрленбеген жаңа құрылыстағы немесе екінші нарықтағы баспанаға 20%-дан басталады.
- Сомасы: Алматы мен Астанада 36 млн теңгеге дейін, басқа өңірлерде 30 млн теңгеге дейін.
- Мерзімі: 19 жылға дейін.
- Баспана: ірі қалаларда тек жаңа үйден, соның ішінде салынып жатқан тұрғын үй кешенінен пәтер алуға болады. Моноқала мен ауылда екінші нарықтағы баспана мен жер үй алуға болады.
Талаптар:
Қатысушының, жұбайының және 18 жасқа толмаған балаларының кейінгі бес жылда баспанасы болмауы керек.
Отбасы банктегі депозитте кемі 2 млн теңге болуы қажет.
Ипотекаға қатысушылар балдық жүйе бойынша іріктеледі. Жинақ сомасы, бала саны, отбасы жағдайы, әлеуметтік статусы және 35 жастан аспағандығы ескеріледі.
«Наурыз» бағдарламасына өтінім әдетте наурыз айында қабылданады.
Әскери қызметкерге арналған ипотека
Тұрғын үй төлемін алатын қорғаныс министрлігі, ІІМ, ҰҚК және ТЖМ қызметкерлеріне арналған екі бағдарлама бар. Бағдарлама операторы — Отбасы банк.
«Наурыз әскери» бағдарламасы
- Мөлшерлеме: 9%. Баспана құнының 50%-ын жинағаннан кейін мөлшерлеме 3.5—5%-ға дейін төмендейді.
- Бастапқы жарна: 0–50%.
- Қарыз сомасы бастапқы жарнаға байланысты:
— бастапқы жарна 20%-ға дейін болса, Алматы мен Астанада 36 млн теңгеге дейін, басқа өңірлерде 30 млн теңгеге дейін;
— бастапқы жарна 20–50% болса, барлық өңірде 80 млн теңгеге дейін. - Баспана: жаңа үй, пәтерді Baspana Market-тен таңдауға болады.
Өтінімді өзіңіз бере алмайсыз. Алдымен ведомство қатысушылар тізімін жасап, оны Отбасы банкке жолдайды.
«Әскери баспана» бағдарламасы
Шарты қарыз түріне байланысты:
| Қарыз түрі | Мөлшерлеме | БЖ | Баспана түрі |
| Алдын ала | 18% | 20-50% | Екінші нарықтағы |
| Аралық | 8.5% | 50% | Жаңа, екінші нарықтағы |
| Тұрғын үй | 3.5–5% | 50% | Жаңа, екінші нарықтағы |
Өңірлік ипотека бағдарламасы
Бұл — жас мамандар мен белгілі бір сала қызметкерлеріне арналған бағдарламалар. Олардың қатарында «Алматы жастары», «Елорда жастары» және басқа ипотекалар да бар.
Мұндай бағдарламаларды қалалар мен облыстардың әкімдігі Отбасы банкпен бірлесіп іске қосады. Ипотека шарттары мен қатысушыларға қойылатын талаптар өңірге қарай өзгереді, өйткені оларды әкімдік белгілейді.
Әдетте шарты мынадай:
- Мөлшерлеме: шамамен, 5%.
- Бастапқы жарна: 10%-дан басталады.
- Сомасы: көбіне 15–20 млн теңге.
- Мерзімі: 19 жылға дейін.
- Баспана: жаңа және екінші нарықтағы тұрғын үй.
Бағдарламалар негізінен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, БАҚ және полиция салаларының қызметкерлеріне арналған. Кейбір өңірде өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлері де қатыса алады.
Өтінімдер белгілі бір мерзімде қабылданады. Сондықтан Отбасы банк пен өңіріңіздегі әкімдіктің хабарландыруларын бақылап отырған жөн.
Өңірлік бағдарламалардың тізімін мына жерден оқуға болады.
«Ұмай» әйелдер ипотекасы
Бағдарлама жұмыс істейтін әйелдерге арналған.
- Мөлшерлеме: 14.8%. ЖТСМ: 16.3–16.8%.
- Бастапқы жарна: Алматы мен Астанада 20%-дан, басқа өңірлерде 15%-дан басталады.
- Cомасы: 50 млн теңгеге дейін.
- Табыс: айына 1.25 млн теңгеден аспауы керек. Тұрмыстағы әйелдердің отбасы мүшелерінің жалпы табысы есепке алынады.
- Баспана: жаңа үйден (Baspana Market арқылы таңдалады) немесе 2016 жылдан кейін салынған екінші нарықтағы үйден пәтер алуға болады.
Сатып алатын қалада тіркеуде тұру немесе басқа жылжымайтын мүліктің болмауы міндетті емес. Қазақстанның кез келген қаласынан екінші не үшінші пәтерді де сатып ала аласыз.
Маңызды: қарыз алатын адам бастапқы жарнаны сатушыға өзі аударады.
Бағдарлама операторы — Отбасы банк.
Қазір үкімет «Ұмай» мен «Жасыл ипотека» бағдарламаларына 90 млрд теңге бөлді. Оның 9 млрд теңгесі «Ұмай» бағдарламасына кетті, ал 20 млрд теңге 3 қарашада бөлінеді. Қалған қаражат келер жылға өтеді.


