Азаматтық істерді қарайтын соттардың жүктемесі жыл сайын өсіп көбеюде. Бұл әрине, азаматтардың құқықтық сауатының көтерілгенін көрсететін факт. Сонымен бірге бұл халықтың сот жүйесіне деген сенімінің айқын көрінісі болса керек.
Азаматтық істер бұйрық, оңайлатылған, талап қою, ерекше талап қою, ерекше іс жүргізу арқылы қаралады. Соның ішінде Азаматтық процестік кодексте ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралатын істердің реті мен тәртібі дәйектелген. Мұның барлығы кодекстің 302-бабында толық көрсетілген. Соған сәйкес отандық соттарда ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралатын істер қатарына заңды маңызы бар фактілерді анықтау туралы, бала асырап алу туралы өтініштер бойынша, азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану және азаматты қайтыс болды деп жариялау, азаматтың әрекетке қабілеттілігін шектеу туралы, азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану, он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамның өз табыстарына өз бетінше билік ету құқығын шектеу немесе одан айыру туралы істер қаралады. Бұдан бөлек кәмелетке толмағанды толық әрекетке қабілетті деп жариялау, кәмелетке толмағандарды девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнаулы білім беру ұйымдарына немесе ерекше ұстау режимі бар ұйымдарға жіберу, азаматты психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызу, туберкулезден, алкоголизмнен, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы істер де ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралатын істер қатарында.
Кейінгі кезде азаматтардан жиі өтініш түсетін оңалту және банкроттық, азаматтық хал актілері жазбаларының дұрыстығын анықтау, нотариаттық іс-әрекеттерге немесе оларды жасаудан бас тарту туралы, Қазақстан заңнамасын бұзғаны үшін шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды республикадан тыс жерге шығарып жіберу туралы өтініштер де ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралады. АПК-нің 302-бабы 2-бөлігінде ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралатын істердің басқа да санаттары көрсетілген.
Ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралатын істердің басты ерекшелігі –заңдық негізі бар фактілерді анықтауға негізделеді. Сот тәжірибесінен байқап отырғанымыздай қазіргі кезде істерді ерекше іс жүргізу тәртібінде қарау жиілеген.
Ерекше іс жүргізу істерін қарау кезінде сот азаматтық процестің сатыларына қатысты іс жүргізудің жалпы ережелерін сақтауы керек. Бұл тәртіп сот ісін жүргізуге өтінішті қабылдау кезеңі, істі сот талқылауына дайындау, өткізу және тағайындауды қамтиды. Сонымен қатар, ерекше іс жүргізу істерінде сот ісін жүргізудің жалпы ережелері қолданылмайтынын да ескеруіміз керек. Егер ерекше іс жүргізу ісін қарау кезінде қандай бір дау туындаса немесе соттың өзі істі ерекше іс жүргізу тәртібімен шешу азаматтық құқық туралы дауды сот тәртібімен шешу қажеттілігімен байланысты деген қорытындыға келсе, өтініш АПК-нің 279-бабы 13) тармақшасына сәйкес қараусыз қалдырылады.
Ерекше іс жүргізу істерді оңтайлы қарауымен, азаматтардың уақыты мен қаржысын үнемдеуімен құнды.
А.Оспанова,
Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы