Алматыда көліктер саны жыл сайын артып келеді, ал қала құрылысы тығыздалып жатыр. Осының нәтижесінде қаланың көлік мәселесін шешетін негізгі жобалардың бірі – жеңіл рельсті көлік (ЛРТ). Бірақ ол Алматыға шынымен қажет пе және көлік жүктемесін нақты төмендете ала ма? Мамандардан сұрап білдік, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматыда жеңіл рельсті көліктің бірінші желісінің бірінші кезеңін салуға арналған технико-экономикалық негіздеме әзірлеу жалғасуда. Бұл туралы Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы айтты.
Алдын ала маршрутқа сәйкес, ЛРТ “Алматы-2” теміржол вокзалынан басталады, Абылай хан даңғылы бойымен өтеді, Төле би көшесімен жүреді, кейін Момышұлы көшесімен өтеді және Алатау ауданындағы депоға жетеді. Депо Момышұлының батысында, Индустриялық аймақтың оңтүстік бөлігінде орналасқан.
Бірінші кезеңнің ұзындығы — 18,3 км, ал барлық желінің жалпы ұзындығы — 32,5 км.
Басқарма басшысының м.а. Асан Бостанов жобаның техникалық және қаржылық параметрлері туралы айтты.
Жобаның техникалық және қаржылық параметрлері, нақты құны, қаржыландыру көзі, іске асыру мерзімі, мемлекеттік қолдау шаралары мен инвестициялар көлемі бірінші кезеңнің Технико-экономикалық негізі әзірленгеннен кейін анықталады, – деді Асан Бостанов.
ЛРТ идеясы Алматыда 2018 жылдан бері талқыланып келеді. Алғашқы жоба келесі көрсеткіштерді қамтыған:
• 37 станция
• 22,7 км қосарланған жолдар
• шыңдық уақыттағы жүріс интервалы — 4 минут
• орташа тәуліктік жолаушылар ағыны — 76–112 мың адам
• орташа коммерциялық жылдамдық — 22 км/сағ
• іске асыру мерзімі — 2019–2042 жылдар
Неліктен Алматыға ЛРТ қажет?
1. Ұзын қала бойынша жылдам байланыс
Алматы шығыс-батыс бағытында ұзартылған. Мамандардың сөзінше, метро құрылысы онжылдықтарды алады, ал ЛРТ негізгі аудандарды жылдам байланыстыра алады, әсіресе көп жолаушылар ағыны бар дәліздерде.
Бір ЛРТ желісі BRT-ге қарағанда екі есе көп жолаушы тасымалдауы мүмкін. Бұл Абылай хан, Төле би және Момышұлы сияқты тығыз аудандар үшін маңызды. Қалада ауаның сапасы мәселесі өзекті болғандықтан, бұл үлкен артықшылық. Рельсті инфрақұрылым тұрақты, құрылымды өсуге жол ашады және желі бойында бизнес дамуын ынталандырады, – деді урбанист Рахым Ерсін.
Дегенмен, жобаның қауіптері мен кемшіліктері де бар.
Маманның сөзінше, ЛРТ – қымбат жүйе. Егер маршрут қате таңдалса, оның тиімділігі төмендейді. Дұрыс жобаланбаған жолақтар қозғалыстың жылдамдығын айтарлықтай төмендетуі мүмкін.
ЛРТ — каркас жүйесінің негізгі элементі. Ол автобустар мен BRT көтере алмайтын ағындарды тасымалдауға қабілетті. Егер ыңғайлы маршруттар құрастырылып, қолжетімділік және шеткі аудандар қамтылмаса жоба айтарлықтай нәтиже бермейді, – дейді урбанист Владислав Фомитов.
Эконимист Айбар Олжай бұл жобаға көп ақша құртпай, арзан түрде жасауға болатынын айтты.
ЛРТ – экономикалық мультипликатив. Алматының экономикасының белсенді қатысушылары кептелісте тұрған сайын тоқырай бастайды. Сол себепті қаладағы кептелісті жою керек. Мәселен, бір жолда бір күнде төрт сағаттан уақыт құртса, ол адамның экономикаға деген үлесі едәуір кемиді. Бұл жобаға көп ақша құртпай, арзан түрде жасауға болады, – деді эконимист Айбар Олжай.
Мамандар Алматы заманауи қоғамдық көлік дамымайынша кептелісті шеше алмайтынын атап өтті. Дұрыс бағыт таңдалып, жүйелі жоспар жасалса, ЛРТ Алматыдағы көлікті ыңғайлы және тиімді ете отырып, жеке көліктерге тәуелділікті азайта алады.


