Қазақстандық әзілкеш Нұрлан Сабуров кезекті даудың ортасында қалды – заңгердің айтуынша, ресейлік әскери құрылымдарды қолдағаны үшін оған 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заңгер Бауыржан Оңғаровтың мәлімдеуінше, Сабуровтың Ресейдегі әрекеттері мен айтқан сөздері Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Оның айтуынша, әртіске жалдамалылық (наемничество) бабы бойынша айып тағылуы ықтимал.
Заңгердің сөзінше, Сабуров «Вагнер» жеке әскери компаниясының жауынгерлерін қаржыландырып, материалдық қамтамасыз еткен. Бұл Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 170-бабы 1-бөлігіне жатады. Аталған баптың санкциясы 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Оңғаров қылмыс құрамы толық дәлелденгенін алға тартты.
Талқылауға себеп болған жайт – әлеуметтік желілерде қайта тараған ескі видео. Бұл видео Сабуровтың Қазақстанға мәжбүрлі түрде оралғаны туралы ақпараттар аясында қайта қызу талқылана бастады. Бейнежазбада әзілкеш «Вагнер Истра» бөлімшесіне 10 эндуро-мотоцикл табыстағанын айтып, Ресей жағында Украинаға қарсы соғысып жатқан жауынгерлерге «жеңіспен оралуын» тілейді.
Бірқатар z-пабликтердің жазуынша, видео 2025 жылдың шілдесінде Истра қалалық округінің басшысы Татьяна Витушеваның Telegram-арнасында жарияланған және 9 ақпанда, яғни Сабуровқа қатысты дау күшейгеннен кейін өшірілген. Жазбаны қолдан жасалған немесе жасанды интеллект көмегімен жасалған деп көрсету әрекеттеріне қарамастан, Factcheck.kz оның шынайылығын растады.
Әзілкештің депортациясы аясында әлеуметтік желілерде кең ауқымды сын толқыны басталды. Пайдаланушылар оның қазақтар, тіл және әйелдер туралы айтқан ескі әзілдерін қайта еске түсірді. Атап айтқанда, «Что было дальше?» шоуындағы сөздері қоғамда үлкен резонанс тудырған. 2022 жылы АҚШ-тағы гастрольдері кезінде Сабуровтың концерттері соғысқа қарсы акциялармен қатар өткен еді.
Бұдан бөлек, Сабуров бұған дейін Ресейде көші-қон режимін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған. 2025 жылдың мамыр айында ол елде рұқсат етілген мерзімнен артық болғаны үшін айыппұл төлеген.


