12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Исатай СМАТОВ, Маңғыстау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы: «СОТТАҒЫ ӘР БАСТАМА – ҮЗДІКСІЗ ІЗДЕНІС ПЕН ТЫНЫМСЫЗ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ»

– Сот саласы елдегі əділдік пен заңдылықтың кепілі болғандықтан артылар жауаптылық үлкен. Бұл құрылымда үнемі жаңа реформалардың қолға алынып, жаңа бастамалардың жиі енгізілетіні де сондықтан. Саланы жаңғырту бойынша атқарылған жұмыстардың нəтижесі қандай? Жаңашылдықтар сот жүйесіне серпін бере алып отыр ма?

– Қозғалыс бар жерде даму бар. Үнді елінің қайраткері Махатма Ганди айтқандай «Жеттім, толдым деген адамның дамуы тоқтап, міндетті түрде кері кетуі басталады». Ал мемлекет дамуының басты негізі саналатын сот саласында халықтың талабы мен қажеттілігін, заманның ілгерілеуі мен ізденісін басшылыққа ала отырып жаңалыққа, жақсы нəтижеге ұмтылу қалыпты үрдіс. Оның үстіне, қазақстандық соттың халықаралық талаптарға сай келіп, азаматтардың құқығы мен бостандығын мінсіз қорғауы керектігін Мемлекет басшысы да үнемі назарда ұстап келеді. Судьялардың ІХ съезінде сөйлеген Президенттің: «Заң мен тəртіп – əділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл – заң алдында бəрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті, сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды», – деуі сот құрылымына артылған салмақтың қай кезде де жоғары болатынын дəлелдейді. Соттағы жаңашылдықтар реформа үшін жасалған қадам емес, əр бастама – үздіксіз ізденістің, терең талдау мен тынымсыз еңбектің жемісі. Сондықтан да олардың нəтижесі оң. Кез келген реформаның түпкі мақсаты – құқықтық, зайырлы мемлекет орнатып, халыққа жайлы да қауіпсіз орта қалыптастыруға, азаматтардың құқығы мен бостандығын мінсіз қорғауға бағытталған. Жүйелі реформа бір күнде жасалмайды. Жаңа реформалар – сөзсіз жаңа өзге рістердің бастауы. Жалпы алғанда бүгінгі күні қолға алынған реформалар «Күшті Президент, ықпалды Парламент, еститін Үкімет» ұстанымына негізделген. Соңғы 5-6 жыл ішінде республикамыздың соттарында ауқымды революциялық өзгерістер орын алды. Заңнамаларды жетілдіруде, сот кадрларын таңдауда, сот процестерін цифрландыруда көп жұмыс жасалды. Сот отырыстарынан тікелей трансляцияның жүргізілуі – қазақстандық соттың сандық технологияны жетік меңгеріп қоймай, батыл қолдана алатынын жалпақ жұртқа көрсетіп берді.

– Əкімшілік əділет институты халықтың үмітін ақтады ма?

– Əкімшілік рəсімдік-процестік кодекстің қабылданып, мамандандырылған əкімшілік соттардың құрылуы – Президент тапсырмасының тиянақты орындалғанын көрсетеді. Қазақстанның сот саласына жаңалық болған сот төрелігінің жаңа саласы жеке жəне заңды тұлғалар мен əкімшілік органдардың арасында туындайтын дауларда əлсіз жақтың мүддесін қорғауға бағытталған. Ал Əкімшілік рəсімдік-процестік кодекс қарапайым халық пен заңды тұлғалардың сотқа талап қоюды беруін əлдеқайда жеңілдетті. Əкімшілік əділет институтының ерекшелігі жауапкер өз шешімінің, əрекетінің не əрекетсіздігінің заңдылығы мен негізділігін дəлелдеуге міндетті болып отыр. Бұл да қарапайым азаматтар мүддесінің басты орында тұрғанын нақтылайды. Əкімшілік сот шешімдердің орындалуын қатаң бақылауды ұстайды. Заң мен тəртіпке бағынбағандарға ақшалай мəжбүрлеу шарасын қолданады. Бұдан бөлек əкімшілік процестің барлық сатысында тараптардың татуласуына мүмкіндіктің берілуі – азаматтар үшін де, қоғам үшін де пайдалы екені сөзсіз. Міне, осындай басымдықтар қарастырылған əкімшілік əділет институтының тиімділігіне азаматтар көз жеткізіп отыр. Қазіргі таңда азаматтар мен бизнес өкілдерінің соттарға деген сенімінің артқанын көрсеткіштерден-ақ байқауға болады. Бүгінде жылдан жылға əкімшілік талап қоюлар саны артуда.

