Қазақ «Тосылған судың тұнығы болмайды» дегенді тауып айтқан. Расында қозғалыс, ізденіс болмаған ортада даму болмайды. Осыған орай сот саласында да үнемі жаңашылдықтар, жаңғыртулар орын алып, тың бастамалар мен ілгері реформалар үздіксіз қолға алынып келеді.
Сот саласында қолға алынған реформалардың негізгі мақсаты – азаматтардың құқығы мен бостандығын мінсіз қорғауға, қызмет сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен бірге сот қызметіндегі ашықтық пен жеделдікті қамтамасыз етіп, сот процесін мейлінше оңтайландырудың маңызы зор. Эксаумақтық соттылық та – осы мақсатта сот жүйесіне енгізілген соңғы жаңашылдықтың бірі.
Азаматтық процестік кодекстен орын алған бұл жаңашылдық халықтың талап-тілегінің негізінде, көпшіліктің сотқа жүгіну механизмін жеңілдетуді көздеп отырғаны белгілі. Соған орай 2021 жылы 20 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданып, «эксаумақтық соттылық» ұғымы Азаматтық процестік кодексте заңдық тұрғыдан дәйектелді.
Осы ретте соттылықтың не екенін, қандай тәртіппен реттелетінін түсіндіре кеткеніміз жөн. Соттылық – бірінші сатыдағы соттарда қаралуға жататын істерді құзыреттілігі бойынша соттар арасында бөлу, яғни азаматтық істі қарауға тиісті нақты сотты белгілеу дегенді білдіреді. Соған орай Азаматтық процестік кодекстің 32-бабына сүйенген тараптар өзара келісім бойынша эксаумақтық соттылықты таңдай алады. Яғни, кодексте көрсетілгендей тараптар істі сот талқылауына дайындау сатысында, оның ішінде соттың іс жүргізуінде жатқан істер бойынша аумақтық соттылықты өзгерту, эксаумақтық соттылықты таңдау құқығына ие болады.
Әсіресе, жаңа технология жетістіктрі эксаумақтық соттылыққа байланысты мәселелерді оңтайлы реттеуге жол ашып отыр. Өйткені, азаматтар республиканың кез келген аймағындағы сотты таңдауға мүмкіндігі бар. Бүгінгідей онлайн соттарды өткізу қалыпты үрдіске айналып, бейнеконференц байланысы арылы процеске қашықтан қатысу қиындық келтірмейтін заманда эксаумақтық соттылықты қолдану өте тиімді. Бұл әрі тараптардың сот жұмысына, судьялар қызметіне деген сенімін нығайтады.
Сондай-ақ эксаумақтық соттылықтың көмегімен республика судьяларының жүктемесін бір жүйеге келтіруге болатынын да айта кеткен артық болмас. Жалпы бұл таңдау «Төрелік» ақпараттық жүйесі арқылы жасалады. Тараптар эксаумақтық соттылықты таңдаған жағдайда «Төрелік» жүйесі өтінішті бірден қабылдап, істі жүктемесі аз, дәл осындай істерді қарау құзыретіне кіретін соттарға бағыттайды. Осыдан кейін судья өндірістегі істің эксаумақтық соттылық бойынша қайда бөлінгені туралы бірден анықтама дайындайды. Әрі бұл электрондық іс дәл тіркелген күні ақпараттық жүйе таңдаған сотқа жіберіледі. Яғни, осыдан көріп тұрғанымыздай талап қоюшы нақты бір сотты өз қалауына сай таңдай алмайды. Тек талап қоюшының өтініші негізінде іс «Төрелік» ақпараттық жүйесі бойынша автоматты түрде бөлінеді және осы негізде соттың ұйғарымы шығарылады.
Әрине, эксаумақтық соттылықтың артықшылығын, маңызын білмейтін азаматтар да арамызда аз емес. Сондықтан, әрбір судья істі сот талқылауына дайындау барысында тараптарға эксаумақтық соттылықтың мәнін, оны қолданудың тәртібін түсіндіруі шарт. Егер тараптар істің эксаумақтық соттылық тәртібінде қаралғанын қаласа, бұл туралы істі қарағанға дейін өтініш білдіруі керек.
Эксаумақтық соттылықтың артықшылығы аз емес. Біріншіден, бұл тетік тараптарға уақыт, қаржы тұрғысынан қолайлы. Екіншіден, тараптар арасындағы келеңсіздікті азайтуымен құнды. Үшіншіден сот жүктемесін жеңілдетуімен тиімді. Осы тұрғыдан алғанда эксаумақтық соттылықты тараптардың мүддесі үшін енгізілген оң бастама деуге толық негіз бар.
Әлия Теберикова,
Батыс Қазақстан облысы
Тасқала аудандық сотының төрағасы