Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздің жоғары білім беру жүйесінде жетекші орын алатын іргелі оқу орындарының бірі. Университет өзінің көпжылдық тарихы, қалыптасқан академиялық дәстүрі және сапалы білім беру тәжірибесі арқылы кәсіби мамандар даярлауда маңызды рөл атқарып келеді.ҚазҰУ-да білім беру үдерісі мемлекеттік білім стандарттарына және заманауи талаптарға сай ұйымдастырылған. Оқу бағдарламалары үнемі жаңартылып, еңбек нарығының сұранысына бейімделеді. Сабақтарда теориялық білім мен практикалық дағдыларды ұштастыруға баса назар аударылады. Студенттердің еркін ой айтуына, пікір алмасуына, талдау жасауына мүмкіндік беріледі.Университеттегі негізгі құндылық-студент. Оқытушылар студенттердің кәсіби білім алуымен қатар, жауапкершілік, тәртіп, академиялық адалдық қағидаларын бойына сіңіруіне ерекше көңіл бөледі. Университет қабырғасында білім алушылар болашақ маман ретінде ғана емес, қоғамға пайдалы азамат ретінде қалыптасады.ҚазҰУ-да ғылым мен білімнің өзара байланысы берік. Университет ғылыми-зерттеу жұмыстарына ерекше мән береді. Студенттер ғылыми жобаларға, конференцияларға, дөңгелек үстелдерге қатысып, зерттеу дағдыларын ерте кезеңнен меңгереді. Бұл олардың кәсіби деңгейін арттырып, ізденіске бейім болуына ықпал етеді.
Университет құрылымындағы маңызды бөлімшелердің бірі – заң факультеті. Заң факультеті Қазақстанның құқықтық жүйесіне білікті кадрлар даярлап келе жатқан жетекші факультеттердің қатарында. Факультетте құқықтық білім беру теория мен тәжірибені ұштастыра отырып жүргізіледі. Оқу үдерісінде құқық саласындағы негізгі пәндермен қатар, сот тәжірибесі, құқық қолдану мәселелері, кәсіби этика және құқықтық мәдениет мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.Заң факультетінің студенттері сотта, прокуратура органдарында, адвокатурада, мемлекеттік мекемелерде және басқа да құқық қорғау құрылымдарында тәжірибеден өтеді. Бұл тәжірибе болашақ заңгерлердің кәсіби бағыт-бағдарын айқындап, нақты жұмысқа бейімделуіне мүмкіндік береді. Оқытушылар тәжірибеден өту барысында студенттерге әдістемелік және кәсіби қолдау көрсетеді.Факультетте ғылыми жұмыстар да белсенді жүргізіледі. Студенттер мен магистранттар ғылыми мақалалар жариялап, республикалық және халықаралық конференцияларға қатысады. Құқықтық зерттеулердің нәтижелері оқу үдерісіне енгізіліп, құқық саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға жол ашады.Сонымен қатар заң факультетінде тәрбие жұмысына да ерекше мән беріледі. Студенттер құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған іс-шараларға, қоғамдық жобаларға, еріктілік бастамаларға белсенді қатысады. Бұл олардың құқықтық санасының қалыптасуына және кәсіби жауапкершілікті сезінуіне ықпал етеді.
ҚазҰУ-да оқу мен тәрбие өзара тығыз байланыста жүзеге асырылады. Университет студенттері түрлі мәдени, спорттық және қоғамдық іс-шараларға қатысып, белсенді өмір салтын қалыптастырады. Мұндай орта студенттердің тұлғалық дамуына оң әсер етеді.Қара шаңырақ сапалы білім мен ғылымды үйлестірген, кәсіби және жауапты мамандар даярлайтын беделді оқу орны. Ал заң факультеті – құқықтық мәдениеті жоғары, ел дамуына үлес қосатын заңгерлерді тәрбиелейтін маңызды білім беру орталығы.
Базартаева Е.Б
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультеті
мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,
конституциялық және әкімшілік
құқық кафедрасының оқытушысы


