Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік әділет, норма шығару және заң көмегін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңартылған заңға сәйкес, жария-құқықтық даулардың бірқатар түрлері Азаматтық процестік кодекстен шығарылып, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қарауына беріледі. Осылайша әкімшілік әділеттің қолданылу шеңбері кеңейеді.
Аталған ауыстыру Қазақстан Республикасы Конституциялық соты қызметінің ерекшеліктерін, сондай-ақ конституциялық сот ісін жүргізу мен заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің заңдылығына дау айту туралы істер бойынша іс жүргізудің нақты ара жігін ажырату қажеттігін ескере отырып жүзеге асырылады. Тиісті түзетулер қабылданған жағдайда, өзіне қатысты қолданылатын заңға тәуелді нормативтік құқықтық акт қабылданған кезде (не оның жекелеген ережелерімен) құқықтары мен заңды мүдделері бұзылды деп есептейтін кез келген азамат немесе заңды тұлға мұндай актіні даулап, әкімшілік сотқа талап арызбен жүгінуге құқылы, — деп түсіндірді сенатор Мұрат Қадырбек.
Айтуынша, механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелеріне міндетті техникалық байқаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі операторының техникалық байқау операторының құзіреттеріне қатысты өкілеттіктері бойынша «Жол жүрісі туралы» Заңға түзетулер енгізіледі.
- Кейбір жария-құқықтық дауларды қарау тәртібі өзгеріп, олар Азаматтық процестік кодекстен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске ауыстырылады. Бұл – ведомстволық актілерді даулауға және азаматтық хал актілеріндегі жазбаларды түзетуге қатысты істер.
- Туризм саласында лицензияны тоқтату немесе одан айыруға қатысты негіздер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстен алынып, салалық заңға енгізіледі.
- Әкімшілік рәсімдерді жүргізудің мерзімдері мен тәртібі нақтыланады.
- Мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы дауларды шешу құқығы Үкіметке бекітіледі.
- Мемлекеттік органдардың нормашығармашылық қызметін ғылыми сүйемелдеу тетігі жетілдіріледі.
- Адвокаттар, нотариустар, сот сарапшылары, жеке сот орындаушылары және осы қызметтерге үміткерлерді аттестаттаудың тәртібі жаңғыртылады.
Заңның қабылдануы сот шешімдерінің сапасы мен мемлекеттік органдар жұмысын жақсартуға оң ықпал етіп, әкімшілік әділет институтын жетілдіруге мүмкіндік береді.