– 2025 жылы ƏРПК-ге енгізілген эксаумақтық соттылықтың маңызы неде?

– Иә, 2025 жылдың 1 наурызынан бастап кодекске жаңалық енгізілген болатын. Ол – әкімшілік талап қоюлардың эксаумақтық соттылық бойынша қаралуын қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни, заңда белгіленген істердің жекелеген санаттарының қаралу тәртібін қоспағанда, талап қоюшы сотқа әкімшілік талап қоюды жолдай отырып, соттың іс жүргізуіндегі әкімшілік істер бойынша, әкімшілік істі сот талқылауына тағайындағанға дейін эксаумақтық соттылықты таңдайтыны жөнінде өтініш бере алады. Эксаумақтық соттылықты таңдау талап қоюшыға бірқатар мүмкіндік береді. Соның ішінде талап қоюшыға қолайлылық туғызып; жауапкер тарапынан қысым қаупін төмендетеді. Алайда талап қоюшы нақты бір әкімшілік сотты таңдай алмайтынын ескеру керек, себебі талап қоюшының өтініші негізінде әкімшілік іс «Төрелік» ақпараттық жүйесі бойынша автоматты түрде бөлінеді және осы негізде соттың ұйғарымы шығарылады. Сонымен қатар, эксаумақтық соттылық барлық істердің санатына қолданыла бермейтінін атап кеткен жөн. ӘРПК-нің 107-бабының бірінші бөлігінің екінші абзацында белгіленген талапқа сәйкес эксаумақтық соттылық осы кодекстің 102-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген инвесторлардың дауына, 103-бабындағы әскери соттардың соттылығына жататын істерге, 105-бабының бірінші бөлігімен көзделген ҚР Жоғарғы Соты бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша Орталық сайлау комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне, Орталық референдум комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне дау айту туралы әкімшілік істерге, 106-бабының екінші және үшінші бөліктеріндегі тәртіппен қаралуға жататын Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде шығарылған әкімшілік актілерге және электрондық құжат нысанында шығарылған әкімшілік актілерге дау айту туралы істерге қолданылмайды. 2025 жылдың наурыз айынан бастап басқа өңірлерден 20 әкімшілік талап қою эксаумақтық соттылық бойынша келіп түскен және Маңғыстау соттарында 5 әкімшілік талап қою эксаумақтық соттылық бойынша жолданған. Эксаумақтық соттылық – сотқа деген сенімді нығайтады.

– Әкімшілік соттарда қандай шағымдар жиі қаралады?

– Маңғыстау облысының соттарында сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне берілетін даулар, мемлекеттік сатып алудан туындайтын даулар көбейген. Алдыңғы жылмен салыстырғанда салық, жер, тұрғын үй қатынастарынан туындайтын даулар бойынша түскен талап қоюлар әлі де басым. Осы даулар бойынша шығарылған сот шешімдерінің басым бөлігі азаматтар мен кәсіпкерлердің пайдасына шешілуде. 2025 жылдың тоғыз айында барлығы 798 әкімшілік талап қою түскен, оның ішінде 252 сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне берілген талап қоюлар, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 54 әкімшілік талап қоюға көбейген, 118 мемлекеттік сатып алудан туындайтын даулар бойынша талап қоюлар, былтырғы жылмен салыстырғанда 36 талап қоюға көбейген, салық даулары бойынша талап қоюлар 14 азайғанымен әліде басым түсуде. Талап қоюлардың өсуіне жол бермеу, заң талаптары мен қалыптасқан сот тәжірибесін түсіндіру мақсатында жеке сот орындаушылармен, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы органдармен, мемлекеттік кірістер органдарымен, Маңғыстау облысының аумағында орналасқан квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің қатысуымен дөңгелек үстел, семинарлар өткізіліп келеді және сот тәжірибесіне талдаулар жасалды. Кемшілікті жою үшін сот отырыстарын әкімшілік органдар басшыларының қатысуымен өткізу тәжірибесі жолға қойылды.

