Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының сот жүйесі қоғам мен мемлекеттің даму қарқынына сай заманауи, ашық әрі қолжетімді сот төрелігін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды реформаларды жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында сот билігінің тәуелсіздігі мен әділдігі – құқық үстемдігінің басты кепілі екенін үнемі атап өтеді. Осы бағытта соңғы жылдары сот саласында бірқатар жаңашылдықтар мен цифрлық өзгерістер енгізілді.
Сот жүйесіндегі ең маңызды жаңалықтардың бірі – «Төрелік» ақпараттық жүйесі мен «Сот кабинеті» электрондық сервисінің кеңінен қолданылуы.
Бұл платформалар арқылы азаматтар:
• сотқа талап-арыз немесе өтінішті онлайн түрде жолдай алады;
• істің қозғалысы мен қаралу барысын бақылай алады;
• сот құжаттарын электронды форматта алады.
Мұндай жүйелер адам факторын азайтып, сот ісін жүргізудің жеделдігін және ашықтығын қамтамасыз етті.
Соттардың ресми интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы қоғаммен кері байланыс орнатылды. Сот процестерінің ашықтығын арттыру мақсатында бейнежазба және онлайн-трансляция жүйесі енгізілді. Бұл шаралар сот жұмысына деген қоғам сенімін нығайтуға мүмкіндік берді.
Дауларды сотқа жеткізбей шешудің заманауи тәсілі ретінде медиация және татуластыру орталықтары белсенді дамуда. Судьялар тараптарды келісімге шақырып, бітімгершілік мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуде. Бұл өз кезегінде қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға және соттардың жүктемесін азайтуға ықпал етуде.
Жаңа жағдайдағы сот жүйесі білікті әрі заманауи ойлайтын судьяларды талап етеді. Осы мақсатта Жоғары Сот жанындағы Сот төрелігі академиясында судьялардың кәсіби шеберлігін арттыру бойынша тұрақты оқыту бағдарламалары жүзеге асырылуда.
2021 жылдан бастап елімізде жаңа бағыт – әкімшілік әділет жүйесі іске қосылды. Бұл институттың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетпен дауларындағы құқықтарын тиімді қорғау. Мұнда соттар енді азамат пен мемлекеттік орган арасындағы қатынаста азаматтың құқығын басым деп қарайды.
Сот жүйесіндегі жаңашылдықтар – бұл қоғамның сұранысына жауап беретін және азаматтардың сотқа деген сенімін арттыруға бағытталған маңызды қадамдар. Бүгінгі сот тек әділ шешім шығаратын орган ғана емес, сонымен бірге әділдік пен сенімнің символы болуы тиіс.
Н.Кеулімжаева, Қызылорда қаласының ӘҚБ сотының
бас маман сот отырысының
хатшысы