Шымкентте Қазақстан Республикасы судьяларының ХІ республикалық спартакиадасы өтті. Бұл күндері Оңтүстік мегаполис сот корпусының атынан еліміздің түкпір-түкпірінен келген 20 командаға күнгей өңірге тән жылылық, қонақжайлық және ақжарқын пейілін танытты. Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Орталық кеңесі ұйымдастырған бұл дәстүрлі турнир заң мен әділеттілікті ұстанатын барша жандардың бірлігінің, ұжымдық рухтың, салауатты өмір салтын ұстанудың символына айналған.

Спартакиада екі кезеңде өтті. Бірінші кезеңде өңірлер арасындағы аймақтық іріктеу жарыстары болып, онда жеңіс тұғырынан көрінгендер келесі кезеңде жарысқа түсті.

Қатысушылар спорттың тоғыз түрінен сайысып, әркімнің өз қабілеті мен қалауына қарай таңдау жасауына мүмкіндік алды. Жарыс бағдарламасында классикалық спорт түрлері де (волейбол, шағын футбол, үстел теннисі, теннис) және зияткерлік күш пен зейінді қажет ететін матчтар (шахмат, дойбы, бильярд), сондай-ақ ұлттық спорт түрлері – тоғыз құмалақ пен арқан тарту да қамтылған. Бұл қатысушыларға тек дене күшін, ептілік пен жылдамдықты ғана емес, мінсіз судья болмысын айқындайтын қасиеттер – интеллектуалдық қабілет, стратегиялық ойлау және эмоционалды жігерін ашуға мұмкіндік берді.

XI Республикалық Спартакиаданың қорытынды кезеңінің ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбеков, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы Н.Шәріпов, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы Д.Әмір, облыстық және оған теңестірілген соттар мен ведомстволардың төрағалары, Шымкент қалалық сотының судьялары қатысты. Сөз алғандар қатысушыларға сәттілік пен жоғары спорттық жетістіктер тілей отырып, мұндай бастама судьялардың денсаулығы мен дайындығын жақсарту мен кәсіби деңгейін көтеруге оң әсер етіп, сот жүйесінің қоғам алдындағы беделін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Судьялар одағының төрағасы Досжан Әмір: «Қазақстан Республикасы Судьялар одағының атынан 25-27 қыркүйек күндері өткен XI Спартакиадасының қорытынды ойындарының сәтті өтуімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын» дей келе, «9 спорт түрінен бақ сынап, жарыс көрігін қыздырған 20 команданың барша қатысушыларына зор алғысымды білдіремін! Бұл Спартакиада – тек спорттық жарыстардағы бәсеке ғана емес, сот жүйесінде қызмет ететін азаматтардың бірлігі мен татулығын, әділдігі мен табандылығын, салауатты өмірге деген ұмтылысын көрсеткен үлкен алаң болды. Сіздер әр спорт түрінде – футболда да, волейбол мен шахматта да, тоғыз құмалақ, бильярд, дойбы, үстел теннисі мен арқан тартуда да – нағыз командалық ұйымшылдықты көрсеттіңіздер. Әрбір ойында әділдік пен сыйластық салтанат құрды. Бұл – біздің кәсіби ұстанымдарымыздың спорт алаңында да өміршең екені тағы бір дәлелденді.
Спартакиада барысында танытқан белсенділік пен жоғары дайындық Сот жүйесі өкілдерінің жан-жақтылығын, рухани беріктігін көрсетті.
Сондай-ақ, бұл жарыстар тек жарыс қана емес, достықты нығайтқан, әріптестік қарым-қатынасты тереңдеткен ерекше сәттерге толы болды. Спорт арқылы да біз бір-бірімізді жақынырақ тани түстік, ортақ құндылықтар төңірегінде біріктік.
Аталған іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Шымкент қалалық сотының төрағасы Әділхан Шайхисламұлына және Шымкент қаласы Судьялар одағының филиал төрағасы Ғани Әбдікәрімұлына ерекше алғыс айта отырып, Судьялар одағы филиалдарының төрағалары мен облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағаларына, сонымен қатар, жарыстың жоғары дәрежеде өтуіне бірлікпен жұмыла атсалысып, әділ төрелік танытқан төрешілер құрамына, әр команданың белсенді қатысушыларына және техникалық-ұйымдастырушылық топқа ризашылығымды білдіремін. Олар ұйымдастырушылық қабілеттерін, бастамашылдығын және салауатты өмір салтына деген шынайы қызығушылығын көрсетіп, айрықша үлес қосты. Алдағы уақытта да осындай игі бастамаларда бірге болуға шақырамын» деп алғысын жеткізді.

