Қазіргі жаһандану дәуірінде азаматтық құқықтық қатынастар тек бір мемлекеттің шеңберінде ғана шектелмей, халықаралық сипатқа ие болуда. Осы ретте аумақтан тыс соттылық қағидаты (экстратерриториалдық юрисдикция) азаматтық істерді шешуде маңызды құқықтық кепілдіктердің бірі ретінде танылады.
Аумақтан тыс соттылық дегеніміз не? Аумақтан тыс соттылық — бұл бір мемлекеттің сот немесе құқық қорғау органдарының өзге бір мемлекеттің аумағынан тыс жердегі тұлғаларға немесе әрекеттерге қатысты сот ісін жүргізу құқығы. Яғни, бұл қағидат мемлекеттерге шетелде жүрген азаматтарына, заңды тұлғаларына немесе олардың әрекеттеріне байланысты сот әділдігін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (АПК) 34–37-баптарында қағидаттары көзделген.
Аумақтан тыс соттылық қағидаты бойынша Қазақстан соттары мынадай істерді қарай алады:
• Шетелде жүрген Қазақстан азаматтарының жеке немесе мүліктік құқықтарын қорғау туралы талаптар;
• Қазақстан аумағында орындалуға тиіс шарттардан туындайтын, шетелдік тараппен жасалған мәмілелер бойынша даулар;
• Қазақстан аумағында орналасқан мүлікке байланысты даулар, меншік иесі шетел азаматы болса да;
• Шетелде туындаған, бірақ Қазақстан заңнамасы мен мемлекеттік мүдделеріне қатысты азаматтық-құқықтық даулар;
• Неке бұзу, алимент өндіру, мұрагерлік және бала асырап алу сияқты отбасылық-құқықтық қатынастардағы даулар, егер тараптардың бірі Қазақстан азаматы болса.
Азаматтық құқықтағы аумақтан тыс соттылық қағидаты келесі жағдайларда көрініс табады: • Қазақстан азаматы шет мемлекетте азаматтық құқық бұзушылық жасаған немесе сол елде дау туындаған жағдайда, оның ісі Қазақстан сотында қаралуы мүмкін.
• Шет мемлекеттің азаматы Қазақстанда әрекетке қатысып, бірақ өзі елінен шықпай қойса, ҚР соттары аумақтан тыс юрисдикция негізінде істі қарастыра алады.
• Халықаралық келісімшарттарда немесе жеке шарттарда дау Қазақстан сотында қаралады деп нақты көрсетілген жағдайларда.
Аумақтан тыс соттылық қағидаты келесі құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз етеді:
1. Қолжетімді әділсот құқығы — тұлға қай жерде жүрсе де, өз мемлекетінен құқықтық қорғау ала алады.
2. Халықаралық азаматтық құқықтарды қорғау — азаматтардың шетелде де заң алдындағы теңдігі сақталады.
3. Шетелдік соттардың әділдігіне сенбеу тәуекелін азайту — кейбір елдерде сот процесі әділетсіз болуы мүмкін, мұндайда өз еліңнің сотына жүгіну мүмкіндігі — үлкен артықшылық.
Аумақтан тыс соттылық қағидаты тек ұлттық заңдармен ғана емес, халықаралық құжаттармен де реттеледі. Мысалы, 1965 жылғы азаматтық және сауда істері бойынша шетелдік тұлғаларға қатысты сот құжаттарын тапсыру туралы Гаага конвенциясы, сондай-ақ екіжақты құқықтық көмек көрсету туралы келісімдер осы қағидаттың жүзеге асуына құқықтық негіз қалайды.
Аумақтан тыс соттылық қағидаты — азаматтық істерде жеке тұлғалардың және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін халықаралық деңгейде қорғаудың маңызды тетігі. Бұл қағидат азаматтардың шетелде жүрсе де өз мемлекетінің қорғауында екенін білдіретін құқықтық кепілдік ретінде қызмет етеді. Сондықтан да бұл қағидатты құқықтық жүйеде бекіту және тиімді қолдану — әділ сот төрелігін қамтамасыз етудің өзекті шарты.
Қызылорда қалалық сотының судьясы Әлия Түбекбаева Бердібекқызы