– Мемлекеттік сатып алу, салық саласындағы даулардың көбеюіне не себеп болып отыр?

– Сот тәжірибесі көрсеткендей мемлекеттік сатып алудан туындайтын дауларға қатысты талап қоюлардың өсуіне себеп әртүрлі. Соның бірі мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік секторлардағы сатып алуларға байланысты түсетін талап қоюлар «Төрелік» ақпараттық жүйе сінде бір есеп жолында тіркелуімен негіздеуге болады. Бұл санатқа мемлекеттік сатып алулардан туындайтын дауларды, мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы тізіміне енгізу туралы бұйрықты даулау, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуларды өткізуден туындайтын дауларды, Қордың сенімсіз әлеуетті өнім берушілерінің тізбесін енгізу туралы бұйрықты даулау бойынша даулар кіреді. Осы санат бойынша 2025 жылдың тоғыз айында барлығы 118 талап қою түскен, оның 51-і шешім шығару арқылы аяқталса, 25-і қанағаттандырылып, 26-ы қанағаттандырудан бас тартылған. Әлеуметтік мәселелерді қозғайтын, оның ішінде білім беру саласындағы балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша істер саны көбейген. Аталған санаттағы істерде тапсырыс берушінің шағымы бойынша шешімі даулануға жатады. Мысалы, көбіне конкурсқа қатысқан әлеуетті өнім беруші конкурстық комиссияның берілген балымен келіспей шағым келтіреді. Білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру Оқу ағарту министрімен бекітілген қағида негізінде жүзеге асырылады. Осы қағидада әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп жарияланған және шартқа сәйкес ағымдағы конкурсты өткізу кезеңінде басқа мектепте қызмет көрсетіп жатса, сол конкурстарда әлеуетті өнім беруші ұсынған аспаздардың болуы туралы мәліметтерді ұсынған кезде конкурстық комиссия балл қоймайды делінген. Бұл өзгеріс министрліктің 2023 жылы бір аспазды барлық мектептермен ұйымдастырылған конкурстарға қатысуға жол бермеу, балаларды сапалы тамақтандыру, улану фактілерін болдырмау мақсатында енгізілген. Алайда, сот тәжірибесінен көрініп тұрғандай конкурстық комиссия бұл қағиданы әлі де ескермей, негізсіз балл беріп жатады. Осыдан келіспеушіліктер туындайды. Сонымен қатар, Маңғыстау облысы аумағында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының және дауыс беретін акцияларының елу және одан көп пайызы меншік немесе сенімгерлік басқару құқығымен «Самұрық-Қазына» АҚ-ға тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғалардың көп орналасуына байланысты олармен ұйымдастырылған тендердің қорытындысымен келіспеушіліктен туындайтын даулар да аз емес, даудың көптігін осымен де негіздеуге болады. Салық даулары бойынша камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалар, камералдық бақылау нәтижесі бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындалмады деп тану туралы шешімдер, салықтық тексерісті тағайындау туралы нұсқамалар, тексеру нәтижелері бойынша хабарламалар дауланып жатады. Салық органдары тексеріс тағайындау кезінде ӘРПК талаптарының бұзылуына жол береді. Мысалы, рәсімге қатысушыға әкімшілік іс бойынша алдын ала шешімге өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік бермейді, тыңдау өткізбейді және Салық заңнамасында көзделген хабарламаны жіберу мерзімі сақталмайды. Бұл бұзушылықтар әкімшілік актінің заңсыздығына алып келеді және даудың туындауына жол береді. Мұндай даулардың санын төмендету, жіберілген кемшіліктерге қайтадан жол бермеу мақсатында соттар әкімшілік органдарға қатысты жекеше ұйғарымдар шығарады. Соттың жекеше ұйғарымын орындамағаны үшін ақшалай өндіріп алуды қолдану тәжірибесі қалыптасқан. Мысалы, талап қоюшы жеке кәсіпкер жауапкердің шағымы бойынша әкімшілік органның шешімін заңсыз деп тану, қорытынды хаттамасының күшін жою туралы талаппен жүгінген, талап қанағаттандырылып іс бойынша жекеше ұйғарым шығарылып, Ақтау қаласының білім бөліміне орындау үшін жолданған. Алайда, жекеше ұйғарым бір ай мерзімде орындалмаған. Осыған байланысты, білім бөлімінің басшысына 50 АЕК мөлшерінде, 196 600 теңге ақшалай өндіріп алу қолданылды, ұйғарым орындалып, республикалық бюджетке төленді. Сонымен қатар, сот шешімінің орындалуы соттың қатаң бақылауында. ӘРПК-нің 127-бабы 5-бөлігінің талабына сәйкес соттың шешімін орындамағаны үшін жауапкерге елу АЕК мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолданады. 2025 жылы соттың шешімін орындамағаны үшін төрт әкімшілік іс бойынша ақшалай өндіріп алу қолданылған.

