Қазіргі таңда еліміздің құқықтық жүйесінде дауларды шешудің баламалы тәсілдері кеңінен дамып келеді. Солардың бірі – медиация институты. Бұл институттың басты мақсаты – тараптар арасындағы келісім мен өзара түсіністікті орнату, қоғамда бітімгершілік мәдениетін қалыптастыру.
Медиация – дауласушы тараптардың өз еркімен, үшінші бейтарап тұлға – медиатордың көмегі арқылы өзара тиімді келісімге келу процесі. Бұл тәсіл тек азаматтық істерде ғана емес, әкімшілік құқық бұзушылық істерінде де қолданыла бастады.
Әкімшілік істерде медиация қолдану, ең алдымен, азаматтар арасындағы қарым-қатынасты сақтап қалуға, әлеуметтік шиеленісті төмендетуге бағытталған. Мысалы, көршілер арасындағы тұрмыстық дау, ұсақ бұзақылық, мүліктік даулар сияқты жағдайларда жазалау емес, тәрбиелік және татуластырушы әсер маңыздырақ болып табылады.
Медиацияның артықшылықтары айқын:
• Тараптардың уақыты мен шығынын үнемдейді;
• Қарым-қатынасты сақтауға мүмкіндік береді;
• Сот жүйесінің жүктемесін азайтады;
• Әр тараптың мүддесін ескеруге жол ашады.
Судья тәжірибесінде де жиі байқалатыны – тараптар ашу үстінде немесе эмоцияның әсерімен дау туындатқанымен, кейін өзара келісімге келуге дайын болады. Осындай сәттерде медиация – ең тиімді тетік. Өйткені сот шешімі әрқашан бір тараптың мүддесін көбірек қорғаса, медиациялық келісім – екі жақтың да көңілінен шығатын шешімге жол ашады.
Ел Президенті өз жолдауларында қоғамда бітімгершілік мәдениетін дамыту, дау-жанжалдарды сотқа жеткізбей шешу қажеттігін ерекше атап өтеді. Бұл бағытта медиация институтының дамуы – құқықтық мемлекет қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі.
Сондықтан, медиацияны қолдану – тек заң талабы емес, бұл адамгершілік пен татулыққа бастайтын жол. Әрбір азамат өз құқығын қорғаумен қатар, келісім мен түсіністік құндылығын да ұмытпауы тиіс.
С.Утегенова, Қызылорда қаласының ӘҚБ сотының
судьсы