Құқықтық, зайырлы мемлекетте азаматтардың қауіпсіздігі мен мүддесі басты орында тұрады. Кез келген азаматтың құқығының бұзылмауы, ар-намысының тапталмауы, зардап шекпеуі үшін заңдар жандандырылып, құзырлы органдардың жұмысы жолға қойылып келеді. Соның ішінде бас құжатымыз – Конституцияның 17-бабына сай адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Заңның талабы нақты болғанымен, құқыққа қайшы әрекет жасайтындар, азаматтардың ар-намысына тиетін, іскерлік беделіне нұқсан келтіретіндер аз емес. Әсіресе, ғаламтор пайдаланушылар санының өсуі, әлеуметтік желіде отыратындар қатарының молаюы, айтылған сөз, жазылған пікірге сүзгінің болмауы моральдық зиянды өтеу бойынша шағымдардың артуына ықпалын тигізуде.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодекстің 951-бабына сай, моральдық зиян – жеке тұлғалардың өзiндiк мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарының бұзылуы, кемсiтiлуi немесе олардан айырылуы, оның iшiнде өзiне қарсы құқық бұзушылықтың жасалуы салдарынан жәбiрленушiнiң, ал осындай құқық бұзушылық салдарынан ол қайтыс болған жағдайда – жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) басынан кешірген (төзімін тауысқан, уайымға салған) жан азабы немесе тән азабы (қорлау, ызаландыру, қысым жасау, ашуландыру, ұялту, түңілту, тән қиналуы, залал шегу, қолайсыз жағдайда қалу және т.б.). Моральдық зиян келтiрушiнiң кiнәсi дәлелін тапқан кезде моральдық шығынды зиян келтiрушi өтейдi.
Моральдық зиян азаматтың өзіне тиесiлi жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтарын бұзу, кемсiту немесе олардан айыру салдарынан басынан кешетін жан азабын немесе тән азабын білдіреді. Кодексте көрсетілгендей моральдық зиян ақшалай нысанда өтеледi. Дегенмен, оның көлемі келтірілген залалдың жеңіл-ауырлығымен тікелей байланысты. Моральдық зиянды өтеу туралы талап арыз берілгенде жәбірленушіге келтiрiлген адамгершiлiк залалдың ауырлығы субъективті түрде бағаланады. Осы тұста жан азабы мен тән азабының дәрежесiн дәлелдейтiн объективтi деректер, қол сұғу объектiсi болған игiлiктiң өмірлiк маңыздылығы, құқық бұзушылық зардаптарының ауырлығы, таратылған жалған мәлiметтердің сипаты мен аясы, жәбiрленушiнiң өмiр сүру жағдайлары, сондай-ақ өзге де назар аударуға тұратын мән-жайлар ескерiледi. Егер жәбірленуші өзіне жасалған тән азабы мен жан азабының кесірінен қайтыс болған жағдайда, моральдық залал оның жақындары мен туыстарына төленетінін атап өткен жөн.
Осы ретте моральдық залалды өтеуде басты назарда ұсталатын жан азабы мен тән азабының ара жігін ажыратып алған маңызды. Жан азабы деп адамның өз басынан кешірген қорлану, ызалану, қысым көру, ашулану, ұялу, түңілу, залал шегу, қолайсыз жағдайда қалу сияқты сезiмдерден туған күйзелісін түсiну қажет. Бұл көбінесе жәбiрленушiнiң өзiнің, жақындарының өмiрi мен денсаулығына құқыққа қайшы қол сұғу, бас бостандығынан не емiн-еркiн жүрiп-тұру құқығынан заңсыз айыру, денсаулығына зиян келтіру; отбасылық, жеке немесе дәрiгерлiк құпияны ашу; хат жазысу, телефон немесе телеграф хабарлар құпиясын бұзу; азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, шындыққа жанаспайтын мәліметтерді тарату салдарынан туындауы мүмкiн. Ал тән азабы деп азаматтың күш қолданып, денсаулыққа зиян келтіруіне байланысты туындайтын тәннің ауыруы.
Міне, осындай тән-жан азабын шегіп, одан зардап тартқан азаматтар сотқа талап арыз бере отырып, өзінің жеке мүліктік емес игіліктері мен құқықтарының бұзылу фактісін растайтын мән-жайларды көрсетуі, оған дәлелдемелер келтіруі керек. Сондай-ақ өзіне келтірілген моральдық зиянның салдарын өтейтін өтемақы сомасын көрсетуге міндетті.
Ал мұндай істерді таразылаған судьялар өтемақы сомасын ақылға сыйымдылық пен әділдік өлшемшарттарын негізге ала отырып анықтайды. Моральдық зиянды өтеу туралы талап қойған азамат сотқа жан азабы мен тән азабын бастан кешіргенін дәлелдеуге шарт. Сәйкесінше сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, ақылға сыйымдылық пен әділдік өлшемшарттарының негізінде моральдық зиянды өтеу мөлшерін анықтайды.
Айуль Байкенова,
Алматы қаласы
Әуезов аудандық №2 сотының судьясы