– Сот орындаушылар әрекетіне байланысты шағымдардың да азаймай отырғаны алаңдатады. Атқарушылық өндірістегі кемшілік сот беделіне тікелей әсер ететіндіктен бұл мәселені шешу кезек күттірмесі анық?

– Әрине, азаматтар сот актілерінің орындалуына қарап сот жұмысына, мемлекет қамқорлығына баға беріп жатады. Сондықтан сот орындаушылар жұмысын жандандыруға бәріміз мүдделіміз. Дегенмен, атқару құжаттарын орындау мәселесі бір күнде шешілмейтіні түсінікті. Сот орындаушылар арасында жұмысына салғырт қарайтындар, атқару құжаттарын жауаптылықпен орындамайтындар әлі де кездеседі. Жалпы алғанда талап қоюларды қанағаттандыруға түрткі болатын негізгі себептер белгілі. Мәселен, сот орындаушылар жұмыссыз борышкерлердің алимент бойынша берешегін орташа айлық жалақы бойынесептік көрсеткіштерін жеке-жеке алудың орнына, әрбір жылдың көрсеткішін жалпы алып жатады. Бұл өз кезегінде борышкерлердің материалдық жағдайын қиындатады, түрлі шектеулердің орын алуына түрткі болады. Сондай-ақ, талап қоюлардан байқалғандай, азаматтар сот орындаушылардың алимент бойынша берешекті уақытылы анықтамауына; атқару құжаты бойынша тиісті шараларды қабылдамауына; атқару өндірісі бойынша қаулыларды тараптарға уақытылы жолдамауына наразы болып, сотқа жүгініп жатады. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер немесе заңды тұлғаның құрылтайшысы болып табылатын борышкерлердің алимент бойынша берешектерін таза табысынан емес, жалпы табысынан анықтау; өзінің жақын туысына қатысты атқару құжатын өндірісіне қабылдау; бұрын тоқтатылған атқару құжатын өндіріске негізсіз қайта қабылдау; атқару құжатын заңды күшіне енгеннен кейін бес күн мерзім өтпей қабылдау; атқару құжатын заңды күшіне енген сот шешімінсіз, өндіріп алушы өкілінің сенімхатынсыз қабылдау; қызмет ақысын бекіту туралы қаулыны заң талаптарын бұза отырып шығару секілді сот орындаушылардың заңсыз әрекеттері де азаматтардың сотқа жүгінуіне себеп болуда. Әрине, мұндай көрер көзге байқалып тұрған құқық бұзушылыққа жол берген сот орындаушылар әрекетіне қатысты талап қоюды соттың қанағаттандыруы қалыпты жағдай. Сондай-ақ, борышкерлер тарапынан соттың заңды күшіне енген актісін орындамау мақсатында құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерге жол беріп жатады. Мысалы, борышкер Н.дан өндіріп алушы Г.-ның пайдасына 2010 жылы соттың бұйрығымен кәмелетке толмаған баласын асырап бағу мақсатында алимент өндірілген. Осы борышкер 2010 жылдан бері алимент төлемеген және оны төлемеу мақсатында жеке сот орындаушылардың барлық әрекеттері мен шешімдерін даулап келеді, 2023 жылдан бері тек сол борышкерден жиырма талап қою түскен. Осы борышкер бойынша сот өндіріп алушының 50 162 365,75 теңге мөлшерінде алимент алу құқығын қорғады. Бұл іс бойынша борышкер жеке кәсіпкер болып тіркелген. ЖСО