Дәл қазір елімізде жаңа Конституция жобасы жарияланып, талқылану үстінде. Уақыт сұранысын ескере отырып енгізілген өзгерістер, халқымыздың бостандығы мен еркіндігін қамтамасыз етіп, азаматтарымыздың қоғамдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етеріне сенім мол. Өйткені Конституция – тек заң нормаларының жиынтығы емес. Әр елдің Конституциясы – қоғам дамуының негізгі құндылықтарын, қағидаттары мен бағдарларын бекітетін басты құжат.
Жаңа өзгерісте мәтіннің 84 пайызы өзгеріске ұшырады. Яғни жаңа баптар мен бөлімдер әзірленді. Негізгі заңның құрылымы айтарлықтай өзгерді. Дегенмен Конституцияның жаңашылдығы, түзетулердің көптігінде ғана емес, ең алдымен оның жаңа тұжырымдамалық мазмұнында.
Жаңа преамбулада, біріншіден, адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланды; Екіншіден, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім мемлекеттілігіміздің негізі ретінде айқындалды; Үшіншіден, соңғы жылдары қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналған Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатты аялау сияқты құндылықтар алғаш рет бекітіледі; Төртіншіден, алғаш рет Конституцияның кіріспесінде мемлекеттілігіміздің тарихи жолы мен өркениет бастаулары айқын көрсетілді. Яғни преамбуланың кейбір сөйлемдері ғана ауысып, үтір-нүктесі ғана өзгерген жоқ. Жаңа преамбула өткен тарихи тамырымызды құндылық ретінде айқындап, бүгінгі уақыттың негізгі қағидаттарын нақты белгілеп, болашаққа бағдар болатын ұстанымдарды бекітіп отыр
Жаңа Конституция жобасының басты артықшылығы – мемлекет пен қоғамның өзегін «адам және оның құқықтары» принципіне нақтырақ байланыстырып, құқықтық нормалардың дәлдігін күшейтуі.
Жобада білім мен ғылым, мәдениет пен инновациялар мемлекеттік дамудың негізгі идеясы ретінде айқын көрсетілген және қолданыстағы конституциядан логикалық айырмашылығы – табиғи, қаржылық, инфрақұрылымдық ресурстарға емес, адами капиталға сүйенетін құқықтық бағдар қалыптастыратыны.
Сонымен қатар, жобада құқықтар мен бостандықты қорғау механизмдерін күшейтіп, құқықтық айқындық принципін нақтылауға басымдық берілгені атап өтіледі. Бұл азаматтың құқықтық қорғалуын арттыруға бағытталады. Қазіргі цифрлық ортаның талаптарына сәйкес, жобаның ерекше жаңалығы – цифрлық трансформацияны конституциялық деңгейде мойындап, азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасын алғаш рет бекітуі. Бұл норма – цифрлық кеңістіктегі жеке өмірдің қорғалуы, дербес деректердің қауіпсіздігі, онлайн-қызметтерді пайдалану кезіндегі құқықтық кепілдіктер сияқты шараларға «ең жоғарғы құқықтық күш» деңгейінде қорғаныс қабатын қосуы. Нәтижесінде, электрондық үкімет сервистері, цифрлық сәйкестендіру, мемлекеттік деректер жүйелері және киберқауіпсіздік бойынша талаптар тек ведомстволық ережелермен емес, конституциялық құндылықтармен үйлестіріліп дамуға мүмкіндік алады.
Бұл – қазіргі цифрлық экономика жағдайында Қазақстан үшін құқық пен технологияның тоғысындағы – деректердің таралуы, цифрлық алаяқтық тәуекелдерін жүйелі түрде басқаруға бағытталған сапалы қадам
Біз цифрлық дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Азаматтар мен мемлекеттің қарым-қатынасы цифрлық кеңістікте жүзеге асып жатыр. Конституцияда алғаш рет азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғау нормасы бекітілді. Яғни жеке деректерді қорғау – бүгінде адам құқықтарын қорғаудың жаңа өлшемі ретінде айқындалып отыр. Бұл Конституцияның болашаққа бағытталғанын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция келешекте басқа елдер үшін үлгі де, бағдар да болады деген үміт мол.
Ж.С. Жұбатыров, Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының судьясы


