Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту құқықтық салада да өзекті мәселе болып отыр. Әсіресе сот жүйесінде мемлекеттік тілдің орны ерекше, өйткені, ол — әділдіктің, қолжетімділіктің және азаматтардың құқықтық теңдігін қамтамасыз ететін негізгі құрал.
Азаматтық істер бойынша соттарға келіп түсетін талап қоюлардың басым бөлігі, өкінішке қарай, әлі де орыс тілінде рәсімделуде.
Мысалы, соңғы айларда аудандық соттарға түскен талап қоюлардың ішінде коллекторлық агенттіктер мен микрокаржылық ұйымдардың өтініштері басым. Бірқатар микроқаржылық ұйымдардың барлығы талап қоюларын орыс тілінде беріп келеді.
Тек «KMF (ҚМФ)» Микроқаржылық ұйымы» акционерлік қоғамы ғана өз құжаттарын мемлекеттік тілде рәсімдеп, сот ісін ана тілінде жүргізуге үлес қосып отыр. Бұл тәжірибе – өзге ұйымдар үшін үлгі болуы тиіс.
Қызылорда облысы соттарында азаматтық істердің шамамен 65 пайызы ғана мемлекеттік тілде қаралуда. Бұл – оң көрсеткіш болғанымен, толық қанағаттандырарлық деңгей емес.
Себебі, сотқа түсетін құжаттардың көпшілігі әуел бастан орыс тілінде дайындалып, ішкі айналымда сол тілде жүреді. Ал, бұл өз кезегінде сот процесін толықтай мемлекеттік тілде жүргізуге кедергі келтіреді.
Мемлекеттік тіл – әділ сот төрелігінің тірегі. Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Тіл туралы» заңда мемлекеттік тілдің мәртебесі айқын белгіленген. Әрбір азамат өз ісін мемлекеттік тілде жүргізуге құқылы.
Сот өндірісіндегі тіл – жай ғана қатынас құралы емес, ол – әділ шешім қабылдаудағы дәлдік пен түсініктілікті қамтамасыз ететін құқықтық негіз.
Мемлекеттік тілде іс жүргізу – халыққа жақын болудың, азаматтардың сотқа сенімін арттырудың бірден-бір тетігі.
Сот төрелігінің ашықтығы мен айқындығы, азаматтардың өз құқықтарын еркін қорғауы тікелей тіл арқылы жүзеге асады.
Сотқа қатысушылардың арасында қазақ тілін жақсы білсе де, құжаттарын орыс тілінде дайындайтын жағдайлар жиі кездеседі. Бұл – қалыптасқан тілдік әдет пен немқұрайлықтың салдары.
Ал шын мәнінде, талап қоюшылар мен жауапкерлердің қазақ тілінде іс жүргізуге толық мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік тілді қолдану – баршамыздың азаматтық борышымыз. Тіл – елдің айнасы, сот – сол айнадағы әділдіктің көрінісі. Сондықтан, сот жүйесінде мемлекеттік тілдің үлесін арттыру – ұлттық міндетпен қатар, кәсіби жауапкершілік болып саналады.
Сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу деңгейін көтеру – бір күннің немесе бір бұйрықтың нәтижесі емес. Ол – жүйелі көзқарасты, тұрақты еңбекті және әрбір қызметкердің ішкі ұстанымын талап ететін үдеріс.
Әрбір сот, әрбір кеңсе қызметкері мен әріптес мемлекеттік тілде іс жүргізудің үлгісін көрсетуі тиіс.
Мемлекеттік тілде жүргізілген әрбір іс – ұлттық намыс пен құқықтық мәдениеттің көрінісі.
Жалағаш аудандық сот әкімшісінің
бас маманы Р.А.Аккасинов


