Астана мен Алматыда жекеменшік ақылы автотұрақтар болмай ма? Енді әкімдіктерге жол бойындағы бос жерлерді жекеменшікақылы автотұрақтарға беруге тыйым салынады. Бұл жүйенің тиімділігі неде және өзгерістің жүргізушілерге қандай әсері бар? Бұл мәселені BAQ.KZ тілшісі зерттеп көрді.
“Тұрақтар қызмет емес, таза схема болды”
1 апта бұрын Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Жер кодексінің 109-бабына енгізілген өзгеріс арқылы Астана мен Алматы көшелеріндегі ақылы тұрақтар алынып тасталатынын мәлімдеді.
Айтуынша, Құрылыс кодексі жобасы бойынша жұмыс тобы оның түзетуін қолдаған.
Алматыда олигархтар фирма-прокладка құрып, халықтан тұрақ ақысы арқылы ақша жинады. Қаланың бюджеті миллиардтаған теңгеден айырылды, кінәлілер сотталды, бірақ жүйе тоқтаған жоқ, Алматыда да, Астанада да жалғаса берді. Халық төлеп жатқанда, біреулер сол ақшамен байып отырды, — деп жазды ол.
Депутат қос мегополистегі ақылы тұрақтар қызмет емес, таза схема болғанын жеткізді.
Инвестиция жоқ, инфрақұрылымға өзгеріс жоқ, тәртіп жоқ. Тек күмәнді жолмен тұрақтарды иемденгендердің қалтасына құйылған миллиардтар ғана болды. Біз бұл жүйеге нүкте қоямыз. Дағдарыс кезінде халықтың есебінен баю – қоғамға қарсы қылмыс. Әділдік қалпына келуі керек, — деді Бақытжан Базарбек.
Әкімдік не дейді?
Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының баспасөз қызметі жол бойындағы жекеменшік автотұрақтар әкімдік қолына өткенмен, ақылы болып қала беретінін айтты.
Әзірге бұл жаңалық тұрғындар өміріне ешқандай өзгеріс әкелмейді. Астанада тариф 8:00-ден 20:00-ге дейін сағатына 100 теңге болып қала береді. Ал 20:00-ден кейін автотұрақ та тегін болады, — деді хатшылықта.
Сондай-ақ басқарманың баспасөз қызметі қазір кәсіпкерлермен келісімшартты бұзу жұмысы жүргізіліп жатқанын, талап пен ережелерге өзгерістер енгізілсе, қосымша ақпарат берілетінін жеткізді. Демек, тұрақ басқармасы мен бақылауы әкімдікке өткенімен, тұрақ тарифтері, уақыт шектеулері өзгере ме, жеңілдіктер бола ма, әзірге белгісіз.
Сарапшы пікірі қандай?
Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков – 10 жыл бұрын Алматыда ақылы автотұрақтар енгізіліп жатқан кезде негізгі кіріс жеке компанияның қалтасына кетпей, қала бюджетіне берілуі керек деп пікір білдірген белсенділердің бірі. Оның айтуынша, жеке компания тек жұмыстың сапасына байланысты пайыз немесе келісімшарт бойынша белгіленген ақы алуы тиіс, ал негізгі кіріс қаланың бюджетінде қалуы дұрыс шешім.
Эдуард Эдоков тұраққа төленетін ақша жеке фирмалардың пайдасына емес, қала бюджетіне түссе, бюджетке түсетін қаржы көзі артатынын атады. Яғни қала әкімдігі көше автотұрағын өз бақылауына алып, ашықтықты қамтамасыз етеді. Алайда сарапшының айтуынша, бұл жүргізушілердің күнделікті өміріне айтарлықтай әсер етпейді.
Ойластырылған тарифтік саясат, резиденттерге арналған жеңілдіктер мен нақты түнгі ережелер болмаған жағдайда айтарлықтай өзгеріс күтудің қажеті жоқ, — деді ол.
Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Алматыдағы тәжірибе мұны растағанын атап өтті. Яғни паркинг коммуналдық меншікке өткенмен, басқару құрылымы ғана өзгеріп, автокөлік иелері үшін көзге көрінетін жақсартулар болмаған.
Автокөлік жүргізушілері үшін жағдай іс жүзінде өзгермейді. Біз бұрын қалай төлесек, солай төлей береміз. Тек бұрын бұл ақша жеке компанияға кететін, ал енді қаланың бюджетіне түседі, – деді Эдуард Эдоков.
Сарапшының айтуынша, әлемде автотұрақты басқарудың ең тиімді моделі – тарифтерді қала белгілеп, табысты өзі алатын, ал IT-платформа мен бақылауды қоса алғанда, операциялық міндеттерді келісімшарт бойынша жеке компаниялар орындайтын жүйе. Оның пікірінше, операторға белгіленген ақы немесе жұмыстың сапасына байланысты бонустар төленуі керек.
Бұл – әлемдік тәжірибе дәлелдеген ең дұрыс әрі тиімді нұсқа. Барлық табысты мемлекет алады, ал оператор ретінде жеке компания жұмыс істейді, оған көрсеткен қызметі үшін келісімшарт бойынша ақы төленеді, – деді ол.
Қорытындылап келе, соңғы өзгерістерге сәйкес, Астана мен Алматыда жекеменшік ақылы автотұрақтар болмайды. Бірақ бұл заңнамалық қадам – тек бастама. Ал жүйенің нақты қалай болатыны әкімдіктердің шешіміне және бюджет мүмкіндіктеріне байланысты.