борышкердің шығыстары декларацияда көрсетілмегендіктен, шығысты есепке алмастан, борышкердің нақты табысы негізінде алименттік берешекті заңды түрде есептеген. Енді борышкер 8 жыл қатарынан алимент төлемегендіктен 50 162 365,75 теңге көлемінде алимент төлеуге міндетті. Яғни, осы жағдайда борышкер құқықтарын теріс пайдаланып жатыр деуге де болады. Қытай ойшылы Конфуций «Нағыз қате – өткен қателіктерді түзетпеу» деген екен. Сол айтпақшы, ешбір сала кемшіліктен ада емес. Тек сол кем-кетікті дер кезінде анықтап, түзей білген орынды. Осыған орай сот орындаушылары жұмысындағы қателікті ашық көрсетіп, бірге талқылау оң нәтиже береді деген ойдамын. Заңды күшіне енген сот актілері заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, азаматтар үшін міндетті және Қазақстанның бүкіл аумағында орындалуға жатады. Сондықтан ЖСО және оны орындауға міндетті борышкерлерде өз құқықтарын адал пайдалануға міндетті, сот орындаушылар атқарушылық іс өндірісінің тараптарының құқықтарын бұзбауға міндетті. Осы жағдайда азаматтар тарапынан жеке сот орындаушыларға қатысты шағымдар азаятынын айтуға болады. – Әкімшілік соттарда медиацияның қолданылуы қалай? Тараптар сот алаңында жиі татуласа ма? – «Ұрыс болған жерде ырыс тұрмайды», «Бітіммен біткен істе береке бар» дегенді бағдар еткен халықпыз ғой. «Медиация туралы» заңның кең қолданысқа ие болуының сыры да осында болса керек. Әкімшілік институтында жеке және заңды тұлғалар мен әкімшілік органдарға медиация тәртібімен татуласуға жол берілген. Сонымен қатар жауапкердің әкімшілік қалауы болған кезде тараптардың татуласуына жол беріледі. Әкімшілік қалау – әкімшілік органның, лауазымды адамның Қазақстан заңнамасында белгіленген мақсаттарда және шектерде заңдылығын бағалау негізінде ықтимал шешімдердің бірін қабылдау өкілеттігі. Сондықтан сот ең бірінші кезекте сот талқылауы барысында әкімшілік қалаудың бар-жоғын тексереді. Әкімшілік қалауы болса «Соттың белсенді рөлі» қағидатының негізінде, тараптарға алдын ала құқықтық пікірін білдіріп, талап қоюшылардың берген талап қоюын кері қайтарып алуына, оның ішінде даудың нақты шешілуіне және тараптардың татуласуына мүмкіндік жасайды. 2025 жылдың алты айында Маңғыстау облысында татуластыру рәсімімен аяқталған әкімшілік істер 14,5% құраған. Сот тәжірибесі көрсеткендей мемлекеттік кірістер органдары әлі де істі татуластыру рәсімдерімен аяқтаудан бас тартып жатады. Соттың алдын ала құқықтық пікіріне құлақ аспайды, қалыптасқан сот тәжірибесін әлі де мойындамайды. Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде жүзеге асыруға міндетті. Бұл ӘРПК-нің қағидаттарының бірі болғандықтан оны жүзеге асыру керек. Меніңше, мемлекеттік кірістер органдарының өкілдері қандай да болмасын шешім қабылдауға жоғары тұрған органдардан қорқады.