Расында да спорт алаңдарында төрешілер бейресми жағдайда жарысып, жеңіс қуанышын сезініп қана қоймай, араласып, кәсіби байланыстарын нығайтып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Яғни, спартакиада судьялар тек үкім шығару құқына ие лауазым иесі ғана емес, белсенді және салауатты өмір салтын ұстанатын жан-жақты тұлға екенін көрсетті.

Ойындар соңғы сәттерге жақындаған сайын бәсекелестік рух айырықша жоғары болды. Трибуналар мен залдарда әр команданың ынталы жанкүйерлері ымырасыз шайқаста шыдамдылық пен табандылық танытып, әріптестеріне зор қолдау көрсетті. Жеке болсын, команда болсын әрбір ойын ұжымдық жұмысты, ұйымшылдықты және шынайы да жылы қолдауды қажет етеді. Бұған соңғы ойындар дәлел болды. Онда – рухы бір, жеңіске деген ынтасы ортақ командалар жеңіске жетті. Жалпы, барлық командалар жоғары дайындықтарын көрсете отырып, намысты лайықты қорғады, жеке спорт түрлерінен жүлделі орындарға ие болды.

Десе де жарыстың аты – жарыс. Онда әрине топ жарып, оза шапқандар болуы заңды. Судьялар одағының ХІ спартакиадасының жалпыкомандалық біріншілігінде Абай облысының судьялар командасы бірінші орынды иеленіп, тамаша жетістікке жетті. Астаналық судьялар екінші орынды еншілесе, Маңғыстау облысының қазыларына жалпы есепте үшінші орынды қанағат тұтуға тура келді. Барлық тоғыз спорт түрінен және жеке дәстүрлі категориялар бойынша қорытындылар шығарылды. Олардың әрқайсысы қиындықпен келген лайықты жеңістер болды.

Турнирдің жабылу салтанатында жеңімпаздар кубок, медаль және мақтау қағаздарымен марапатталды. Турнирді ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға кәсіби жұмыстарында да, спорт алаңында да табыс тіледі.

Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасы судьяларының дәстүрлі спартакиадасы дәстүрлі спорттық шара ғана емес, сонымен қатар денсаулықты нығайту мен салауатты өмір салтын ұстануда басты рөл атқаратын, әлеуметтік және корпоративтік мәні терең маңызды шараға айналды. Өйткені, судьялық кәсіпке қозғалыссыз өмір салты және шектен тыс зейін тән болғандықтан физикалық және психологиялық денсаулыққа теріс әсер етеді. Сондықтан спорттық жарыстар, мейлі волейбол, шағын футбол, шахмат, бильярд, арқан тарту және т.б. болсын, дене шынықтыруға септігін тигізіп, жаттығуға ынталандырушы күшке ие.

Судьяның денсаулығына қамқорлық – олардың кәсіби ұзақ өмір сүруінің, эмоционалдық тұрақтылығының, сайып келгенде, сот төрелігі сапасының кепілі. Мұны спорт арқылы қамтамасыз ету сот жүйесінің тиімділігіне тікелей әсер етеді. Сонымен қатар, бұл шараның маңызды әлеуметтік және символдық мәні бар.
