Заңды күшіне енген соттың шешімі міндетті түрде орындалуы тиіс. Себебі, сот шешімі орындалуымен құнды. Орындалмаса, оның бағасы да болмайды. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 241-бабында соттың шешімін орындауға жіберу тәртібі көзделген.
Шешімдер дереу орындалатын жағдайларды қоспағанда, заңды күшіне енгеннен кейін аталған кодексте белгіленген тәртіппен орындауға жіберіледі.
Соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін атқару парағы жазылып беріледі.
Ал, мүлік тәркіленген, мемлекет кірісіне өндірілген, сондай-ақ қылмыспен келтірілген нұқсан, алименттер, тарапы мемлекет болып табылатын мертігуден немесе денсаулыққа өзге зақым келуден, асыраушысынан айырылудан келтірілген зиянның орны толтырылған жағдайларда, сот өз бастамасымен ол жазылып берілген күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей атқару құжатын аумағы бойынша тиісті әділет органына не жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына орындауға жібереді.
Соттың дереу орындалуға тиісті шешімі бойынша атқару парағы шешім шығарылған күннен кейінгі жұмыс күнінен кешіктірмей жазылып беріліп,орындауға жіберіледі.
Атқару парағын бірінші сатыдағы сот шешімі заңды күшіне енген немесе іс жоғары тұрған соттан қайтарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жазып береді. Атқару құжаты судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылатын электрондық атқару құжаты нысанында жазылып берілуі мүмкін.
Соттың әрбір шешімі бойынша атқару құжаты беріледі. Атқару құжаты өндіріп алушыға беріледі немесе оның арызы бойынша тиісті әділет органына немесе сот орындаушыларының өңірлік палатасына орындау үшін жіберіледі.
Өндіріп алушының өтініші бойынша ортақ жауапкерлерден ақшалай сомаларды өндіріп алу туралы соттың шешімі немесе үкімі негізінде ортақ жауапкерлердің санына сәйкес келетін бірнеше атқару парағы берілуге тиіс. Әрбір атқару парағында өндіріп алынатын жалпы сомма, барлық жауапкерлерден және олардың ортақ жауаптылығы көрсетілуі керек.
Егер сот талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдаса, талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде қолданған шаралар және талап қоюды қамтамасыз ету үшін тыйым салынған мүліктің тұрған жері және оның сақталуына жауапты адамдар туралы мәліметтерді қамтитын құжаттардың көшірмелері атқару құжатына қоса беріледі. Атқару құжаты электрондық атқару құжаты нысанында жазып берілген жағдайда, талап қоюды қамтамасыз ету туралы құжаттар судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжаттар нысанында қоса беріледі.
Сот орындаушысы атқару құжаты орындалған жағдайда шешім шығарған сотты бұл туралы он жұмыс күні ішінде хабардар етуге немесе «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Респуликасының Заңында белгіленген мерзімі өткен соң орындалмау себептері туралы ақпарат беруге міндетті. Мәжбүрлеп орындатуға атқару құжаты ұсынылғанға дейін сот шешімін орындаған борышкер шешім шығарған сотты бұл туралы үш жұмыс күні ішінде хабардар етуге тиіс.
Көптеген жағдайда шешімдердің борышкерлердің мүлкінің, тұрғылықты жерінің жоқтығынан, мүлкі басқа елде тіркелгендіктен, басқа елге қоныс аударып, осындай жағдайда орындалмай немесе орындалуы ұзаққа созылып жатады. Осындай жағдайда сот шешімдерін орындау үшін жері бойынша, немесе мүлкі тіркелген жері бойынша, егерде басқа елде тіркелген болса халықаралық шарттар негізінде басқа елдің құзырлы соттарына өтініштер жолданып жатады. Ол үшін сол елмен Қазақстан Республикасы арасында келісім болса болғаны.
Соттың заңды күшіне енген шешімін орындамау заңда көзделген жауаптылыққа әкеліп соғады.
Д.Б. Джумагалиева, Ұлытау облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының әкімшілік жетекшісі