– Әкімшілік әділет институтын жандандырып, жарияқұқықтық даулардың алдын алу үшін алдағы уақытта қандай жұмыстар қолға алынуы керек?

– Әкімшілік әділет институтының мақсаты – жария-құқықтық дауларды әділ қарап, халықтың сот, мемлекеттік орган жұмысына деген сенімін нығайтумен өзектес екенін ұмытпауымыз керек. Соған орай, алдағы уақытта тәжірибеде кездескен кемшіліктерге жол бермеу үшін «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның талаптарын сақтауды қамтамасыз ету; судьялардың мұрындық болуымен жеке және мемлекеттік сот орындаушыларымен дөңгелек үстел, семинар сабақтарын өткізу; дауды сотқа дейін реттеу мақсатында аумақтық палатада келісім комиссиясын құру кезек күттірмейді. Сондай-ақ әкімшілік соттарда біркелкі тәжірибе қалыптастыру – халық сенімін нығайтудың басты тетігі. Сондықтан, сот отырысына әзірлік жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастыру; барлық апелляциялық және кассациялық саты соттарында бұзылған және өзгертілген сот актілерін оқу орталықтарында судьялардың қатысуымен талқылау оң нәтиже береді деп сенемін.

– Исатай Маратұлы, әкімшілік соттардағы мемлекеттік тілдің қолданысы қалай?

– Қазақ тілі – қазақтың жаны. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін сот саласында ауқымды жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді. Судьялар мен сот қызметкерлерінің мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, азаматтарға мемлекеттік тілде қызмет көрсетуі міндетті талап. Соттағы құжат айналымы да 100 пайыз мемлекеттік тілде жүргізіледі. Алайда, биылғы алты айда мемлекеттік тілде әкімшілік сотқа түскен істердің саны 36,4% ғана құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,3 пайызға аз. Өкінішке қарай, сотқа талап арыз қай тілде қабылданса, іс сол тілде қаралады. Бұл – заң талабы. Бірақ, біз қол қусырып отырған жоқпыз. Мемлекеттік орган өкілдерімен, адвокаттармен, заңгерлермен жүздесіп, талап қоюларды мемлекеттік тілде рәсімдеп, жолдаудың маңызын түсіндіріп, талап арыздардың мемлекеттік тілдегі үлгісін қалыптастыруға бастамашы болып келеміз. Сондай-ақ қарапайым халықтың да сотқа мемлекеттік тілде жүгіну дағдысын қалыптастыру маңызды. Қазақтың тіліне қазақтан артық ешкімнің жаны ашымайтынын түсіну керек.

– Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рақмет. Әкімшілік соттың жұмысы жұртшылық көңілінен шыға берсін!

Түймегүл ИБАШЕВА, «Заң газеті»

Қазақстанда баспасөз қызметтерінің жұмыс тиімділігін қалай арттырмақ?

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесу барысында баспасөз қызметтері проактивті жұмыс істеп, қоғаммен сенімді байланыс орнатып, қоғамдық сұраныстарға дер кезінде жауап беруі керектігін атап өтті.

Мәжілісте жаңа Құрылыс кодексі таныстырылды

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жаңа Құрылыс кодексінің жобасын таныстырды.

Еліміз азық-түлік бағасын қалай ұстап тұр?

Ресми мәліметке сәйкес, маусым айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы Қазақстанда Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің орташа деңгейінен төмен.

“Каспий тартылып бара жатқанын білесіздер“. Президент түркі мемлекеттеріне үндеу жасады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммитінде сөз сөйледі.

Президент Цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммитінде сөз сөйледі.