Көптеген азамат тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы қандай қызметтерді алуға болатынын біле бермейді. Ал егер адам өз емханасына тіркелсе, көптеген медициналық көмекті тегін алып, артық шығын шығармай-ақ денсаулығын бақылай алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы емханада қандай қызметтерді тегін қолдануға болатыны туралы қордың ресми өкілі Забира Оразалиева айтып берді.
Азаматтардан келіп түсетін өтініштерге қарасақ, көпшілігі қай қызметтің сақтандырусыз көрсетілетінін, ал қайсысы МӘМС пакетіне кіретінін ажырата алмайды. Шын мәнінде, емханаларда профилактикалық тексеруден бастап күрделі операцияларға дейінгі медициналық көмектің барлық түрі қолжетімді. Егер адам өз құқығын біліп, тіркелген емханасына жүгінсе, мұның бәрі тегін көрсетіледі, – дейді ӘМСҚ ресми өкілі.
Қайда бару керек?
Медициналық көмекті алу үшін ең алдымен өз емханаңызды және учаскелік дәрігеріңізді білу қажет.
Егер бұрын емханаға тіркелмеген болсаңыз, тіркелген медициналық ұйымыңызды eGov.kz порталындағы жеке кабинет арқылы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасынан анықтай аласыз.
Сондай-ақ кейбір өңірлерде (мысалы, iKomek қызметі арқылы) тұрғылықты мекенжайыңызға сәйкес келетін емхананы анықтауға болады. Қажет болса, бұл ақпаратты өңірлік денсаулық сақтау басқармаларынан да білуге мүмкіндік бар, – деп атап өтті Забира Оразалиева.
Айта кету керек, қажет болған жағдайда азаматтар емхананы жылына екі рет өз еркімен ауыстыра алады. Бұдан бөлек, тұрғылықты жерді өзгерткенде немесе тіркеу науқаны кезінде де емхананы ауыстыруға болады. Бұл қызмет eGov.kz порталы арқылы онлайн көрсетіледі (толығырақ: http://zan.gov.kz/client/#!/doc/148575/rus).
Негізгі медициналық минимум
Емханаңыз белгілі болған соң, сол жерде өзіңізге қажетті медициналық көмекті ала аласыз.
Әрбір тіркелген азамат жыл сайын профилактикалық тексеруден өтуге құқылы. Мұндай тексерулер ауруларды ерте анықтап, алдын алу шараларын уақытында жүргізуге мүмкіндік береді.
Ең алдымен флюорография тапсыру керек. Бұл өкпе ауруларын ерте кезеңде анықтау үшін жылына бір рет жасалады.
Сонымен қатар жыл сайын дәрігерге дейінгі тексеру кабинетіне бару ұсынылады. Онда қан қысымы, қандағы қант деңгейі, бой мен салмақ өлшеніп, көру қабілеті тексеріледі. Егер сіз медициналық ақпараттық жүйенің мобильді қосымшасын пайдалансаңыз, учаскелік дәрігерге жазылмас бұрын осындай тексеру қажет екендігі туралы ескерту аласыз. Бұл қызметке жолдама да, алдын ала жазылу да қажет емес, әдетте кезек арқылы қабылданады.
Әйелдерге арналған алдын ала қаралу кабинеті де жұмыс істейді. Мұнда профилактикалық тексеру жүргізіліп, шағымдар тыңдалады, онкоцитологияға жағынды алынады және жалпы денсаулық жағдайы бағаланады.
Сондай-ақ жынысына және жасына қарай барлық азаматтарға скринингтік тексерулер жүргізіледі. Бұл жүрек-қантамырлары, онкологиялық және басқа да ауруларды ерте анықтауға бағытталған маңызды шара. Мұндай тексерулерден жүйелі түрде өтіп тұру – денсаулықтағы өзгерістерді уақытында байқауға және аурудың асқынуына жол бермеуге мүмкіндік береді, — дейді ресми өкіл.
Емханаға тіркелу – тек ауырғанда бару үшін емес, денсаулықты сақтаудың тиімді жолы. Скринингтен өтіп, профилактикалық тексерулерден уақытылы өту — өз өміріңізге деген жауапкершіліктің ең қарапайым әрі сенімді көрінісі.


